Көзілдірікке ерте жүгінудің себебі неде?

 

Көздің көру қабілетінің төмендеуі қазір тек егде жастағыларға тән мәселе емес. Көз дәрігерінің қабылдауында жастардың, тіпті мектеп жасына жетпеген балалардың да қарасы көбейген. Ұзақ уақыт бойы смартфонға үңілу, экранға шамадан тыс тәуелділік көру мүшесіне түсетін салмақты арттырып отыр. Осы мәселенің жай-жапсарын білу үшін аудандық ауруханасына арнайы барып, сегіз жылдан астам уақыттан бері тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп келе жатқан офтальмолог дәрігер Жанболат Қанатовпен сұхбаттастық.

– Жанболат Дәрменұлы, аудан тұрғындары көз ауруының қай түріне жиі шағымданады? Көздің көру қабілетін сақтау үшін не істеу керек?

– Аудан тұрғындары көбіне көздің нашар көруіне, алыстан немесе жақыннан көрмеуге (миопия, гиперметропия) шағымданады. Бұдан бөлек, жас ұлғайған сайын кездесетін көздің бұлыңғырлануы (катаракта) мен көз қысымының көтерілуі (глаукома) да жиі тіркеледі. Соңғы кезде телефон мен компьютерді ұзақ пайдаланудан болатын «құрғақ көз синдромы», көздің құрғауы және конъюнктивит сияқты аурулар да жиі кездеседі. Көздің көру қабілетін сақтау үшін телефон немесе компьютер қолданғанда әр 20–30 минут сайын экраннан көзді алып, алысқа қарап демалдырып, жарыққа көңіл бөлу қажет. Қараңғыда телефонға үңілмей, оқитын немесе жұмыс істейтін жердің жақсы жарықтандырылуын қадағалаған жөн. Экран мен көздің арасы кемінде 30-40 см болуы керек. Сонымен қатар, сәбіз, балық, көкөніс сияқты дәруменге бай пайдалы тағамдарды тұтынып, суды жеткілікті ішкен дұрыс. Күнге шыққанда сапалы күннен қорғайтын көзілдірік киіп, шағым болмаса да, жылына бір рет офтальмологқа қаралған абзал.

 

 


– Көзілдірікті үнемі киіп жүру көз ауруларының асқынуын белгілі бір дәрежеде тоқтата ала ма? Көз ауруларының жасарып кеткені рас. Мектеп жасына жетпей-ақ көзілдірік тағатын балаларды жиі кездестіреміз. Осы ретте ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Көзілдірік көз ауруын толық емдемейді әрі оның дамуын тоқтатпайды. Оның негізгі қызметі – көруді түзету және көзге түсетін артық салмақты азайту. Көзілдірікті тұрақты тағу көздің талуы мен шаршауын, сондай-ақ соған байланысты бас ауруын азайтуға көмектеседі. Сондықтан көзілдірік – емдейтін дәрі емес, көзге дұрыс фокус беріп, көру жүктемесін жеңілдететін көмекші құрал. Ата-аналар баланың көз саулығына ерте жастан көңіл бөлуі керек. Ең алдымен, гаджет қолдану уақытын шектеген жөн: 3 жасқа дейінгі балаға экран көрсетпеу, ал мектеп жасына дейінгі балалардың экран алдында өткізетін уақытын күніне 30–40 минуттан асырмау қажет. Сонымен қатар, бала күн сайын кемінде 1,5–2 сағат таза ауада, табиғи жарықта ойнауы керек. Кітап оқығанда немесе сурет салғанда көз бен заттың арақашықтығы кемінде 30 см болғаны дұрыс, ал бөлме жарығы жеткілікті болуы қажет. Бала көзін сығырайтып қарай бастаса, кітапқа, киімге немесе экранға тым жақындай берсе, офтальмологқа көрсеткен жөн. Ешқандай шағым болмаса да, баланың көру қабілетін жылына бір рет маманға тексертіп тұрған дұрыс.


– Көпшілігіміздің уақытымыз компьютер алдында өтеді. Осы орайда қандай сақтық шараларын қолданған жөн, қандай жаттығулар жасаған дұрыс?

– Компьютер алдында ұзақ отыратындар үшін ең бастысы – көзге түсетін жүктемені азайтып, оған уақытылы демалыс беру. Ол үшін «20-20-20» ережесін сақтаған дұрыс: әр 20 минут сайын 20 секунд бойы шамамен 6 метр қашықтықтағы бір затқа қарап, көзді демалдырыңыз. Монитор көзден 50-70 см қашықтықта және көз деңгейінен сәл төмен орналасуы керек. Экранға қарағанда көзді жиі жыпылықтату да маңызды, өйткені бұл көздің құрғауын азайтады. Сондай-ақ тым жарық немесе қараңғы бөлмеде жұмыс істемей, бөлме жарығы мен экран жарығының шамалас болуын қадағалаған жөн. Көзді демалдыру үшін қарапайым жаттығулар жасауға болады. Мысалы, көзді ашық күйде оңға-солға, жоғары-төмен және шеңбер бойымен 5–6 рет қозғалтуға болады. Алыс-жақынға қарау жаттығуында сұқ саусақты мұрынға жақындатып, алдымен саусаққа, кейін бөлменің ең алыс нүктесіне кезекпен қарап, 10 рет қайталау қажет. Сондай-ақ «пальминг» әдісін қолдануға болады: екі алақанды бір-біріне ысқылап жылытып, көзді жұмып, алақанмен көзді шамамен 1 минут жауып отыру керек.

 

 


– Көз – адамның көру мүшесінің ең нәзік бөлігі. Жанарыңның жарқырап тұрғаны денсаулығыңның жақсы екенін көрсетеді. Ал сол жанарды сақтауға қандай кеңес берер едіңіз?

– Жанардың саулығы мен мөлдірлігін ұзақ жылдарға сақтау үшін мынадай алтын ережелерді орындаған абзалырақ:  Ең бастысы көзге жүйелі демалыс беріңіз: Компьютер мен телефонда жұмыс істегенде әр 20–30 минут сайын 20 секунд бойы алыстағы бір затқа қарап, көз бұлшықеттерін босаңсытыңыз. Табиғи жарық пен таза ауа-ны үнемі бағалаңыз: Күніне кемінде 1–2 сағат далада болып, табиғи жарықта серуендеу, ол көздің шаршауын жазады.  Дұрыс тамақтаныңыз: Күнделікті мәзіріңізге А, С, Е витаминдеріне және Омега-3-ке бай сәбіз, балық, көкөністер мен жаңғақты қосып, суды жеткілікті ішіңіз. Қатаң түрде ескерту, өз бетіңізбен емделмеңіз: Көз қызарса немесе жайсызданса, дәріханадан кез келген тамшыны тамыза салмаңыз. Әр дерттің өз емі бар. Дәрігерге көрініп тұрыңыздар: Шағымыңыз болмаса да, жылына бір рет Офтальмологке барып, көз қысымы мен көру өткірлігін тексертіп тұруды әдетке айналдырыңыздар. Жанар — ол адамның көңіл-күйі мен ішкі денсаулығының айнасы. Мына жарық дүниенің бар сұлулығын өз көзіңізбен көріп, өмірдің әрбір сәтінен қуаныш табу — ол баға жетпес бақыт қой. Сол себепті көзіңізге күтім жасауды ертеңге қалдырмай, дәл бүгіннен бастаңыз. Мөлдір де анық жанарыңыз сізді өмір бойы қуанта берсін!


–Уақыт бөліп пайдалы кеңес бергеніңізге рақмет!

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT