Қымбатқа түскен түлектер кеші

сурет ғаламтордан

 

Әр оқу жылының соңында ел назарын еріксіз өзіне аударатын бір көрініс бар. Ол – мектеп бітіру кештерінің сән-салтанатқа ұласқан шеруі. Әлеуметтік желіні ашсаңыз болды, көз қарықтыратын көйлектер, қымбат көліктер тізбегі, мейрамханадағы даңғаза думан. Қарапайым қуаныштың орнын бәсекеге құрылған көрсетілім басқандай. Бір күндік әсер үшін ұйымдастырылған бұл көріністің артында ата-ананың маңдай тері, жылдар бойғы жинағы тұрғаны анық. Бірақ сол еңбек қандай құндылыққа қызмет етіп жатыр?

Бала үшін мектеп бітіру – өмірдің жаңа белесі. Он бір жыл бойы бірге өскен сыныптастармен қоштасу – жүрекке жылы, сағынышқа толы сәт. Алайда осы табиғи әсерді жасанды даңғаза алмас-тырып бара жатқан жоқ па? Қымбат көйлек кимесе, салтанатты мейрамханаға бармаса, «кем» көрінетіндей түсінік қалыптасып үлгерді. Бұл – қауіпті үрдіс. Себебі мұндай жарыс жас буынның санасына «құндылық қаражатпен өлшенеді» деген қате ұғымды сіңіреді. Ата-ана үшін баласының ешкімнен кем болмағаны маңызды. Бұл – табиғи тілек. Бірақ сол тілек кейде шектен шығып, ысырапқа ұласып кетеді. Бір күндік кешке жұмсалған қомақты қаржы – ертеңгі білімге, кәсіби дамуға, болашаққа салынатын инвестициядан артық болып бара жатқаны жасырын емес. Ал ысырапшылдыққа үйренген ұрпақ ертең жауапкершілік пен еңбектің қадірін қаншалықты сезіне алады.

Биыл елімізде 230 мыңнан астам түлек үлкен өмірге қадам басқалы отыр. Соның ішінде аудан бойынша 302 түлек бар. Бұл – тек статистика емес, әрқайсысы үміт пен сенім артылған тағдырлар. Сол сенімнің салмағы сән-салтанатпен емес, сана мен тәрбие арқылы өлшенуі тиіс. Осыны ескерген сала жауаптылары мәселені жүйелі түрде қолға алуға кірісті. Қазіргі таңда түлектер кешін өткізуге қатысты арнайы бұйрық жобасы әзірленуде. ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова атап өткендей, бұл бастама – жас ұрпақты ысырапшылдыққа емес, қарапайымдылық пен жауапкершілікке тәрбиелеудің тиімді жолдарының бірі болмақ.

– Біріншіден, мектеп бітіру кешіне байланысты қаражат жинауға тыйым салынады. Екіншіден, бұл талап нақты көрсетіліп отыр. Мектептен тыс жерлерде, ойын-сауық орталықтарында, мейрамханаларда бас қосуға рұқсат етілмейді. Осы талаптардың орындалуын Ішкі істер министрлігі қадағалайды. Мұндай шешім қабылдауға көп балалы ата-ананың Президентке жолдаған үндеуі де себеп болды. Атап айтқанда, Алматы қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде баласы оқитын мектепте әр оқушыдан 200 мың теңгеден ақша жиналып жатқанын айтып, өз наразылығын білдірген еді,-дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Бұл мәселеге түрткі болған жайт – көп балалы ананың Президентке жолдаған ашық үндеуі. Жұлдыз Сүлейменова көтерген бастама да осы жағдаймен астасып жатыр. Алматы қаласының тұрғыны әлеуметтік желі арқылы баласы оқитын мектепте әр оқушыдан 200 мың теңгеден қаражат жиналып жатқанын айтып, қоғам назарын аударған еді. Қаржы саласында отыз жылдық тәжірибесі бар ана бұл мәселені тек көтеріп қана қоймай, мектеп басшылығы мен білім басқармасына нақты әрі тиімді ұсыныстар да ұсынған. Алайда оның бастамалары ескерусіз қалған. Осы оқиғадан кейін құзырлы органдар тиісті шара қолданып, мектеп әкімшілігі мен аудандық білім бөліміне сөгіс жариялады. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып, мектеп бітіру кештеріндегі орынсыз шығын мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Осы ретте министр Жұлдыз Сүлейменова мектептерде ата-аналардан ақша жинауға мораторий енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, түлектер кеші даңғаза мен ысырапқа емес, мазмұн мен тәрбиелік мәнге құрылуы тиіс. Сондықтан биылдан бастап аттестат табыстау рәсімдерін қарапайым, бірақ мағыналы форматта өткізуді қолға алу қажет. Министр сондай-ақ егер ата-аналардан қаражат жиналып қойса, оны кері қайтару міндет екенін де қадап айтты. Бұл талап – білім беру жүйесінде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдардың бірі. Ал біздегі жағдай қандай?

Былтырғы бітіруші түлектердің мәліметіне сүйенсек, Аққыстау орта мектебінің шәкірттері үшін бұл кеш жыл сайын жергілікті тойханада өтеді екен. Мектепті енді ғана тәмамдағандар мен бүгінде студент атанғандарды қосқанда, шамамен 80-ге жуық жас жиналған. Әрқайсысынан 45 мың теңгеден қаржы жиналып, жалпы сомасы 3 миллион 600 мың теңгені құраған. Бір ғана кештің шығыны – тұтас бір тойдың құнымен пара-пар. Сырт көзге бар болғаны 2-3 сағатқа созылатын қызықты кеш сияқты көрінгенімен оның артында қомақты қаржы тұрғаны анық. Оның үстіне біз әлі костюм, көйлек, сәндену, басқа да жеке шығындарды есепке алған жоқпыз. Ал әр сыныпта әлеуметтік жағдайы әртүрлі отбасылар бар екені белгілі. Соған қарамастан, ата-ана баласының ешкімнен кем болмауын ойлап, барын салуға мәжбүр. Бір сәт ойлансақ, осы қыруар қаражатқа әлгі отбасылар үйіне айлап жететін азық-түлік алып, жақындарының ортасында қарапайым да шынайы шағын мерекелік кеш ұйымдастыруға болар еді. Мұндай шығындардың жыл сайын қайталанып қана қоймай, уақыт өткен сайын қаржысы  тіпті ұлғая түсуі де ғажап емес. Аудан орталығында түлектер саны көп болғандықтан жиналатын қаражат көлемі де қомақты көрінеді. Ал шалғайдағы Зинеден ауылында биыл 11-сыныпты небәрі 5 оқушы ғана тәмамдайды. Соған қарамастан, олардың да бітіру кешін тойханада өткізіп, ұстаздарына лайықты құрмет көрсеткісі келетіні анық. Ал, ата-ана не істемек?

Мұндай ысырапшылдықтың саябырсыған кезеңі, әрине, 2020 жылғы пандемия уақыты болды. Сол жылғы түлектердің бірі аққыстаулық Данияр Махмудовтың айтуынша, бастапқыда дәстүрлі бітіру кешінен қағылғандарына қапаланған. Алайда уақыт өте келе бұл жағдайға өкінбейтінін түсінген.

– Иә, біз еліміз үшін қиын кезеңде мектеп бітірдік. Тіпті сыныптастарымызбен бір сыныпта отырып, соңғы қоңырауды бірге қарсы алу да арман болып қалды. Бітіру кешінің өтпейтінін естігенде қатты қапаланғанымыз да рас. Өйткені мектепті адам өмірінде бір-ақ рет тәмамдайды. Алайда уақыт өте келе мұның да өзіндік дұрыс тұстары барын түсіне бастадық. Біріншіден, ел ішінде індетпен күрес жүріп, талай отбасы қайғылы жағдайды бастан өткеріп жатқан шақта думандатып тойлау орынсыз көрінер еді. Екіншіден, бүгінде өзіміз еңбек етіп, табыс таба бастағанда ақшаның оңай келмейтінін, ата-анамыздың біз үшін қаншалықты тер төгетінін ұғына түстік. Әрине, бітіру кешінің өткені жақсы, бірақ ол ысырапшылдыққа ұрынбай, ең алдымен мән-мағынасына басымдық бергені жөн деп есептеймін,-дейді ол.

Жоғарыда атап өткен министрлік бұйрығына сәйкес болса керек, ауданымыздағы бірқатар мектеп директорлары да әлеуметтік желілерде арнайы хабарламалар жариялай бастады. Онда нақты талаптар көрсетілген: мұғалімдерге сыйлық беру, қаражат жинау, аниматорлар мен түрлі студия, агенттіктерді шақыру; мектепке қажетті заттарға ақша жинау, автокөлік шеруін ұйымдастыру, ойын-сауық орындарына бару; дастархан жайып, қаражат жинау, табиғат аясына, өзен-көл жағасына немесе демалыс орындарына сая-хат ұйымдастыру – мұның барлығына қатаң түрде тыйым салынатыны ескертілген. Иә, талаптың болғаны дұрыс-ақ. Әрине оны тыңдайтын бала, орындайтын ата-ана болса...

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT