Үлгісі көп үлкендер

 

Ардагерлер – ел қамын ойлап, намысын қорғаған және қоғамға елеулі еңбек сіңірген құрметті, қадірлі, сыйлы адамдар. Басқа жерлердегідей, біздің аудандағы ардагерлер санаты да Ұлы Отан соғысының қатысушылары, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері (мәселен, ауған соғысына қатысушы) жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген ардагерлер, еңбек ардагерлері болып жіктелді. Алайда сол аға буын өкілдерінің бәрінің де мақсаты ортақ, тілегі бір.

Жалпы, аудан бойынша алғанда құрметті еңбек демалысына шығып, ардагерлер ұйымы мүшелері болып есептелетін 2500-ден астам адам бар. Олардың ішінде 50-ден астамы тыл ардагерлері. Ауған соғысының ардагерлері - 6 адам, Чернобыль апатын жоюға қатысушылар - 6 адам, Таулы Карабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер - 12 адам, тәжік-ауған учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі міндеттерін атқарған әскери қызметшілер - 9 адам және Семей ядролық сынақ полигонында, сондай-ақ, оған қатысты аймақтарда әсери борышын өтегендер бар.

Аудандағы ардагерлер ұйымы құрамына 7 ауылдық округтегі бастауыш ардагерлер кеңесі, 5 салалық ардагерлердің бастауыш салалық ұйымдары кіреді. Ардагерлеріміз өздеріне тиісті зейнетақыларынан басқа мемлекет жанынан түрлі жеңілдіктер де алып жүр.

Біздің аға буын өкілдерінің «Мирас» домбырашылар ансамблі ауылдарда концерттер қойып, әжелер ансамбльдері ауылдың, ауданның түрлі шараларында өнер көрсетіп, конкурстарға қатысып, жас ұрпаққа үлгі болып келе жатқаны да сүйінішті жайт деп білеміз. Атырау облыстық ардагерлер ұйымының басшылығымен құрылған «Билер кеңесі» ауданда жұмыс жасайды. Оның мүшелері арасында Г.Кабулова, А.Ибатов, К.Нұрмановалар барынша белсенді жұмыс істеуде.

Шындығы керек, зейнет жасына жеткен әр адамның алдымен ойлайтыны – деннің саулығы. Осы ретте өз денсаулығын күтуде өзгелерге үлгі болып жүрген ардагерлер де аз емес. Олар ерте тұрып жүгіріп, жүріп, жаттығу жасап, басқаларға өнеге көрсетумен өз қатарларына тартып келеді. Сондай ардагерлер қатарында С.Қабделов, И.Қаражанов, Қ.Сдихов,  Н.Сұлтанова, Б.Лұқпанова, Т.Смадиярова, А.Елешова, тағы басқаларды айтуға болады, олардың жалпы саны тек Аққыстау ауылының өзінде 50 адамға жуықтайды екен.

Елдің ынтымақ-бірлігін, тұрмыс-тірлігін ойға алып, өздерін оның жақсы жағынан көрінуіне жанашыр ретінде таныта біліп, ауылдың, ауданның өзекті мәселелерін көтеріп, түрлі жиындар мен кездесулерде мәселе қозғап жүрген ардагерлеріміз де басқаларға үлгі. Олардың қатарында Б.Халидуллин, К.Әбілхасанов, С.Қабделов, Қ.Мұқтаров және басқаларын айтуға болар еді.

Ауданның ардагерлер ұйымының ұйытқы болуымен ардагерлер арасында бильярдтан, шахматтан, үстел теннисінен өткізіліп жүрген жарыстардағы аға буынның белсенділігі де құптарлықтай. Бұл да біздің аға буын өкілдернің өздерін бір сәт те қоғамнан тысқары қоймайтынының көрінісі деп есептейміз. Енді алдағы сейсенбіде, яғни 29 қыркүйекте аудан әкімінің қолдауымен ауданда алғаш рет спорттың 5 түрі бойынша Ардагерлер спартакиадасы өтпекші.

Иә, үлкендеріміздің үлгі тұтар ісі көп деуге болады. Олардың ұлағатты өмірі өскелең ұрпаққа өнеге болып, ел дамуына өз үлестерін әлі де қоса беруге тырысатыны мақтанышпен айтуға тұрарлық. Әрине, қазіргі уақытта оларға мүмкіндігінше қолдау жасап отыру да артық етпейді. Сол себепті де Қарттар күні қарсаңында ауданымыздың әр ауылындағы көмек керек ететін қарттарымызға көмек көрсетіліп, қамқорлық жасалып жатса, нұр үстіне нұр.

Ерболат НАСИМУЛЛИН,
аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT