Көшедегі дүкендер мен мейрамханалардың маңдайшалары – елді мекеннің сыртқы келбетін қалыптастыратын маңызды бөлшектердің бірі. Сонымен қатар ол тұрғындар мен тұтынушыларға ақпарат беріп қана қоймай, қоғамдық кеңістіктегі тіл мәдениетін де айқындайды. Маңдайшадағы жазудың сауатты, түсінікті әрі талапқа сай рәсімделуі кәсіпкерлік нысанның келбетін көріктендіріп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге ықпал етеді. Осыған байланысты Қазақстанда маңдайшаларды орналастыруды келісудің жаңа тәртібі күшіне енді.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2026 жылғы 20 сәуірдегі №197 бұйрығымен «Маңдайшаны республикалық маңызы бар қалада, астанада, облыстық және аудандық маңызы бар қалада, ауылда, кентте орналастыруды келісу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары бекітілген. Аталған нормативтік құқықтық акт Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, 2026 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді.
Жаңа тәртіпке сәйкес, кәсіпкерлік субъектілері маңдайша орнатпас бұрын аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөліміне кемінде бес жұмыс күні бұрын хабарлама жолдап, маңдайшаның эскизін келісуге ұсынуы қажет. Бұл талап жаңадан ашылатын кәсіпкерлік нысандарға ғана емес, бұрыннан жұмыс істеп тұрған дүкендерге, мейрамханаларға және өзге де нысандарға да қатысты. Әсіресе маңдайшасы ескірген, өңі кеткен, тозығы жеткен немесе белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін нысандар иелері оны жаңарту кезінде осы тәртіпті ескеруі тиіс.
– Маңдайшаны орнату немесе ауыстыру кезінде алдын ала келісу рәсімінен өту кәсіпкерлерге қойылатын талаптарды нақтылап, кейін туындауы мүмкін түсінбеушіліктердің алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан маңдайшаның дизайны мен жазуын әзірлеу барысында белгіленген талаптарға назар аударып, тиісті бөлімге уақытылы жүгінген жөн. Бұл ретте эскизді келісу рәсімі кәсіпкердің жұмысын қиындату үшін емес, маңдайшалардың белгіленген тәртіпке сәйкестігін қамтамасыз ету үшін маңызды.Талаптарды сақтамаған жағдайда заңда көзделген шаралар қолданылуы мүмкін. Егер кәсіпкер эскизді келіспестен маңдайша орнатса немесе белгіленген талаптарды бұзса, әкімдік тарапынан жазбаша ескерту беріледі. Ал анықталған кемшіліктер жойылмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген негіздер бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту және талапқа сай келмейтін маңдайшаны алып тастау мәселесі қарастырылуы мүмкін. Демек, кәсіпкерлер үшін жаңа тәртіппен алдын ала танысып, қажетті рәсімдерді уақытында орындау маңызды,-дейді аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жадыра Жандолова.
Мәселенің тағы бір маңызды қыры – маңдайшалардағы мемлекеттік тілдің қолданысы. Кәсіпкерлік нысанның атауы ең алдымен тұтынушыға түсінікті болуы керек. Осы ретте атауларды қазақ тілінде рәсімдеуге басымдық беру ұсынылады. Өйткені маңдайша – жай ғана жарнамалық жазу емес, ол тұрғындарға бағыт-бағдар беретін, нысан туралы алғашқы түсінік қалыптастыратын ақпарат көзі. Ал ондағы сөздердің сауатты жазылуы тіл мәдениетінің сақталуына ықпал етеді.
Әсіресе тұрғындарының басым бөлігі қазақ тілінде сөйлейтін ауылдық елді мекендерде мемлекеттік тілдегі маңдайшалардың маңызы айрықша. Көшедегі атаулар мен жазулардың қазақ тілінде берілуі тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырып қана қоймай, ана тіліміздің күнделікті өмірдегі қолданысын нығайтады. Бұл – мемлекеттік тілге құрметтің нақты көріністерінің бірі. Сондықтан кәсіпкерлер маңдайша рәсімдегенде тілдік сауаттылыққа мән беріп, атауларды қазақ тілінде дұрыс әрі түсінікті жазуға назар аударғаны жөн.
Жаңа талаптар туралы ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланып, ауылдық округтерге де тиісті хабарламалар жолданған. Маңдайшаларды орналастыру тәртібіне қатысты сұрақтар бойынша кәсіпкерлер аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөліміне жүгіне алады.
Түйіндесек, заң талаптарын сақтау, жазуларды сауатты рәсімдеу және мемлекеттік тілге басымдық беру – кәсіпкерлердің ортақ жауапкершілігі. Себебі көшедегі әрбір маңдайша елді мекеннің келбетін қалыптастырып қана қоймай, қоғамның тілге деген көзқарасын да танытады.
Жайна МЫҢҒҰЛ



