23 сәуір – Ұлттық кітап күні. Бұл руханияттың тамырына қан жүгіртетін, қоғамды ой мен парасатқа үндейтін ерекше мереке. Адамзат өркениетінің алтын арқауы болған кітап – уақыт пен кеңістікті жалғаған көпір іспетті. Сол көпірдің берік болуы – кітапханашылардың көзге көрінбейтін, бірақ өлшеусіз еңбегінің жемісі. Осы мерекелі мезетпен үндесе өткен «Рухани қазына – 2026» жобасының аудандық іріктеу кезеңі кітапхана саласының бүгінгі бет-бейнесін айқындаған тағылымды алаң болды. Бірнеше жылдан бері республикалық деңгейде тұрақты ұйымдастырылып келе жатқан бұл жоба биыл да өз дәстүрінен жаңылған жоқ. Аудан орталығында өткен байқауда ауыл кітапханашыларының кәсіби әлеуеті сараланып, саладағы жаңашыл ізденістер айқын көрінді.
Аудандық орталықтанды-рылған кітапханалар жүйесіне қарасты 10 кітапханашы бақ сынаған бұл дода жай ғана сайыс емес, тәжірибе мен идеяның тоғысқан тұсы болды. Байқаудың басты мақсаты – кітапхана қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру, озық тәжірибелерді анықтап, кеңінен тарату, жаңа жобаларды қолдау арқылы оқырман санын көбейту, кітапхана қызметінің сапасын арттыру еді. Бұл мақсаттар қағаз жүзінде ғана қалып қоймай, нақты жобалар мен нәтижелер арқылы дәлелденді. Қатысушылардың әрқайсысы өз бағыты бойынша ерекшеленді. Мәселен, Гүлбану Ниғымашева, Зәуре Хайырова, Батима Абилхайырова, Айгүл Ахатова, Рахима Кенжеева, Зульфина Серікбаева сынды ауыл кітапханашылары бірі – көрнекі жобаларымен, бірі – жарнамалық қызметтің жаңа үлгілерімен, енді бірі – көшпелі кітапхана жұмысын жандандыру арқылы көпшілік назарын аударды. Бұл – ауылдағы кітапхана тек кітап сақтайтын орын емес, мәдени-рухани орталыққа айналып келе жатқанын көрсететін нақты мысал. Ал Ақбөбек Құрасова мен Айсұлу Ғилимовалардың тәжірибесі – уақыт талабына сай бейімделудің айқын көрінісі. Олар жасанды интеллект мүмкіндіктерін кітапхана қызметіне енгізу арқылы ақпараттық технология мен дәстүрлі руханияттың үйлесім таба алатынын дәлелдеді. Бұл – кітапхана ісінің жаңа дәуірге қадам басқанын аңғартатын маңызды белгі.
Байқау қорытындысы бойынша үздік жобалар іріктеліп, лайықты номинациялармен марапатталды. Қазылар алқасының шешімімен аудандық мәдениет, денсаулық және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айбатыр Бекішұлы Қызылүй ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлбану Ниғымашеваға «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана» номинациясын табыстады. Х.Ерғалиев ауылдық кітапханасының кітапханашысы Айгүл Ахатова «Ауылдық маңызы бар кітапханасының үздік қызметкері» атанса, аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы Ақбөбек Құрасова «Үздік балалар кітапханасы» номинациясы бойынша марапатқа ие болды. Сонымен қатар, өзге қатысушыларға Алғыс хаттар табысталды. Бұл марапаттар – еңбектің өлшемі ғана емес, рухани қызметке берілген құрметтің белгісі. Жалпы, «Рухани қазына – 2026» байқауы кітапханашылардың шығармашылық әлеуетін арттырып қана қоймай, олардың қоғамдағы рөлін жаңа қырынан танытты. Байқау барысында ұсынылған жобалар оқырман тартудың тың әдістерін көрсетіп, кітапхана қызметінің заманауи бағытта дамып келе жатқанын айқындады.
Кітапханашы – тек кітап сақтаушы емес. Ол – ұлттың рухани кодын сақтаушы, білім мен оқырман арасындағы алтын көпір. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды» деп атап өткен болатын. Бұл сөз бүгінгі кітапханашылар еңбегінің мәнін тереңдете түседі. Қорытындылай айтқанда, «Рухани қазына – 2026» – жай байқау емес, рухани жаңғырудың нақты көрінісі. Бұл алаңда тәжірибе алмасқан әрбір кітапханашы өз ауылына, өз оқырманына жаңа серпінмен оралады. Ал руханиятқа салынған әрбір қадам – ұлт болашағына жасалған инвестиция.
Маусым ТУЛЕУИШОВА,
аудандық орталық кітапхана библиографы

