«Ұлттық киім – ұлт келбеті»

 

Ұлт рухының шұғыласындай Ұлттық киім күні ата-бабамызды, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптарды еске алуымызбен маңызды десек болады. 18 наурызға белгіленген бұл күн – халық рухының болмысын бейнелейтін ұлттық дизайнның көркемдігі мен қайталанбас өрнегіне талайлар тамсанған күн десек болар. Наурызнама онкүндігіне орай осынау күні аудан және ауылдық округтер орталықтарында ұлттық киімдер шеруі ұйымдастырылды, мектептерде мен бөбекжай-бақшаларда, басқа да кейбір еңбек ұжымдарында түрлі тақырыптағы шаралар өткізілді.

 

 

Аудан орталығының Егемен Қазақстан көшесі бойындағы орталық стадион тұсынан бастау алған ұлттық киім шеруі ерекше әсерлі көрініс қалыптастырды десек болады.

 

 

Аталған шараға аудан орталығындағы ондаған кәсіпорын, мекемелер ұжымдары, сондай-ақ ауыл тұрғындары да белсене атсалысып, мыңға таяу адам жиналды.

 

 

Түрлі ою-өрнекпен әсемдеп әшекейленген шапандар, кәжекейлер, камзолдар, көйлектер, аппақ кимешектер мен үкілі бөріктер, басқа да бас киімдер, аяқ киімдер киген олар лек-лек болып сапқа тұрып, көше бойын жүріп өтті.

 

 

Болашағымыз бүлдіршіндерден кейін Көк туымызды тік көтерген жас жігіттер бастап жүрген шерудің алдыңғы легінде аудан басшылары мен ардагерлер өкілдері келе жатқан еді. 

 

 

Көз жауын алған әдемі шеру сырт қараған жанды шынымен де сүйсінткені анық. Сонысымен де бұл іс ұлттық киімді насихаттаудың нақышты бір көрінісі болып есте қалды.

 

Салтанатты шеру Тәуелсіздік алаңында қорытындыланып, арнайы жасақталған сахна төріне алғашқы болып көтерілген аудан әкімі Нұрым Мусин шеруге қатысушылардың баршасына алғыс айтып, Ел Президентінің ұсынысымен Наурыз мейрамын тойлаудың онкүндігі қолға алынғанын, соның аясында биыл да «Ұлттық киім күні» шарасында   аясында ұлттық киімді насихаттауды дәстүрлі жалғастырып, ұлттық киімді ұлықтауға деген ізгі ниеттеріне ризашылығын жеткізді, ауылдастарға, жалпы елімізге амандық, тыныштық тілеген ізгі ниетін білдірді.

 

 

Жиналғандарды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин де құттықтап, ауылдастарға ізгі тілегін арнады.

 

 

Бұдан әрі көрікті сахна төрінен ұлт арпаптар оркестрінің орындауындағы «Ауыл шаттығы», «Исатай дабылы» күйлері күмбірледі, «Туған жерім», «Отырардағы той» әндері әуеледі, балғын бишілердің биі әрлей түсті.

 

 

Иә, «Наурызнаманың» ұлттық киімді ұлықтаған күні осындай нақышымен ерекшеленді. Салтанатты шерудің Егемен Қазақстан көшесінен басталып, Тәуелсіздік алаңында қорытындылануы көңілімізде «Егемен Қазақстанның Тәуелсіздігі мәңгілік салтанат құра берсін!» деген ақ тілеумен астасып жатқандай әдемі әсер қалдырғанын айта кетуді артық көрмедік.

 

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT