Ана – ұлттың ұйытқысы, отбасының шамшырағы. Қыз баланың бойына ізеттілік пен инабаттылықты, мейірім мен парасатты дарытатын ең алдымен – ана тәрбиесі. Бүгінде қоғамда рухани құндылықтарды жаңғыртып, ана мен қыз арасындағы сабақтастықты нығайту маңызды міндеттердің біріне айналып отыр. Осы мақсатта аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық білім бөлімінің ықыласты қолдауымен, аудандық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ана тәрбиесі – қызға өнеге» атты аудандық форум өтті.
Тағылымды шараның шымылдығын Ғатау Рамазанов атындағы Аққыстау халық театрының әртістері әсерлі көрініспен ашып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Көріністе ананың мейірімі мен тәрбиесінің ұлт болашағындағы маңызы тереңінен суреттелді. Шараға жиналған көрерменнің өзі ерекше еді. Залда ақ жаулық-ты аналар мен ибалы қыздар қатар отырып, тағылымды басқосудың мәнін арттыра түсті. Форумды ұлағатты ұстаз Сағия Кемпірбаева мен журналист Орынгүл Төремұратқызы жүргізіп, ана мен қыз үндестігінің жарасымды үлгісін көрсетті. Алғашқы сөз кезегі аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Қайдар Нұрия Хамзақызына берілді.

Бүгінгі форум – тек кездесу ғана емес, ұлт тәрбиесіне арналған маңызды алаң. Ана тәрбиесі арқылы біз ұлттың болашағын қалыптастырамыз. Қыз бала – ертеңгі ана, бір әулеттің ғана емес, тұтас қоғамның айнасы. Сондықтан қыз тәрбиесіне бейжай қарамай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре білуіміз қажет. Осындай тағылымды шараға қатысып отырған баршаңызға алғыс білдіремін, – деді ол.
Форумның алғашқы спикері аудандық Отбасын қолдау орталығының директоры Гүлнара Саматқызы болды. Ол өз сөзінде аудан көлемінде отбасы құндылықтарын нығайту, ұл-қыз тәрбиесіне қатысты жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ата-ана тәрбиесінің қоғамдағы рөлі туралы ой бөлісті. Келесі кезекте сахна төріне термеші ұстаз, өнер мектебінің мұғалімі, көп балалы ана әрі ибалы келін Әсем Бахитова көтерілді. Ол тағылымды әңгімесінде өнерден бұрын ене мен келін арасындағы сыйластық пен түсіністіктің маңызын кеңінен қозғады. Сонымен қатар қызы екеуі бірге өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Форум барысында «Алтын алқа» иегері, қолөнер шебері Жанар Амангелдіқызы да өз өмір тәжірибесімен бөлісті. Ол аналық мейірім мен қолөнердің қатар өрілген өмір жолын әңгімелеп, қызымен бірге кәсіп бастаудың тек табыс көзі емес, рухани байланысты нығайтатын үлкен құндылық екенін айтты.Форумның ерекше сәттерінің бірі спикердің жан-жақта жүрген қыздары тосын сый жасап, сахнаға көтеріліп, аналарына гүл шоқтарын табыстаған сәтте көрермен жүзінде мейірім мен қуаныштың лебі сезілді. Форумда жүргізуші Орынгүл Төремұратқызы да спикер ретінде сөз сөйлеп, қазақ тарихындағы әр салада із қалдырған тұңғыш қазақ әйел тұлғаларын атап өтті. Шара аясында Отбасын қолдау орталығының психологі Ботагөз Саясатқызы қатысушылармен психологиялық тренинг өткізіп, ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған пайдалы кеңестерімен бөлісті. Форум соңында LED экранға арнайы QR-код ұсынылып, қатысушылар тарапынан 60-қа жуық сұрақ қойылды. Көпшілігі қыз тәрбиесі, отбасылық құндылықтар және ұлттық тәрбиеге қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Тағылымға толы басқосу ананың тәрбиесі ұлт тәрбиесінің негізі екенін тағы бір мәрте айқындап берді. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ана мен қыз арасындағы рухани байланыс-ты бекемдеуге бағытталған мұндай шаралардың қоғам үшін маңызы зор екені анық.


