Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен жастар арасындағы дзюдодан әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін тарихи жетістікпен аяқталды. Ел намысын қорғаған жас дзюдошылар жалпы есепте 4 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, қоржынға 11 жүлде салды. Оның ішінде аралас командалық жарыста Қазақстан құрамасы тұңғыш рет әлем чемпионы атанды. Жас спортшылардың бұл жеңісі ел көлемінде жоғары бағаланды. Тарихи нәтижеге орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев чемпиондарды құттықтап, олардың спорттағы жолына сәттілік пен жаңа биіктер тіледі. Осы айтулы жеңіске жерлесіміз, Зинеден ауылының тумасы Інжу Жұмажан да өз үлесін қосты. «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының түлегі 57 келі салмақта сынға түсіп, әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді.
Әлем чемпионатынан елге оралған Қазақстан құрамасын Алматы әуежайынан жанкүйерлер құшақ жая қарсы алды. Әлемдік додадан олжалы оралған жас спортшыларға көпшілік ыстық ықыласын білдіріп, жеңістерімен құттықтады. Алматыдан кейін жас дзюдошылар елорда – Астанаға жол тартты. Мұнда әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғаған спортшыларды Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі қабылдап, айтулы жетістіктерімен құттықтады. Бұл – спортшы үшін үлкен марапаттың бірі. Себебі жеңістің бағасы тек медальмен өлшенбейді. Оның артында елдің үміті, жанкүйердің сенімі, ата-ананың қолдауы мен бапкердің еңбегі жатыр.

Жеңіспен елге оралған жерлесімізді бейсенбі күні кешке аудан әкімі Нұрым Мусин бастаған аудан жұртшылығы, спорт мекемелерінің өкілдері, спорт жанашырлары мен жанкүйерлер Атырау қаласының Хиуаз Доспанова атындағы әуежайында арнайы сән-салтанатпен қарсы алды. Жиналған көпшілік жас чемпионға ақжолтай тілегін білдіріп, шашу шашты. Домбыра мен дауылпаз үнімен қарсы алып, ұлттық дәстүрді дәріптеген жұртшылық шұбат пен бауырсақ ұсынып, әлемдік додада ел абыройын асқақтатқан спортшыға деген ыстық ықыласын жеткізді.

Інжудің жеңісі – аудан спортының дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтар үшін де ерекше қуаныш. Солардың бірі – 2017-2025 жылдары «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубын басқарып, шалғай ауылдарға жаттықтырушылар жіберу арқылы жас таланттарды спортқа тартуға бастамашы болған, бүгінде Исатай аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Асхат Жұмабеков.

Ол үшін бұл жеңістің орны бөлек. Өйткені бүгінде әлемдік татамиде ел намысын қорғап жүрген Інжу – кезінде дәл осы спортклубында тәлім алған шәкірт. Ал оның жеке жаттықтырушысы Тұрар Ризуанов та – осы спорт мектебінен түлеген маман әрі Асхат Жұмабекұлының төл шәкірті. Яғни бір кездері ауылдағы спортты дамытып, жасөспірімдерге жол ашуды мақсат еткен азаматтардың еңбегі бүгінде әлемдік деңгейдегі жеңіспен жалғасып отыр.
– Олимпиадалық спорт түрі – дзюдодан әлемдік додада жүлдегер атану оңай шаруа емес. Өйткені олимпиадалық спорт түрлері қашанда бап пен бақты, табандылық пен тынымсыз еңбекті талап ететін, оңай шағылатын жаңғақ емес. Сондықтан Інжудің бұл жеңісі мен үшін ерекше ыстық. Бір кездері ауылдардан балалар жинап, оларды спортқа баулып, үлкен додаларға шығарамыз деген арманымыз болатын. Бүгінде сол арманның шындыққа айналғанына куә болып отырмыз. Әсіресе өзіміздің шәкіртіміздің әлем чемпионатында жүлде алуы – үлкен мақтаныш.Ең бастысы, бұл жетістік кейінгі буынға жол көрсетеді. Бүгінгі жасөспірімдер Інжуге қарап, өздерінің де әлемдік аренаға шығуға мүмкіндігі бар екенін сезінеді,- дейді ол.
Иә, Інжудің жеңісі – аудан спортының жаңа белеске бет алғанын аңғартатын жарқын нәтиже. Ал әлемдік татамиде тағылған бұл медаль туған жердің спорт тарихында өз ізін қалдырып, жаңа жеңістерге бастар жолдың берік негізіне айналары сөзсіз.



