Ұлы ақынның мұрасы – ұлттық ақыл-ой көрінісі

ашық дереккөзден

 

Абай күні... Бұл күн осыдан тура алты жыл бұрын, ұлы ойшылдың 175 жылдығы қарсаңында еліміздегі жаңа мереке болып бекітіліп, мемлекеттік мерекелер тізбесіне енгені белгілі. Бұл мереке - қазақ әдебиеті мен мәдениеті, жалпы ұлт руханияты үшін үлкен мәртебе екендігіне сөз жоқ. Өйткені Абай мұрасы – жалпы адамзатқа ортақ құндылық, ұлттық ақыл-ойымыздың көрінісі. 

Сол алғашқы сәттерден-ақ Абай мұрасы біздің темірқазығымыз болуы керектігі, ұлы ойшылдың «Толық адам» ілімі жеке тұлғаның интеллектуалдық мәдениеті мен қалыптасуының ғана емес, тәрбиелі, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырудың өзегі болмағы, туған халқының бүгіні мен ертеңіне кемеңгерлікпен қарап, ел болашағының білім мен ғылымда екендігін көрсеткен ұлы Абай ұлт болып ұйысудың, қазақ қоғамын әлемдік өркениетке танытудың жолын көрсеткені жан-жақты сараланып, дараланып та бағалануы қолға алынды. Осы тұрғыда елдік деңгейде өткізілген ғылыми-танымдық, тәрбиелік шараларды айтпағанда, еліміздегі екі жүзге жуықтайтын аудандар мен жүздеген ауылдарда, елді мекендерде өткізіліп жүрген шаралардың өміршең сипат алып, күні бүгінге дейін жалғасуы, нәтижесінде сол шаралардың тақырып аясы кеңейіп, қатысушыларының құрамы да толығып келе жатқаны ұлы ақын мұрасының өміршең екендігін, қазақтың қанына сіңіп, қазақпен бірге өмір сүре беретіндігін көрсетіп келеді. Тек мектеп оқушыларының арасында өтіп келе жатқан «Абай оқуларының» орнының өзі бір бөлек, бұл – бүгінгі жас ұрпақтың да жасампаз дүниелерді білуге, ұғуға талпынысын молайтарлық мазмұндағы игі шара. Абай әндері орындалар кештердің, Абайдың қара сөздерінің тереңіне бойлатар тағылымдық басқосулардың үлкен-кішіге берері мол. Ал бұлар әлгінде айтып өткен ауылдарымыздағы игі істердің негізгілеріне айналған десек әбден болғандай. Осы жолы да олардың жалғасын тауып жатқаны анық. 

Таудың алыстаған сайын биіктей түсетіні сияқты, заманынан озып туған ойшыл тұлғаларымыздың да жылдар жылжып өтіп, мұралары зерттеліп, зерделенген сайын ойлары тереңдеп, сырлары құпиялана түсетіні бар. Абай мұраларының әдебиеттану, лингвистика, педагогика, өнертану, философия ғылымдарының назарына ілігіп, зерттеу нысанына айналғанына да екі ғасырға жуық уақыт өтіпті, сол уақытта қазақ ғылымында Абай шығармашылығына байланысты жүздеген монография, мыңдаған ғылыми мақалалар жазылып, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалғаны, Мұхтар Әуезов негізін қалаған «Абайтану» ғылымы өмірге келгені дәйекті деректерден белгілі. Алайда Абай әлемінің сырын ішіне бүккен әлі талай жұмбағы барын ешкім жоққа шығармайды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «…Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы»,-дей келе: «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. …Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал»,-деген еді.
Тиянақтай түскенде, Абай мерекесі яғни Абай күні – ұлт руханиятының мерекесі. Бұл Абайдай дананың барлық кезеңде де исі қазаққа үлгілі тұлға боларын, шығармалары ұлтқа қызмет ете берерін анықтай түседі. 

Иә, бүгінгі өзіміз секілді Абай да қоғамның бір мүшесі еді. Ол да бала болған. Сол бала кезінен қазақтың бүкіл ауыз әдебиетін құлағымен естіп, жүрегімен сезіп, көңіліне қондырып, санасына сіңіріп өскен. Осы ретте Абайды тану дегенді адамды тану, соның ішінде қазақты тану деп түсінсек артығы жоқ. Ақын бос мақтан, өсек-өтірік, жат қылықтан аулақ болу қажеттігін естір құлаққа сіңімді етіп жазып кетті. Ақын жылы жүрек, мейірім, махаббат, ғашықтық, жан құмарлығы туралы аз айтпаған. Қазір «интеллектуалды білім» деп жүргенімізді ол өз заманында-ақ дәлелдеп, адамға нұрлы ақыл қажеттігіне көбірек ден қоюлы. Ащы термен, шын еңбектенумен келген дүниенің барлығының несібесі болатынын да жеткізді ақын. «Абай мұраларын зерттеуде «176 өлеңі, 45 қара сөзі, 3 поэмасы бар, 4-нші поэмасы аударма» деп, оның шығармаларын санамалағаннан гөрі, әр туындысының түпкі мәніне шынайы кіру керек. Сөзі арқылы оны тани түсіп, әр ғибрат сөзін қоғамдық күш ретінде қолдануға әбден болады. Мысалы, бала тәрбиесінен бастап, адамды еңбекке баулуда, нәтижелі іс атқаруда да оның әр сөзін күнделікті өмірде қолданса артық болмас. әр адам Абайға жақындай түскенде ғана біз бүгінгі қоғамдағы біраз нәрсенің кілтін табар едік». Бұл – ұлы ақын мұраларын ұлықтай да, зерделей жүрген зерттеуші мамандарымыздың пайымды пікірлерінің бірі. Кім айтса да дөп айтқан.
Абай мұрасын ғылыми тұрғыда зерттеп жүргендердің еңбектерін екшей қарағанда, олардың көбісі: «...Ақын «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек – осы үшеуінің жайын білмек бұл үлкен ғылым» дейді. Ыстық қайрат дегеніміз әр адамға керек. Қазір «әр адам қимылдау керек, спортпен айналысу пайдалы» деп жар салып жүрміз. Ал, Абай оны өз заманында-ақ айқындап айтып, әркімде ыстық қайрат болу керектігін жеткізген. Ыстық қайраты болған адамның еңбекке де ебі бар. Осы секілді нәрселерді оқып отырғанда өзіміздің негізгі жолымыздан, негізгі бағыт-бағдарымыз бұлыңғырланып адасып бара жатқанда, әрине Абай бізге көмекке келеді. Өйткені Абай білім, ғылымды іздеуге, талапты болуға, «бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық» болуға үйретті. Ойшылдың мұрасының бала тәрбиесінде де орны айрықша. Бірінші қара сөзінде бала бағу туралы өте жетік айтылады. Баланы дұрыстап тәрбиелей отырып, оның жақсы мен жаманның парқын ажырата алатындай адам болып қалыптасуы үшін еркін өзіне беру керектігін де алға қойды. Абай баланы ғылымға, білімге үндеуде де оны алдарқатып, ақылмен үйретсеңіз, оқу оның күнделікті әдетіне айналатынын айтады. Ақын мұның барлығын ашық айтпаса да, қара сөздерінде астарлап әдемі жеткізе білген. «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде «кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп, сыртқа пысық келеді, сөзге сынық...» дейді Абай. Расында да бұл жағдай қазіргі қоғамда «аға» деп аспанға көтеріп, «бауыр» деп бауырымызға басып жүрген ер-жігіттердің мінезін ашып берді. Сонымен қатар, «Ғылым таппай мақтанба...» деген сөзін қазір қанша айтсақ та артық емес. Біз «бабамыз батыр баһадүр болған екен, бәлен екен, түген екен» деп мақтанға салынып кетеміз. «Сабырсыз, арсыз, еріншек» өлеңі де қазір кейбір замандастарымыздың кейпін көрсетеді. Абайды білу – өз-өзіңе үңіліп, жан жүрегіңді жаман нәрседен арашалап, адамдыққа, адалдыққа, имандылыққа үйрету деген сөз»,– дейді.

Жалпы, Абай шығармаларын бойға жиып, ойға түйіп оқу өзгені де, өзіңді де тани түсуге, тәрбиелеуге септеспегі шындық. Бұған сол кездің өзінде-ақ, яғни ақын өмір сүрген кезеңдерде де ден қоюшылар аз болмағанына деректері кездесіп қалып жүргені рас. Соның бірі 1885 жылы Американың әйгілі жиһанкез жазушысы Джордж Кеннан Семей қаласына келуін баяндаған бір деректен де байқалады. Жиһанкез жазушы Ресей патшалығынан қуғын көрген саяси тұтқындардың жер аударылуына байланысты орыстардың жай-күйі туралы зерттеп, «Сібір және қуғын-сүргін» кітабын жазып шыққан ғой. Өз еңбегінде ол жер аударылып келгендердің жағдайының жақсыға жақын екенін көргенін көрсетулі. Семейде мәдени шаралардың жиі өткізілетінін айтып, Абай Құнанбаев деген адаммен мәслихаттас болып, кеңінен әңгімелескенін де жазыпты жиһанкез. Демек сол кезден-ақ Абай өте беделді адам болған. Ал оны бұлай танытқан бүгінгі бізге де темірқазығымыз боларлық шығармалары екендігі ақиқат жайт. 
Барша қазаққа ортақ, биыл туғанына 181 жыл толатын ұлы ақын мұрасына әр жолы бізді жақындастыра түсетін Абай күнінің орны сондықтан да бөлек. Ендеше осы бір руханият мерекесі деуге болатын атаулы күн бәрімізге де берекесі мол мереке бола бергей!

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT