Маңызы бөлек мамандық

ашық дереккөзден

 

Журналистика жай ғана кәсіп емес, қастерлі міндетіне қоса үлкен жауапкершілік жүгін арқалаған сала саналады. Журналист болу, яғни журналистік мамандық - бұл тек шығармашылық қана емес, қоғамға өзекті, шынайы ақпарат жеткізу бойынша жауапты миссия. Осы ретте журналистерге жүктелген міндет кәсіби біліктілікті, объективтілікті, адалдық пен батылдықты қажет етері белгілі. Қаншама қиындықтар мен сын-сынақтарға қарамастан, өз міндеттерін абыроймен атқарып жүрген олар - бұқара мен биліктің арасын жалғайтын алтын көпір. Ел мүддесі үшін осылайша қажырлы қызмет атқарып жүрген БАҚ өкілдері қашанда жоғары құрметке лайық. 28 маусымдағы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні аталатын мереке – еліміздің ертеңі жолында қалам қуатымен зор үлес қосып жүрген сол жандардың еңбегі ерекше атап өтілетін күн.

Иә, жоғары азаматтық жауапкершілік, объективтілік, қоғам мүддесін қорғау – кәсіби журналистиканың басты қағидаттары саналады. Қоғамдық пікір қалыптастыру да ең қиын міндет. Өз редакцияларының беделін асыру да, қызғылықты да оқылымды материал әзірлеу де солардың мойындарында. Олардың қаламдарынан туған дүниелер құрғақ баяндау болмай, оқыған не көрген, болмаса тыңдаған адамға ой салатындай, ешкімнің ар-намысына тимейтіндей деңгейде болуы тиіс. Осы және өзге де талаптарды екшегенде журналистиканың қыр-сыры көп екені баршаға мәлім бола түседі. Сол талаптың бәрін сақтау –парыз. «Бір ауыз сөз жан тетігін табады, бір ауыз сөз мың әуреге салады» дегендей, халықтың санасына оң әсер етіп, жақсылықтың жаршысы болу да солардың мойындарыңда.

Бүгінде Қазақстанда жалпы баспа басылымдары, телеарналар, радио және интернет-ресурстарды қосқанда мыңдаған бұқаралық ақпарат құралдары қызмет ететінін ескерсек, ондағы жұмыс жасайтын жазу майданы жауынгерлерінің қатары да әлденеше есе арта түсетіні белгілі. Солардың арасында біздің де жерлестеріміз аз емесі анық қанағаттанарлық сезімге бөлейді. Жалпы, журналистиканың тарихы тереңде екенін, ежелгі Мысырда ақпарат папирус парағына жазылып жеткізілетін болғанынан, ал көне Римде хабарландырулардың тақтайшаларға ілініп таратылуынан журналистиканың шежірелі қадамы басталған екен, сол қызметті, яғни қызметтің түпкі мағынасын сақтай отырып бүгінге жеткен бұл сала қазір «Қоғамның айнасы» деп те аталады. Күнделікті тіршілікте болып жатқан хабарларды журналист ой елегінен өткізіп, қалың бұқараға ұсынады. Соның нәтижесінде айналада орын алып жатқан күллі жайттардан ел хабардар болып келеді.

«Қоғамның айнасы» делінуінің өзіндік сыры бар. Жалпы, сарапшылар журналистика қырық алты мамандықтың басында тұр деген пікірді айтады. Бұл ол мамандық иелері басқалардан артық дегенді білдірмейді. Қайта тілшілер қосынының қалам тербемейтін саласы жоқ екендігін аңғартады. Оған мысал да жетіп артылады десек, өзіміздің аудандық газеттің ауызекі тілде «аудан айнасы» атала беретіні, мұны жұртшылық жатсынбай қабылдайтыны да соның бір дәлелі. Ал онда кешелі-бүгін қалам тербеушілердің барлығы да аудандағы сан саладан – өндірістен де, шаруашылықтардан да, мәдениет пен денсаулық сақтау, білім беру салаларынан, құрылыстан, тағы басқаларынан тұрақты қалам тербеп келе жатқанынан оқырманың үлкен-кішісі хабарлы екеніне сөз жоқ. Тағы бір айтарымыз, оқырман не тыңдарман жазудың айналасында жүргендердің баршасын журналист атай беретіні де шындық. «Өткенсіз бүгін жоқ», сол жазудың адамдарынан қазірде арамызда жоқ Жоламан Әбішев, Жұмабек Ахметов, Сағи Бәбиев, Орынтай Исабаев, Күзембай Әміров, Кенжебай Жармұханбетов, Нұралы Әжіғалиев, Сәндібек Ғұбайдуллин, Оңайбай Нағиев, Шапхат Хұсынов, Бауыржан Керей, Серік Орынбасаров, Мұрат Аташев, Мереке Қабиев, Қадіржан Сабыров, Аяпберген Мұханбетов, Ержан Шеруеновтердің есімі елдің жадында қалды. Олардың қаламынан туған дүниелер кезінде ауданның төл басылымының мазмұнын байытты, тақырыбын кеңейтті, жариялылығын арттырды, яғни үлкен-кіші оқырманның «аудан айнасынан» керегін табуына септесті. Олар ауданның тыныс-тіршілігі облыс, республика көлеміне танылуына да өз үлестерін қосқаны анық.

Журналист қай уақытта да өзінің қаламынан қол үзген емес. Соның арқасында алдыңғы буын – ағалар салып кеткен жол жалғасын тауып келеді. Күні бүгінде ардагер журналистердің арагідік болса да басылымдарда қалам тербеп тұруы соған мысал.   Осы журналистика саласын зерделей жүрген мамандар журналистика адамзат баласының мына дүние жайлы ойын қалыптастыратын ақпарат құралы деуін артық айтпағандық деп есептейді екен. Біздің де ойымыз осы төңіректе. Арқалағаны алтын жандар көпшілікке сапалы әрі ашық ақпаратты жеткізіп, қоғам мен елдің мүддесіне қызмет ете бергей дейміз.

Журналистиканың ұлттың рухани бағытын айқындауға пайдасы зор екені де айтылып жүр қазір. Сөз майданының айналасында жүрген әрбір әріптес өз туған жеріміздің қадір-қасиетін сезініп, оны терең сезінулерімен де ерекшеленеді дей аламыз. Осы бір ерекшелікті қазіргі, кейінгі жас журналистер білім мен ғылымды қазақы ойлау жүйесі арқылы өздеріне сіңіре білуді ұмыт қылмаса журналистиканың мәні мен маңызы арта түспегіне сенімдіміз әрі соған тілекшіміз. Оның үстіне қазіргі жастар жоғары оқу орнының қабырғасында жүріп біраз теориялық ілім жинайды. Ол үшін олар ұстаздарына бек риза да болар. Дегенмен оны әрмен қарай дамытып, жетілдіріп, ғаламторды жақсылап үйрену өз қолдарында. Қазіргі уақыт талабы бұрынғы қай кездегіден күрделірек, сондықтан жас әріптестерімізден әмбебап яғни жан-жақты болу талап етілетінін айта кетсек артық болмас дейміз. Қазір ақпаратты әркім де интернетке сала алады, редакцияларға жолдай біледі. Ал сол ақпаратты, яғни жазылған жағдайды бүге-шігесіне дейін, сапалы етіп тарату тек журналистің біліктілігіне байланыс-ты. Әйтпесе әлеуметтік желіден неше түрлі жарияланымдарды көрудеміз. Соның бәрін ашып, ұғынықты етіп жасай білетіндер - журналистер дейтін қауым.

Журналистика - қасиетті мамандық. Әрине, түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Дегенмен, ондай жайттарды еңсеріп шығу әркімнің өзіне байланысты. Осы ретте журналистік мамандықты «Дүниежүзіндегі барша мамандықтардың ішінде маңдайы жарқырап, жұртқа сапалы ақпарат жеткізетін ерекше мамандық. Былайша айтқанда, алтын көпір. Ал ақпарат көздерін анықтай отырып зерделеу әрі оны оқырман қауымға дұрыс жеткізу журналистің тікелей міндеті деп айтсақ, артық емес. Ең бастысы, журналистерге керегі – ішкі рухтың мықтылығы. Мықты адам болсын, журналист не өзге саланың майталманы болсын, рухы, ерік-жігері мықты болса, биікті бағындырады» деп әділ баға беретіндердің пайымды пікірлерінен аттап өте алмайсың.

Сөз майданы сарбаздары туралы айтқандағы тағы бір ерекшелік, олардың ауыл, ауданда басқа мамандық иелеріндей емес, саусақпен санарлық болуы осынау маңызы бөлек мамандықты кез келгеннің меңгеріп кете беруі мүмкін емесін де көрсетерлік мысал. Сондықтан олардың қатары бұрын да көп болмайтын, бүгін де сол қалпынан өзгере қоймады. Яғни, күні бүгінге Қазақстан Республикасы Журналистер одағы аудандық филиалының құрамында оншақты журналист қана есепте тұрады. Олар – Ибатолла Сәтенұлы, Мұрат Бектенұлы, Жайнарбек Бержанов, Аяпберген Салихов, Мүтиғолла Насиханов, Жоламан Дәулетияр, Адайбек Есекеш, Жайна Мәлімқожа, Сағыныш Қайыр және осынау ұйымға қадери-қалінше жетекшілік етіп келе жатқан осы жолдардың авторы.  

Жалпы, журналист қаламынан туған дүниелерді зерделейтін болсақ, олардың ойлайтыны – елдіктің қамы, жұртшылықтың жайы. Сол үшін тәрбие тақырыбын да толғайды, жақсы бас-тамаларды қолдайды, тарихты да қозғайды, өнбейтін дауды қазбайды, өзінікі дұрыс болса шегінбейді, бұрыс жайтты көрсетуге ерінбейді, өзін емес, өзгені қорғаудан қашпайды, қай тұста да әдептен аспайды. Кейде сол үшін алғыс та алады, кейде айтысуға дейін барады. Бірақ ешқашан жазудан қалмайды.
Міне, сол жазу майданы жауынгерлері үшін кәсіби мерекесі де таяды. Осы сәтте үлкен-кіші әріптестерге жазарларыңыз көбейсін, дендеріңіз сау, отбастарыңыз аман болсын деген ізгі де игі тілегімізді жолдаймыз.

Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ,
Қазақстан Республикасы Журналистер одағы аудандық ұйымының төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT