Ұлттық спорт ұлықталған күн

 

20 наурыз – Ұлттық спорт күні ретінде белгіленіп, көшпенді өркениеттің асыл мұрасы – ұлттық спорт түрлерін ұлықтайтын ерекше күнге айналды. Бұл күн мәдени құндылықтарды сақтауға, жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін нығайтуға бағытталған маңызды мереке екені анық. Ауданымыздағы барлық округ орталықтарында ұлттық спорт түрлерінен түрлі жарыстар мен турнирлер ұйымдастырылып, көпшілікке кеңінен насихатталды.

Атап айтқанда, ләңгі тебу, тоғызқұмалақ, садақ ату, ханталапай, қазақ күресі сынды ұлттық ойындар бойынша тартысты бәсекелер өтті. Бұл шаралар ауылдастардың ортақ мерекені терең сезінуіне, төл дәстүрлерімізді жаңғыртуға үлкен серпін берді. Наурыз мейрамының аясында ұлттық спорт түрлері қайта жанданып, салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін маңызды кезең болды.

Наурызнаманың бір күнін ұлттық спортқа арнау – халқымыздың әлемдік деңгейде мақтан тұтатын бай мұрасы бар екенін айқын көрсетеді. Бұл – рух пен жігердің, батылдық пен ептіліктің мектебі болған бабалар дәстүрін бүгінгі ұрпаққа үлгі ету. Осы бағыттағы тағылымды шаралардың бірі Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен өтті. Бұл додаға аудан мектептерінің үздік оқушылары қатысып, ұлттық спорттағы қабілеттерін паш етті.

Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы сөз сөйлеп, ұлттық спорттың тәрбиелік мәнін айтып өтті. Келесі сөз легін жалғастырған аудандық мәслихаттың төрағасы Аманжол Рахметов бұл атаулы күннің ерекшелігіне тоқталды.

– Ұлттық ойын – бабалар аманаты. Оны дәріптеу – біздің парызымыз. Жастарымыз ата дәстүрден қуат алып, бәсекеге қабілетті ұрпақ болып қалыптасуы тиіс. Қазіргі кезде дәстүрлі спорт түрлеріне деген ықылас ел ішінде ғана емес, шетелде де артып келеді. Бұл да заңдылық, себебі, атқа отырып, құс салып, садақ тартқанда, біз ата-бабаларымыздың даналығы мен сұлулығын паш етеміз. Наурызнаманың бір күнін ұлттық спорт тақырыбына арнау – бізде ғаламдық деңгейде мақтан тұтатын мұра бар екенін түйсініп, мықты рух пен ерік-жігер тұрғысынан үлгі тұтатын бабаларымызды еске түсіруге себеп,-деді ол өз сөзінде.

 

 

Сондай-ақ жарысқа аудан прокуроры Аслан Тұрғанов, аудандық полиция бөлімінің басшысы Манарбек Үмбеталиев, Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы, аудандық мәслихат депутаты Асхат Жұмабекұлы және Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ерболат Махашов қатысты.

Жарыста жас спортшылар қазақ күресі, ләңгі тебу және арқан тартыс, бес асық бойынша сынға түсіп, өздерінің шеберліктерін көрсетті. Нәтижесінде арқан тартыс бойынша күш сынасқан Кибокс командасы жарыстың жеңімпазы болса, қазақ күресінен Аманат Лес(30кг), Нұркелді Меңдігерей(40кг), Раян Анес 50кг салмақ дәрежесінде белдесіп, 1-орын иеленді. Ал одан бөлек ләңгі тебу жарысынан Қыдырәлі Ғылым қарсыластарын шаң қаптырса, мергендігімен бес асық ойынының жеңімпазы атанған Назарбек Нұрлыбек үздік деп танылды.

Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы кубоктармен және дипломдармен марапатталды. Бұл – ұлттық спортқа деген құрметтің айқын көрінісі.

Көрерменін де көп әсерге бөлеген дода тек жарыс қана емес, халқымыздың рухани әрі зияткерлік мұрасын ұлықтау болды. Бүгінгі жастар осы мұраны жалғастырып, ел болашағының берік іргетасын қалары сөзсіз. Ұлттық спорт – бабалардан қалған баға жетпес қазына. Оны сақтау, дамыту және келер ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT