Кейде ерлік күтпеген жерден күтпеген сәтте пайда болады. Ол алдын ала ойластырылған жоспардың да, дайындықтың да нәтижесі емес. Бар болғаны бір сәт… Бір шешім… Сол мезетте адам жүрегіндегі қорқыныштан гөрі мейірім басым түссе, қарапайым жанның өзі нағыз батырлықтың үлгісін көрсете алады. Өйткені адам тағдыры таразыға түскен кезде жасалған әрбір қадам – үлкен жауапкершілік. Ал сол жауапкершілікті жүрекпен сезініп, тайсалмай әрекет ету – нағыз ерліктің белгісі.
Көп жағдайда ерлік дегенде біз қару асынған батырларды немесе тарихта аты қалған қаһармандарды елестетеміз. Алайда өмірде ешқандай марапат күтпей, өзгеге араша түсіп, адамгершіліктің биік үлгісін көрсететін қарапайым жандар да аз емес. Олар өздерін батырмын деп санамайды. Бірақ олардың бір ғана батыл әрекеті талай тағдырды өзгертіп, біреуге өмір сыйлап жатады. Осындай сәттерде адам бойындағы ең асыл қасиеттер – мейірім, жанашырлық пен қайсарлық айқын көрінеді. Әйел заты нәзік жаратылғанымен, оның жүрегінде ерекше күш бар. Ана жүрегі – тек жылулық пен мейірімнің мекені ғана емес, қажет кезде батыл шешім қабылдай алатын қайсар рухтың да ордасы. Қауіп төнген сәтте аналық жүрек қорқыныштан бұрын адам өмірін ойлайды. Сондықтан да ананың жүрегінде мейіріммен бірге ерлік те қатар өмір сүреді. Адам тағдырына араша түсіп, батылдық пен адамгершіліктің үлгісін көрсете білген жандардың бірі – Тәниева Айгүл Улданқызы.Кейде үлкен ерлік дәл осындай қарапайым адамдардың жүрегінен басталатынын кейіпкеріміздің әрекеті тағы бір дәлелдей түскендей.
Айгүл Улданқызының өмір жолы қарапайым еңбекпен басталды. Мектеп бітірген соң-ақ өмірдің үлкен мектебіне қадам басып, еңбекке ерте араласты. Алғашында «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында қарапайым жұмысшы болып қызмет етті. Жасынан еңбекке төселген ол бірнеше жыл жылыжайда жұмыс жасап, кейін 2005 жылы «УТС» газ және жылумен қамтамасыз ету цехында еңбек жолын жалғастырды. Қай салада жүрсе де, ол адалдық пен жауапкершілікті басты қағидасына айналдырды. Әріптестері оны еңбекқорлығы мен адамгершілігі үшін құрметтейді. Алайда Айгүл ханымның ең үлкен жетістігі – оның отбасы.
1988 жылы ол Әміржан Қабделовпен шаңырақ көтеріп, үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардың әрқайсысы өз жолын тауып, елге қызмет етіп жүр. Үлкен ұлы Ерлан «Жылоймұнайгаз» мекемесінде еңбек етеді. Ал екінші ұлы Ержан – кішкентай ғана Аққыстаудан шығып, Қазақстанның атын әлемге танытқан дзюдошы. Ол әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанып, Азия біріншілігінің екі дүркін чемпионы болды.Кенже ұлы Әли де спорттан алыс емес. Ол спорт шеберлігіне үміткер атанып, қазір бағдарламалау саласын меңгеріп, білімін жетілдіруде. Ал жалғыз қызы Айза оқуын аяқтап, өз кәсібін бастап, тәттілер дүкенін ашып, кәсіпкерлік жолына қадам бас-ты. Балаларының осындай жетістікке жетуі – ана тәрбиесінің жемісі екені сөзсіз.
Бірақ бұл отбасының өмірінде ең ауыр әрі ең үлкен сын 2020 жылы келді. Жолдасы Әміржанның қос бүйрегі істен шығып, денсаулығы күрт нашарлады. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы – бүйрек ауыстыру екенін айтты. Сол сәтте Айгүл Улданқызы еш ойланбастан жұбайына өз бүйрегін беруге шешім қабылдады.
– Отбасы болған соң, бір-бірімізге тірек болуымыз керек. Оның өмір сүруге мүмкіндігі болса, неге мен көмектеспеймін?! Өйткені ол – менің өмірлік серігім, балаларымның әкесі. Қиындықта жанынан табылмасам, жұбай болғанымның мәні қайсы? Барлық адам жақсы көрген жанын аман алып қалуға мүмкіндік барын біле тұра сырт айналып кете алмайды деп ойлаймын. Мен үшін ең маңыздысы – оның өмірі мен денсаулығы. Егер менің бір бүйрегім оның өмірін жалғауға себеп болса, онда бұл шешімнен артық бақыт жоқ деп ойладым,-дейді Айгүл Тәниева.
Жолдасы алғашында мұндай шешімге келіспей, жұбайының денсаулығына алаңдаған. Алайда Айгүлдің табандылығы мен жанашырлығы оны да ойландырмай қоймады.
Көп ұзамай дәрігерлер жүргізген жан-жақты тексерістер нәтижесінде ота жасауға мүмкіндік бар екені анықталды. Операция Түркияның Стамбул қаласында өтетін болды. Жақындары мен достары және екеуінің де ұжымдастары бұл қиын сәтте қолдау білдіріп, қолдан келген көмектерін аямады. Сол қолдаудың арқасында ерлі-зайыптылар шетелге аттанып, үміт пен сенімге толы үлкен сынның алдында тұрды. Стамбулда дәрігерлер барлық қажетті тексерістерді жүргізіп, Айгүл ханымды операцияға мұқият дайындады. Көп ұзамай тағдыр таразысына түскен сол сәт те келіп жетті. Ота сәтті өтті. Айгүлдің бүйрегі жолдасына салынды. Ең таңғаларлығы – жаңа бүйрек бірден жұмыс істей бастаған. Әдетте мұндай жағдайда ағзаның бейімделуі үшін уақыт қажет. Ал бұл жолы небәрі бір күннің ішінде оң нәтиже байқалыпты. Мұны көрген дәрігерлердің өзі таңданыстарын жасыра алмаған. Ал Айгүл үшін ең бастысы – операцияның сәтті өтіп, жұбайының аман қалуы еді. Оның жүрегіндегі алаң мен үміттің орнын енді тыныштық пен шүкіршілік басты. Операциядан кейін олар елге оралуға қамданды. Дәл сол тұста әлемді COVID індеті жайлап тұрған еді. Сол себепті Айгүл ханым біраз уақыт Алматыда тұратын Ержан ұлының үйінде болып, денсаулығын қалпына келтірді. Кейін ғана туған өлкесі – Атырауға оралды. Өмірдің осындай қиын кезеңдерінде оған күш-қуат берген тағы бір сүйікті ісі – спорт. Айгүл ханым спортты өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған жан. «Спорт – менің өмірлік серігім. 45 минуттық жаттығуымды ешқашан қалдырған емеспін» деген сөз оның өмірлік ұранына айналған. Тіпті ең ауыр сәттердің өзінде спорт арқылы өзін жігерлендіріп, рухын шыңдай білген.
Осылайша кейіпкеріміздің өмір жолы нәзік жанның жүрегінде қаншалықты зор күш, мейірім мен қайсарлық бар екенін айқын көрсетеді. Жақынының өмірі үшін тәуекелге барып, қиындықты еңсеріп, сонымен қатар өмірге деген жігерін жоғалтпай, спортпен шынығып жүруі – оның рухының мықтылығын дәлелдейді. Айгүлдің бұл өмірлік ұстанымы өзгелерге де үміт пен жігер сыйлайтын өнегелі үлгі.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

