Қызылқоғалық мұғалім Исатайға келіп шеберлігін шыңдады

 

Сән әлемі – сұлулық пен талғам тоғысқан, адамның ішкі қалауына сыртқы сипат беретін ерекше өнер. Бұл салаға әдетте нәзікжандылар ғана жақын көрінгенімен, сән тарихына көз жүгіртсек, оның өркендеуіне ер азаматтардың да қосқан үлесі аз емес. Өйткені әсемдікті сезіну – қалыпқа сыймайтын қасиет. Ол талғамды, ұқыптылықты, ізденісті және шығармашылық еркіндікті қажет етеді. Бүгінде белгілі бір өнерді меңгеріп қана қоймай, оны шағын кәсіпке айналдырып, өз ісін бастауға мүмкіндік мол. Әлеуметтік желідегі бейнесабақтар мен шеберлік курстары жаңа дүниеге қызыққан адамға алғашқы қадам жасауға жол ашса, еңбек пен табандылық сол қызығушылықты кәсіпке ұластыруға мүмкіндік береді. Кейде адамның өміріндегі үлкен өзгеріс дәл осындай шағын қадамнан басталады. Қызылқоға ауданының тумасы Ернұр Жеңісовтің шаш сәндеу өнеріне келу жолы да осындай қызығушылықтан басталған. Алғашында әуестік ретінде көрінген іс уақыт өте келе кәсіби бағытқа айналып, Ернұр бұл саланы тереңірек меңгеруге бел буды. Өйткені оның мақсаты тек жаңа өнерді үйренумен шектелмей, меңгерген кәсібін табыс көзіне айналдырып, өз ісін қалыптастыру еді. Осы мақсатпен ол Исатай ауданына арнайы келіп, Аққыстау ауылында шаш сәндеу өнерінің қыр-сырын үйренуге кірісті. Қолына қайшы мен тарақ ұстаған алғашқы қадамдар бірте-бірте кәсіби шеберлікке ұласып, бүгінгі таңда оның алдында шағын кәсіпті дамытып, өз орнын қалыптастыруға деген жаңа мүмкіндік тұр.

 

 

Ернұр Жеңісовтің негізгі мамандығы – мұғалім. Қарабау ауылдық округіндегі Қарабау орта мектебінде көркем еңбек пәнінен сабақ беріп, оқушыларға шығармашылықтың қыр-сырын үйретіп жүрген ол соңғы уақытта өзі де жаңа өнерді меңгеруге ден қойған. Шығармашылыққа жақын маман ретінде шаш сәндеу ісіне деген қызығушылығы біртіндеп артып, әуестік уақыт өте келе қосымша кәсіпке айнала бастаған. Исатай ауданын таңдауының да өзіндік себебі бар. Жұбайы Райхангүл Қапажанова – Аққыстау ауылының тумасы. Бүгінде ерлі-зайыпты үш бала тәрбиелеп отыр. Аққыстауға жиі келіп жүрген Ернұр үшін бұл ауыл тек отбасы үшін жақын мекен ғана емес, жаңа кәсібінің бастау алған жеріне де айналды.

 

 

Ернұрдың айтуынша, әлеуметтік желіден шаш сәндеу курстары туралы бейнероликтерді жиі көруі оның осы салаға деген қызығушылығын оятқан. Жаңа дүниені өз бетімен үйренуге деген талпынысы уақыт өте келе нақты мақсатқа ұласып, кәсіби шеберден тәжірибе алуға шешім қабылдайды. Осылайша ауданда көпшілікке танымал шебер Гүлбар Жұмағалиеваның екі күндік курсын оқып, түрлі техникаларды меңгеріп, кәсібінің қыр-сырын тереңірек үйренген. 

 

 

– Кейбіреулер қол үйрету үшін манекенге немесе қасындағы адамдарға жасап көріп жатады. Ал мен бірден ауылдан тапсырыс қабылдап кеттім. Осылайша алғашқы шаш үлгісін қалыңдыққа жасадым. Содан кейін ауыл арасында тапсырыстар бірінен соң бірі түсе бастады. Қазір қызығушылық танытып, алдын ала жазылатын ауыл тұрғындары бар. Кейде үйімде қабылдаймын, кейде тапсырыс берушінің қалауына қарай өз үйіне барып қызмет көрсетемін. Жалпы, бұл өмірде ізденген, талпынған, еңбектенген адам ғана өз мүмкіндігін кеңейте алады.  «Заманына қарай – бөркіңді ки» деген ұғым да осыны меңзейді. Бір орында тоқтап қалмай, әр саладан хабардар болып, жаңа дүниеге қызығушылық танытудың адамға тек пайдасы тиеді. Бастысы – үйренуге деген ниет пен әрекет болуы керек, – дейді кейіпкеріміз.

 

 

«Жігітке жеті өнер де аз» деген сөз Ернұрдың ісінен де көрініс табады. Негізгі кәсібін ұстаздықпен ұштастыра жүріп, жаңа өнерді меңгеруге талпынуы – өз мүмкіндігін бір ғана мамандықпен шектемей, еңбегіне жаңа бағыт қоса білгенінің көрінісі. Ауылдағы алғашқы тапсырыстан басталған іс бүгінде сұранысқа ие қосымша кәсіпке айналып келеді. Ал алдағы мақсаты – осы кәсібін кеңейтіп, жеке сұлулық салонын ашу.

 

 

Елімізде шағын кәсіп бастауға ниетті азаматтарға түрлі қолдау тетіктері мен мемлекеттік бағдарламалар қарастырылған. Бәлкім, Ернұрдың бүгінгі шағын хоббиі сол мүмкіндіктердің бірін пайдаланып, ертең өз алдына жеке кәсіпке айналар. Ең бастысы – алғашқы қадам жасалды. Ал ізденіспен басталған істің өрісін кеңейтуге мүмкіндік әрдайым бар. Бір кездері әлеуметтік желіден көрген бейнесабаққа қызығудан басталған іс бүгінде нақты кәсіптің негізіне айналып келеді. Бұл – қызығушылықты іске, ал шағын істі болашақ кәсіпке айналдыруға болатынының бір мысалы.

 

 

Сағыныш ҚАЙЫР

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT