Сонау 1986 жылдың қысы болатын. Ел аузында ерекше ерлік жасаған жылқышы келіншек туралы әңгіме гуледі. Одан бері арада дәл қырық жыл уақыт өте шығыпты...
Әлила Бимурзина 1957 жылы құм өңірінде дүниеге келген еді. Әкесі Жоламан кеңшарда есепші болып жұмыс жасайтын да, анасы Париха үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысатын. Құмды ауылдың ұл-қыздары еңбекқор, малсақ, төзімді болып өседі. Балықшыдағы аға-жеңгесінің үйінде тұрып, осындағы орта мектепті 1975 жылы бітірген Әлила да қиындықтан қашпайтын қайсар бойжеткен болып жетілген.
Ол 1980 жылы тұрмыс құрып, Чапаев атындағы кеңшардың белгілі малбегі Иса мен Мүслиманың шаңырағына келін болып түсті. Ата-енесі жалғыз ұлдарына осындай жанның кезіккенін қуаныш еткен.
-Ол кезде атам жылқы бағатын. Атакүлдік саналатын Сарытөбе деген жерде отырдық,-дейді Әлила. Кейін қарттар зейнеткерлікке қалды, шаруа тізгіні аға жылқышы Ғалымжан мен көмекші жылқышы Әлиланың қолына көшті.
1986 жылдың қақаған қысы болатын. Аға жылқышы Ғалымжан облыс орталығы - Гурьевке етке тапсыратын жылқыларды айдап кетіп, шаруада Әлиланың бір өзі қалған күндер еді. Айнала аппақ қар. Сол күні қалың тұман түсіп кетпесі бар ма. Шаруада жалғыз жүрген келіншек құрықты қолға іліп алып, өрістегі жылқыға өзі кеткен. Қасында қасқыр алып жүрген иті, ол да болса бұған ес. Тебіндегі үйірді түгендеп жүріп қалған, тұман да қалыңдап, аспан мен жер бір түске еніп алды. Тіпті бағыт-бағдарыңды айқындап алуың қиын.
Кейде еріне өріске ере шығып, айналаны бажайлап үйренген Әлила бағытынан жаңылмас та еді, егер ойда жоқта үйірді қамаған топ қасқыр тап болмағанда. Бастапқыда түз тағысына бой берместей көрінген иті де олардың көптігінен қорқасоқтап қалғандай қасынан ұзамайды. Түн қойнауында топ қасқырдың қоршауындағы үйір жылқыға бір өзі ғана ие болып қалған ол ат үстінде құрығын көлденең ұстай айғайлап, үйірді айнала жүріп алды. «Шыдау керек!» Оның бар ойы осы болды. Қалай болғанда да қоғам малын аман сақтауды, азаматының атына да кір келтірмеуді бір сәт естен шығармаған көмекші шыдап бақты. Алдындағы малдың амандығын ойлап, таңғы аязды да елемеді. Ағарып таң да атып, жылқыдан көз жазбаған Әлила онымен бірге жылжи берді.
Көмекші жылқышының өрістегі жылқыға шығып кетіп, үйге оралмай қалғаны туралы хабар жеткен жерін бейжай қалдырмаған. Естіген жұрт енді оның амандығын тілесіп жатты. Бұл кезде Сарытөбедегі қонысына тездетіп жеткен Ғалымжан да атына міне сала ақ қарлы даланы бетке ала асығыс аттанған. Күн қауысар шақта көршілес «Новобогат» кеңшарының шағылыс пунктіне жеткен ол үйір жылқыны үйіріп, от жағып, жан шақырып отырған Әлиланы аман-есен тапқанына қатты қуанды. Үйір жылқы да дін аман...Қасқырлардың қамауында қалған қоғам малын тас-тап кетпей, күні-түні қорғаштап, қақаған қыста тәуліктен астам уақыт қиындықпен алысқан көмекші жылқышының ерлігі әп-сәтте бүкіл елге тарады. Газет біткен жарыса жазды, кейін кітаптардан да орын алды ол ерлік.
Бүгінде Ғалымжан мен Әлила зейнет демалысында. 2014 жылы округ орталығы Тұщықұдыққа келіп қоныстанған олар екі ұлы Дулат пен Бекболатын, екі қызы Ақбөбек пен Жанатын аяқтандырып, олардан жеті немере, жеті жиен сүйген бақытты ата-әже. Қызмет бабымен Астанада тұрып жатқан кіші бала-келіні Бекболат пен Шырынға барып, немерелерін иіскеп, мауқын басып оралғандары да жақында екен. Сарытөбедегі шаруаның тізгіні үлкен бала-келін Дулат пен Арайлымның қолында көрінеді...
Мереке қарсаңында ортамызда жүрген осынау нәзіктік пен қайсарлық иесі Әлила Бимурзинаның осы бір ерлігін бүгінгі жастарымыз да біле жүрсе игі деген ой еді біздікі. Ал Әлила әже болса мерекелік лебізін де білдіріп «еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деп қоштасқан. Иә, амандық пен тыныштықты ойлайтын аналар аман болғай.
Жоламан ОТАРҒАЛИҰЛЫ

