23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған апталық аясында «Талқылайық» бағдарламасы бойынша көрнекті қазақ жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романы кеңінен талқыланды. Іс-шара барысында қатысушыларға жазушының өмір жолы, шығармашылық мұрасы және қазақ әдебиетіндегі орны туралы жан-жақты мәлімет беріліп, оның туындыларының тәрбиелік мәні ерекше атап өтілді.
Кітапхананың тұрақты оқырмандары І.Мажитова мен Г.Ирсариевалар роман мазмұнына терең тоқталып, шығармада бейнеленген қазақ халқының басынан өткен тарихи қиын кезеңдерді әсерлі жеткізді. Әсіресе, басты кейіпкер Демежанның бейнесі арқылы әділдік пен шындық жолында күрескен, елінің болашағы үшін аянбай еңбек еткен қайсар тұлғаның образы жан-жақты талданды. Қатысушылар Демежанның ерлігі мен адамгершілік қасиеттерін бүгінгі жас ұрпаққа үлгі боларлық қасиет ретінде бағалап, оның тағдыры арқылы ұлттық рух пен елдік мұраттың маңызын атап өтті.

Талқылау барысында оқырмандар өз ой-пікірлерімен бөлісіп, шығармадағы оқиғалардың терең мағынасына үңілді. Романның негізгі идеясы – ұлт тағдыры, ел бірлігі, тарихи жады мен рухани құндылықтарды сақтау мәселелері екені кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, қатысушылар шығармадағы көркемдік ерекшеліктерге де тоқталып, жазушының шеберлігіне жоғары баға берді.
Іс-шара соңында оқырмандар Тағдыр романын оқуға кеңес беріп, оның жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруда, отансүйгіштік қасиетін арттыруда маңызы зор екенін атап өтті.
Осындай мазмұнды кездесулер оқырман қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық әдебиетке деген құрметті күшейтіп, рухани құндылықтарды дәріптеуге үлкен үлес қосады.

