Аудан аумағында қолға алынған әрбір жоба мен бастама – өңірдің ертеңіне бағытталған нақты қадам. Бұл тек құрылыс не жөндеу жұмыстары ғана емес, елдің тұрмыс сапасын арттырып, болашаққа деген сенімін нығайтатын маңызды істер легі.
Осы мақсатта Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиев арнайы іссапармен ауданға келді. Сапардың мәні – қағаз жүзіндегі жоспарлармен шектелмей, жол инфрақұрылымының нақты жай-күйін көзбен көріп, қордаланған мәселелерге сол жерде шешім табу.
Іссапардың алғашқы бағыты – Нарын құмының қақпасы атанған Қызылүй елді мекені. Құмды өңірдің күретамырына айналғалы тұрған бұл жол – ел көптен күткен ірі жобалардың бірі. Бұл бастама аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің Исатай ауданы тұрғындарымен кездесуінде берген тапсырмасынан кейін нақты іске кіріскен. V санатты құрайтын қатқыл табанды жол – жай ғана қатынас құралы емес. Ол – шалғайдағы елді мекендерді байланыстырып, кәсіпкерлікке жол ашатын, әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін беретін өмірлік маңызы бар арна. Жол бағытын нақтылау барысында мердігер мекеме өкілдері мен аудан басшылығы өзара пікір алмасып, тиімді шешімдер пысықталды.

Сонымен қатар құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындарды тарту мәселесі де ерекше назарға алынды. Бұл – бір жағынан жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан тұрғындардың туған жердің дамуына тікелей үлес қосуына жол ашады. Аудан басшысы Нұрым Мусин жоба бойынша жолдың құрылысы жүретін аралықтағы су көп жиналатын, әлсіз тұстарын көрсете отырып, қосымша жұмыстар жүргізуді ұсынды.

Іссапар барысында аудан орталығы – Аққыстау ауылы да назардан тыс қалмады. Мұнда орталық көшені жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланып отыр. Ал күн жылына салысымен, көптен бері тұрғындардың мазасын қашырып келген Ынтымақ көшесіне басталған жол құрылысымен де танысты. Шаңға тұншыққан көше жақын уақытта жаңарып, ел игілігіне қызмет ететін болады. Аудан орталығында былтыр күзде басталған 12,1 шақырымды құрайтын ауылішілік жол құрылысы жүріп жатыр.

Делегация бұдан кейін Исатай ауылына барып, ауылішілік жолдардың жай-күйімен танысты. Жергілікті халықтың көптен бері көтеріп жүрген мәселесінің бірі – 8,6 шақырымды құрайтын ішкі жолдарды қайта жаңғырту. Бұл мәселе де назардан тыс қалмай, алдағы уақытта нақты жүзеге асатын жобалардың қатарына енгізілді. Іссапар қорытындысы аудан әкімдігі ғимаратында өткен арнайы жиында түйінделді. Мердігер ұйым өкілдері қатысқан басқосуда әр мекеменің міндеті мен жауапкершілігі нақты айқындалып, атқарылатын жұмыстардың сапасы мен мерзімі қатаң бақылауда болатыны ескертілді.

Жалпы, қолға алынған бұл жобалар – ауданның инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, елдің тұрмыс-тіршілігін жеңілдетуге бағытталған жүйелі жұмыстардың көрінісі. Жол – тек бағыт емес, ол – дамудың даңғылы. Ал сол даңғылдың салынуы – ел еңсесінің көтерілуіне бастайтын берік негіз.
Еркебұлан УАЛИТХАН

