Ұлттық домбыра күні ұлықталды

 

Шілде айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін Ұлттық домбыра күніне орай ауданымызда «Домбыра – дастан» атты мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылды. Мерекелік кеш аудан орталығы Аққыстау ауылындағы «Қазақ елі» саябағында ашық аспан астында өтіп, ұлттық өнерді дәріптеген тағылымды басқосуға айналды.

 

 

Ісшара шымылдығы «Жалын» би тобының «Қазақ» биімен ашыллды. Жиылған жұртшылықты аудан әкімі Нұрым Мусин мерекемен құттықтап, домбыраның қазақ халқы үшін орны ерекше киелі мұра екенін атап өтті.

 

 

– Домбыра – халқымыздың рухани болмысы мен ұлттық болмысын айшықтайтын қасиетті қазына. Ұлттық домбыра күні – ата-бабадан мирас болып жеткен асыл өнерімізді ұлықтайтын маңызды мереке. Осындай мәдени шаралар жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, төл өнеріміздің өрісін кеңейте түседі. Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, әр шаңырақтан күй күмбірі үзілмесін деп тілеймін– деді аудан әкімі.

 

 

Мерекелік шара барысында Франция төрінде қазақ өнерін лайықты танытып, ұлттық мәдениетімізді халықаралық деңгейде насихаттаған «Әсем-ай» әншілер ансамблі аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Марапат ансамбль жетекшісі Әсем Бахитоваға табысталды. Кеш барысында ардагерлер мен жастар бірлесе күй орындап, ұлттық өнердің сабақтастығын паш етті. Домбыраның күмбірлеген үні көпшіліктің ерекше ықыласына бөленіп, мерекенің сәнін келтірді. Сонымен қатар Ш. Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің ұстазы Әсем Бахитова қазақтың халық әні «Ақсұңқарды» орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. 

 

 

Мерекелік бағдарлама аясында домбыра аспабының тарихы мен ерекшелігіне қатысты танымдық сұрақ-жауап ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.

 

 

Ұлттық өнердің мәртебесін асқақтатқан мазмұнды шара көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, домбыраның ұлт руханиятындағы ерекше орнын тағы бір мәрте айқындай түсті.

 


Е.ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT