Ежелден мал шаруашылығын кәсіп еткен қазақ халқының амандық сұрасқанда ең алдымен «Мал-жаның аман ба?» деуі төрт түліктің ел өміріндегі айрықша орнын аңғартса керек. «Малы саудың – жаны сау» деген халық даналығы да осы ұғыммен сабақтас. Бүгінде атакәсіптің жалғасын тауып, мал шаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген жандардың қатарында ветеринария саласының мамандары да бар. Осындай жауапты салада 14 жылдан бері табанды еңбек етіп келе жатқан мамандардың бірі – Тұщықұдық ауылдық округінің ветеринариялық бөлімінің ветеринар дәрігері Жанар Сапарова.

Кейіпкеріміздің ветеринария саласын таңдауы кездейсоқ емес. Оның айтуынша, бұл мамандыққа деген қызығушылық бала кезден қалыптасқан. Әкесі бақташы, анасы сауыншы болып еңбек еткендіктен, ол төрт түліктің ортасында өсіп, мал шаруашылығының қыр-сырын ерте меңгерген.1989 жылы мектепті тәмамдаған соң Атырау аграрлық-техникалық колледжіне оқуға түсіп, 1992 жылы зооветеринария мамандығын алып шығады. Алайда сол кезеңде елдегі экономикалық ахуалға байланысты жас мамандарға жұмыс табу оңайға соқпайды. Сондықтан біраз жыл өз мамандығынан тыс салаларда еңбек етуіне тура келген. Тек 2012 жылдың сәуір айында ғана ветеринария саласына қайта оралып, содан бері өз кәсібіне адал қызмет етіп келеді. Еңбекпен қатар білімін де жетілдіруді мақсат еткен ол 2021 жылы Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін тәмамдап, «Жалпы ветеринария» мамандығы бойынша жоғары білім алған.
Жанар Сапарованың сөзінше, бұрынғы жылдары бүгінгідей цифрлық жүйе мен интернеттің мүмкіндігі болмағандықтан, жұмыстың басым бөлігі үй аралаумен кейде шалғай елді мекендегі далалықта өткен.

– Ол кезде шалғайдағы құм жиегіндегі шаруашылықтарды аралап, малды сырғалау, вакцинациялау үшін үйден 2-3 күнге, кейде 4-5 күнге дейін кететінбіз. Әйел адам болған соң отбасы, ошақ қасы да мойнымызда. Сондай кездерде маған қолдау білдірген отбасыма, жолдасыма алғысым шексіз. Қызметтің аты – қызмет, сондықтан бәріне үлгеруге тырыстық. Күнделікті жұмыс таңертең ерте басталатын. Ауыл-аймақты аралап қан алып, зертханаға өткізіп, түстен кейін қағазбастылықтан да бас ала алмайтынбыз. Еңбек жолымның алғашқы кезеңінде Нұрлыбек, Жұмажан, Сәндібек секілді тәжірибелі маман әрі әріптес ағалардан көп тағылым алғанымды жасырмаймын. Бүгінде сол аға буынның бірі зейнетке шықты, енді бірі басқа қызметке ауысты. Қазір олардың орнын басатын жастар келді. Олар жұмысты жақсы атқарып жүр. Кейде тәжірибе сұрап келеді, білгенімді бөлісемін. Қазіргі жастар цифрлық жүйені бізден әлдеқайда жылдам меңгереді. Бұл да бір жағы – уақыт талабы шығар деп те ойлаймын,-дейді ол өз сөзінде.
Расында да ветеринария саласында соңғы жылдары көптеген қызмет түрі жеңілдетілген. Бұрын мамандардың қатысуымен атқарылатын бірқатар жұмыстар бүгінде электронды жүйе арқылы жүзеге асады. Мал иелері төрт түлігін есептен шығару немесе жаңадан тіркеу қызметін өздері-ақ рәсімдей алады.
Дегенмен маманның айтуынша, дала жұмысының қиындығы әлі де азайған жоқ.
– Бұрын малды сырғалап, вакцина салуға барғанымызда «Сенен басқа ер адам жоқ па? Малға шамаң келе ме?» деп ауыл тұрғындары арасында айтатындар да болды. Бірақ мұндай сөздерге мойымадық. Өзіміз таңдаған мамандық болған соң, қызметке адалдық пен табандылық қажет деп есептеймін. Кейде түн ортасында шақырту түседі. Халықпен жұмыс істеу де оңай емес. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын да үздіксіз жүргізіп келеміз. Мал саулығы – елдің амандығы. Сол жауапкершілікті әрдайым сезінеміз, – дейді бізбен болған әңгімесінде тәжірибелі ветеринар
Бүгінде Тұщықұдық ауылдық округіндегі ветеринария бөлімінде бес ер адам мен екі әйел маман абыройлы еңбек етіп келеді. Кейіпкердің айтуынша, соңғы жылдары салада оң өзгерістер көбейіп, мамандарға көрсетілетін қолдау да арта түскен. Дегенмен ветеринар мамандығы әлі де уақытпен санаспайтын, үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін кәсіп болып қала береді. Төрт түліктің саулығын күзетіп, елдің ырысы мен халықтың амандығына қызмет ететін жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.


