Ұлттық құндылықты ұлықтап...

сурет ғаламтордан

 

Өмірге келгеніне көп бола қоймаған аудандық ардагерлер кеңесінің жанындағы Әжелер алқасының атқарар бір миссиясы - ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жастар тәрбиесіне атсалысу. Қымбатты қыз-келіншектеріміз бен аяулы аналарымыздың, асыл әжелеріміздің баршасына қуаныш пен бақыт тілеп, құшақтарын гүлге, көңілдерін нұрға толтырар берекелі сәтте елдік пен бірлікті ойлайтын сол әжелер ұйымы хақында оның төрайымы Күләш Лотқызы Түсекенованы әңгімеге тарттық.

-Осыдан екі-үш жыл бұрын ауданда алғаш құрылып, алғашқы жетекшісі де өзіңіз болып отырған Әжелер алқасының мақсат-міндеті қандай?

-Аудандық Әжелер алқасының басты міндеті жас ұрпақты жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу болып келеді. Осы тұрғыда аталған алқа өз қызметінде ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттың ұлы құндылықтарын жаңа уақыттың талабына сай насихаттауға, мәңгілік ел болуда бәрін жасауға әзір тұратын отаншыл ұрпақ қалыптастыруға өз үлесін қосуға жұмыстануда. «Керек тастың ауырлығы жоқ» дейді ғой бұрынғылар, жалпы алғанда ұрпақ тәрбиесі – баршаға ортақ іс, елдің болашағы үшін керек десек, осы бір ұлы іске өзгелермен бірге үн қосқан әжелеріміздің әрекеті де құптарлық деуге келеді.

Осы бағытта ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерді жандандыру, оны жас ұрпақтың бойына сіңіру, отбасы, қыз бала тәрбиесі, отбасылық  дәстүрлер мен құндылықтарды жаңғырта отырып, халқымыздың тәлім-тәрбие мұрасын қазіргі заман талабымен байланыстыра, жастардың ұлттық сана-сезімін нығайту мақсатындағы жұмысымыз – жанымызды марқайтар мазмұнға ие тірлік.

 

-Бұл тірліктеріңіз қалай болып жатыр? Істі неден бастадыңыздар?

-Біздегі бір бағыт - бабаларымыздан жеткен асыл мұраны қайта жаңғыртып, көз жауын алатын қолөнеріміздің түрлерін жоғалтпау, солардың ертеңге жетуіне жұмыстану. Ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлерді жандандыру, оны жас ұрпақтың бойына сіңіру, отбасы, қыз бала тәрбиесі, үйлену, үй болу құндылықтарын насихаттау. Алқаның әрбір  мүшесіне жеке-жеке атқаратын міндеттері бөлініп, сол бағыттар бойынша жұмыстар жасалынуда.

Мәдени және рухани тұрғыда «Енелер мен жас келіндер», «Келіні жақсының - керегесі алтын», «Парасатты отбасы», «Ұрпақ тәрбиесі - ұлт болашағы», «Қыз өссе, елдің көркі» сынды іс-шаралар қолға алынды. Біздіңше, бұл әрекетіміздің мәні зор. Мәселен, қыз бала бүгін ата-анасының қонағы болса, ертең - бір шаңырақтың сәні, азаматының серігі, отбасының ұйытқысы атанады. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, іс тігу, қамшы өру, тоқу сияқты тұрмыстық дағдыларды үйрете отырып, мазмұнды шаралар, кездесулер, сайыстар өткізудің де мәні зор.

 

-Ұрпақтар сабақтастығын жарасымды жалғастыруда ата-бабалар аманатына адалдықтан айнымай, алға апаруда, насихаттауда әжелердің орасан зор орны өлшеусіз рөлі бары ақиқат. Ауданда осыған дәлел болып жүрген әжелеріміз аз болмас?

-Әжелер алқасында оралымды ойлары, парасатты пікірлері бар жандар баршылық. Жалпы, барша әжелеріміз жұмыла жұмыс жасауға, өмірлік тәжірибелерін ұрпақ бойына сіңіруге ұмтылыс танытып жатса, қуаныш қой.

Күнделікті тірлігімізде көрініс тауып, қажеттілігі жас ұрпаққа орнымен жеткізілуі үшін ауданда өтетін шараларға қатысып, өзіндік пікірлерін айтып жүрген әжелеріміз басқаларына үлгі. Бұл ретте ұстаздық қызметтің ардагерлері Ә.Фазылова, М.Исағалиева, Б. Қайырлиева, Қ.Каюмова, Ж.Бәбиқызы, Г.Кабулова және басқаларды айтуға болады.

Қазір бөбекжай-бақшадан бастап, мектепте, жастар орталықтарында танымдық, тағылымдық шаралар өткізіліп келеді. Онда ардагер аналар өз өмір жолдарын, қиындықты қалай жеңгендерін, жетістікке, жеңіске қалай жеткендерін айтып, өз істерін үлгі ете білуде.

Қазіргі жастарға тек ақыл айту арқылы істі тындыру мүмкін емес. Өзің үлгі болып, ісіңмен тәрбие беру жөн деп ойлаймын. Сондықтан әр әже өзінің киім киісі, сөйлеген сөзі, жасаған қонымды әрекеттерімен жастарға өнеге болуымыз қажет.

Ауданда өткен «Ұрпағыңмен мың жаса», «Әке және қоғам. Құндылықтар үндестігі» аудандық семинарда орынды пікірлерімен өздерін көрсете білген әжелер Г.Кабулова, Ә.Фазыловалар белсенді болса, Ұстаздар күнін атап өтудің 25 қыркүйектен бастап 5 қазанға дейінгі онкүндігінде ұстаз әжелер мектептерде, ауылдық округтердегі мәдениет ошақтарында өткен  кездесулерде жас ұрпаққа үлгі боларлық әңгімелерін айтып, жақсы істерімен көріне білді.

 

Әжелер алқасының өткізіп жатқан шаралары оған қатысушылардың ойынан шығып жүр ме?

Әрине, шаралардың мазмұндылығы, әсерлілігі - басты назардағы іс. Жұмыс кемшіліксіз болмайды ғой, кемшіліктеріміз де болар. Дегенмен, жан-жақты ойластырылып, бірлесе ұйымдастырылған шаралардың өз мақсатына жетуіне күш саламыз. Мәселен, аудандағы білім беру мекемелерінде « Әжелер мектебі» құрылып, әжелер мен оқушылар арасында кездесулер өтті. Тақырыбы - «Қазақтың ежелден келе жатқан емдік қасиеттері». Емдік қасиеттердің сан алуан түрі бар ғой. Әжелеріміз дархан далада өсетін емдік шөптермен тіл-көз тиген балаларды да емдеген. Сәбилерді тұзды суға шомылдырған, жерұшық та беретін болған. Тілі кеш шығатын балаларды қойдың тоқ ішегімен емдеген еді. Осының бәрі әжелеріміздің оқушылармен болған әлгі кездесуіндегі әңгіме өзегіне айналды, зерделене айтылды. Меніңше, шәкірттердің сол бір құндылықтарымыздан хабардарлығы артуына сол басқосулардың әсері аз болмады.

Сол сияқты «Парасатты отбасы» шарасында оған екі отбасы мүшелері түгелдей қатынасып, өз өмірлері, бала тәрбиесі, ана мен қызының сырласуы, ағалары мен інілерінің бір-біріне қамқорлығы туралы әңгіме өрбіп, көріністер көрсетіліп, әр жанұя өнерлерін де ортаға салды. Мұнда да ұлттық құндылықтарымыз бірге өріліп жатты.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақалды айта отырып, атасы мен немересінің қамшы өруі, анасы мен қызының іс тігуі, жүн түту, тоқу сияқты тұрмыстық дағдыларға үйретудің жас ұрпаққа ой салары, есінде қалары анық деп білем.

«Әжем айтқан ертегі» шарасын алайық. Әжесі немересіне ертегі оқып, оның мазмұнын түсіндіреді. Онда кім шындықты айтады, кім алдауға дайын тұрады, рөлдерге бөліп айтып беру маңызды. Сондай-ақ әжелер немерелерінің білетін ертегісін айтқызып, түсінігін тереңдетуге де жұмыстанады. Бұның бәрі құптарлық, мазмұнды шаралар деп есептейміз.

«Үш буынның кездесуі» шарасының да ұстанған бағыты ұлттық құндылықтарымызды насихаттаудан туындаған. Әже, ана, келін. Әже - отбасының ғана емес, ұлттың ұйытқысы. Ағайын-абысындардың татулығын, бірлігін сақтаушы, кейінгі жас келіндердің ақылшысы. 

Мәдени және рухани іс-шаралар бойынша «Сиынар ем ана деген тәңірге» деген тақырыптағы кеште енелер мен жас келіндер бірлесе өз ойларын ортаға салуы, жас отбасындағы ене мен келін сыйластығы, тәрбие, салт-дәстүрлерді үйрету, дәріптеуі де мазмұнды болды.

Ауданда өткен әжелер сайысында да бағдарламаға сай өзін таныстыру, шеберлігі, жанұясындағы бір күндік бала тәрбиесі слайдтар арқылы көрсетіліп, өте жақсы әсер қалдырды. Жеңімпазы облысқа жолдама алды. Бұл да жұмысымыздағы бір жетістік, шаралардың мазмұндылығының көрінісі деп білемін.

Жалпы алғанда, аудандық Әжелер алқасы алға қарай да игілікті істердің ұйытқысы бола беруге жұмыстанады. Жоспарымызда ұмыт қалған қазақтың ұлттық тағамдарын дайындауды үйрету мақсатындағы әжелердің шеберлік сағатын өткізуді ұйымдастыру бар. Оқушылармен, жастармен болған  әр кездесулерде бата беруге, шежіре әңгімелерді оқуға дағдыландыру бағытындағы істерді де қолға алу ойымызда, басқа да жоспарлы жұмыстар жоқ емес. Бұрындары да, бүгін де әженің әлдиі бөлек қой, сол сияқты, әжелеріміздің араласқан ісі де әрлі болуына әрекеттеніп бағамыз.

Мүмкіндікті пайдаланып, барша нәзік жандарды, соның ішінде әз әжелерді көңілге шуақ құяр мерекелерімен құттықтап, амандық-саулық, қуаныштар тілегім келеді. 

 

Мерекелі сәттегі сұхбатыңызға рақмет. Алға қарайғы жұмыстарыңыз жемісті болсын дейміз.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT