«Мансап» ұсынған мүмкіндік

 

Еңбек нарығы – қоғамның тамыр соғысын дәл көрсететін ең сезімтал салалардың бірі. Себебі жұмыссыздық деңгейі, халықтың табысы мен әлеуметтік тұрақтылық – кез келген өңірдің экономикалық ахуалын айқындайтын басты көрсеткіштер. Әсіресе соңғы жылдары мемлекет тарапынан жұмыспен қамту саясатына басымдық беріліп, еңбек нарығын трансформациялау, әлеуметтік қолдау тетіктерін жаңарту, атаулы көмекті жетілдіру бағытында ауқымды реформалар қолға алынды. Алайда ресми көрсеткіштер мен қабылданған бағдарламалардың тиімділігі халықтың күнделікті тұрмысында қаншалықты сезіліп отыр? Жұмыс іздеген азаматқа нақты қандай мүмкіндік бар? Уақытша жұмыс пен тұрақты еңбек арасындағы айырмашылық қалай шешілуде? Әлеуметтік қолдау шын мұқтаж жандарға толық жетіп жатыр ма? Осыған орай аудан көлемінде жұмыспен қамту, жұмыссыздықтың алдын алу, әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жөнінде аудандық Мансап орталығының басшысы Ақтоты Балмулдинамен әңгімелескен едік.

– Ақтоты Шарапиденқызы, Мансаптың мақсаты неде? Биыл жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Мансап орталығы халықты жұмыспен қамту бағытында тұрақты түрде жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Орталықтың негізгі мақсаты – жұмыссыз азаматтарды қолдау, жұмыс іздеп жүрген тұрғындарды тіркеу, оларға лайықты бос жұмыс орындарын ұсыну және жұмыссыздықтан қорғауға бағытталған әлеуметтік шараларды ұйымдастыру. Қазіргі таңда азаматтарға кәсіптік бағдар беру, әлеуметтік қолдау тетіктерін түсіндіру, жастар мен әлеуметтік осал топ өкілдерін жұмыспен қамту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылып, жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатылған. Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да тұрақты жүргізіліп, мемлекеттік мекемелермен және өзге де ұйымдармен бірлескен жұмыстар қолға алынған. 2026 жылы да халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Атап айтқанда, жұмыссыз азаматтарды тіркеу, бос жұмыс орындарын ұсыну және жұмысқа орналастыру шаралары тұрақты жүргізілуде. Бұдан бөлек, азаматтарды еңбек нарығына бейімдеу мақсатында қысқа мерзімді оқу курстары, қайта даярлау бағдарламалары және кәсіби дағдыларды арттыруға арналған оқыту шаралары ұйымдастырылып отыр. Биыл жүзеге асырылып жатқан негізгі бағдарламалардың қатарында жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары және «Күміс жас» жобасы бар. Бұл бағдарламалар азаматтардың алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған қайтарымсыз мемлекеттік гранттар арқылы тұрғындарға өз кәсібін бастауға қолдау көрсетілуде. Жұмыс берушілермен бірлесіп бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп, кадр тапшылығын азайтуға басымдық берілуде. Биылғы жылдың маңызды бағыттардың бірі – цифрлық жүйелерді кеңінен енгізу. Электрондық еңбек биржасы арқылы қызметтерді онлайн алу мүмкіндігі кеңейіп, тұрғындарға қолжетімділік арта түсті. Жалпы атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – халықты тұрақты жұмыспен қамту, жастардың еңбекке араласуын күшейту және жергілікті еңбек нарығының тиімділігін арттыру.


– Ал аудандағы жұмыссыздық деңгейі қандай?

– Қазіргі таңда аудандағы жұмыссыздық деңгейі 5,9 пайызды құрайды. Бұл көрсеткішті төмендету мақсатында Мансап орталығы тарапынан бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру, жастар практикасына жолдау, қоғамдық жұмыстарға тарту және қысқа мерзімді оқыту курстарын ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарына мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беру қарастырылған. Бүгінде Enbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы бос жұмыс орындары ұсынылып, азаматтарға онлайн форматта жұмыс іздеуге мүмкіндік жасалған. Бұдан бөлек, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылып, тұрғындарға кәсіби бағдар беру және кеңес беру қызметтері көрсетілуде. 


 – Жұмыссыз жастарға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі? «Жастар практикасы» бағдарламасының жастар үшін тиімділігі қандай және жұмыссыз ретінде тіркелу жолдары қалай жүзеге асады?

– Жұмыссыз жастарды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бірнеше бағдарлама жүзеге асырылуда. Соның ішінде ең сұранысқа ие жобалардың бірі – «Жастар практикасы». Бұл бағдарлама оқу орнын жаңа бітірген, еңбек өтілі жоқ жастардың алғашқы жұмыс тәжірибесін алуына мүмкіндік береді. Бағдарламаға соңғы бес жыл ішінде техникалық, арнаулы немесе жоғары оқу орнын тәмамдаған, 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар қатыса алады.

Жастар практикасының мерзімі 12 айға дейін созылады. Осы уақыт аралығы ресми еңбек өтілі ретінде есептеледі және қатысушыларға мемлекет тарапынан жалақы төленеді. Ең маңыздысы – жас маман тәжірибе барысында өзін көрсетсе, мекемеде тұрақты жұмысқа қалуға мүмкіндігі бар. Бұл бағдарлама жастардың еңбек нарығына тез бейімделуіне және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге оң әсерін тигізіп отыр.Сонымен қатар жастарға әлеуметтік жұмыс орындары ұсынылады, қысқа мерзімді оқыту курстары ұйымдастырылады. Ал «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлік негіздері оқытылып, өз кәсібін ашуға мүмкіндік беріледі. Кей жағдайда әлеуметтік осал топтағы жастарға мемлекеттік қайтарымсыз гранттар да қарастырылған.Бүгінде жұмыс іздеушілер Enbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы онлайн түрде бос жұмыс орындарын қарап, түйіндеме жолдай алады. Ал жұмыссыз ретінде тіркелу үшін азаматтар Мансап орталығына немесе Enbek.kz платформасына жүгінеді. Электронды цифрлық қолтаңба арқылы онлайн тіркелу мүмкіндігі де бар. 

 

 


– Бүгінде ауданда қай мамандықтарға сұраныс жоғары? Ал қай салаларда жұмыс табу қиындап отыр? Жалпы еңбек нарығында жұмыс берушілер қандай мамандарға басымдық береді және дипломы бола тұра жұмыссыз жүрген жастардың негізгі себебі неде деп ойлайсыз?

– Қазіргі таңда ауданда медицина және білім беру саласының мамандарына сұраныс жоғары. Атап айтқанда, дәрігерлер мен медбикелерге, сондай-ақ химия, физика, орыс тілі мен әдебиеті, география пәні мұғалімдеріне қажеттілік бар. Сонымен бірге логопед, дефектолог, балалар массажын жасайтын мамандар мен есепшілерге де сұраныс артып отыр. Ал кейбір салаларда жұмыс табу қиындау байқалады. Әсіресе мұнай саласы мамандары, техникалық программистер, геодезистер, бастауыш сынып мұғалімдері және мектепке дейінгі тәрбие саласындағы мамандар арасында бәсекелестік жоғары. Себебі бұл бағыттарда маман көп болғанымен, бос жұмыс орындарының саны шектеулі. Бүгінде жұмыс берушілер тек дипломға емес, нақты тәжірибесі мен практикалық дағдысы қалыптасқан мамандарға басымдық береді. Яғни еңбек нарығында кәсіби тәртіпке бейімделген, жауапкершілігі жоғары және жұмысқа дайын кадрларға сұраныс жоғары болып отыр. Ал дипломы бола тұра жұмыссыз жүрген азаматтардың негізгі себептерінің бірі – еңбек нарығы мен білім беру жүйесі арасындағы сәйкессіздік. Кей жағдайда түлектердің мамандығына ауданда сұраныс аз болады. Сонымен қатар тәжірибенің жетіспеуі де маңызды факторлардың бірі. Көптеген жұмыс берушілер тәжірибесі бар мамандарды іздейді, ал жас түлектерде еңбек өтілі болмай жатады. Сондай-ақ кейбір жастар еңбек нарығындағы нақты сұранысқа емес, тек беделді немесе өзіне ұнайтын бағыттарға ғана жұмыс іздейді. Бұдан бөлек, цифрлық және кәсіби дағдылардың талапқа толық сай келмеуі, мемлекеттік бағдарламалар мен бос жұмыс орындары туралы ақпараттың аздығы да әсер етеді.

 Осыған байланысты Мансап орталығы тарапынан кәсіби бағдар беру, қайта даярлау курстарын ұйымдастыру және жастар практикасы секілді бағдарламалар арқылы азаматтарды сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстар – уақытша жұмыспен қамту арқылы табыс табуға мүмкіндік береді. Жұмыс берушінің сұранысы бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары – сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқыту ұйымдастырылады және сұраныс берген мекеме оқу аяқталғаннан кейін тұрақты жұмыспен қамтиды.  Ал, жәрмеңкелер тоқсан сайын немесе ірі жұмыс берушілерден үлкен сұраныс түскенде өткізіледі. Бұл жерде жұмыс іздеуші мен жұмыс беруші бетпе-бет кездесіп, бірден сұхбаттасуға мүмкіндік алады. Бұл — жұмысқа орналасудың ең жылдам жолы.


– Соңғы сауал, биыл Мансап орталығы қандай нәтижелерге қол жеткізді? Нақты көрсеткіштерге тоқталсаңыз.

– 2026 жылдың басынан бері халықты жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы кезеңде жұмыс мәселесі бойынша орталыққа 1043 адам хабарласып, оның 761-і жұмыс іздеуші ретінде тіркеуге алынды. Қазіргі таңда 270 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. Субсидияланған жұмыс орындарына 149 адам жолданды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындары бойынша жылдық жоспар 44 адам болса, бүгінге дейін 16 адам қамтылды. «Күміс жас» жобасы аясында жоспарланған 25 адамның 19-ы жұмыспен қамтылды. Қоғамдық жұмыстарға биыл 194 адамды тарту жоспарланған. Қазірдің өзінде 104 адам жолданып, олардың 8-і тұрақты жұмысқа орналасып үлгерді. Ал «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 105 адамды қамту жоспарланса, бүгінде 11 жас маман тәжірибеден өтуде. Кәсіпкерлікті қолдау бағытында да жұмыстар жалғасуда. Қайтарымсыз мемлекеттік гранттар бойынша 2026 жылы 25 адамды қамту жоспарланған. Бірінші лек маусым айында басталады деп күтілуде, қазіргі таңда ниет білдірушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.Сонымен қатар «Бастау Бизнес» жобасы аясында 120 адамды оқыту жоспарланса, бүгінге дейін 84 адам кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, сертификат алды. Skills.enbek платформасы арқылы оқыту жоспары 160 адамды құраса, қазіргі таңда 122 адам онлайн оқудан өтті. Ұлттық жоба аясында 2026 жылы 183 адамды жұмыспен қамту көзделген. Бүгінде 3 жоба бекітіліп, мердігер мекемелер анықталды және жұмыссыз азаматтар уақытша жұмысқа орналастырылды. Қалған жобалар бойынша іріктеу жұмыстары жалғасып жатыр. Әлеуметтік қолдау шаралары бойынша бүгінде 22 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Бұл 7 ауылдық округ бойынша жалпы 168 адамды қамтиды. Сонымен қатар 2026 жылғы жоспарға сәйкес 2 отбасы қандас және қоныс аударушы ретінде қамтылған. Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту бағытында да нақты жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері бұл санат бойынша 10 адам хабарласып, олардың 6-ы ресми жұмыссыз ретінде тіркелді. Нәтижесінде 1 адам тұрақты жұмысқа, 1 адам қоғамдық жұмысқа, 1 адам «Жастар практикасына», 1 адам «Күміс жас» жобасына жолданды. Сондай-ақ 2 адам «Бастау Бизнес» арқылы кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Бұдан бөлек, жыл басынан бері мүгедектігі бар 34 азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелді. Оның ішінде 7 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 17 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды. Тағы 4 азамат «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін меңгерді. Жалпы орталық тарапынан халықты тұрақты жұмыспен қамту, әлеуметтік осал топтарды қолдау және еңбек нарығындағы белсенділікті арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.


-Мазмұнды әңгімеңізге және маңызды мәліметтермен бөліскеніңізге рақмет. Атқарылып жатқан жұмыстар аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, еңбек нарығындағы тұрақтылықты нығайтуға оң әсер етеді деп сенеміз. Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!


Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT