Мәдениет мерейі асқақтады

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында өңірімізде руханият пен өнердің шырағын жағып, ел бірлігін бекемдеген тағылымды шаралар өткізілді. Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған «Шынайы шымылдық» халықтық театрлар арасындағы облыстық фестиваль өнердің өміршеңдігін, халықтық театрлардың қуатын айшықтауда. Бұл фестиваль сахна өнері арқылы қоғамдағы әділет, тәртіп, адамгершілік құндылықтарды дәріптеуді мақсат етіп, көрерменге ой салар, жүрекке жетер туындыларды ұсынды.

Фестивальге Атырау қаласы мен аудандардан келген халықтық театр ұжымдары қатысып, өңір жұртшылығына өздерінің үздік қойылымдарын паш етті. Әрбір сахналық туынды – өмірдің өзінен алынған шынайы оқиғалар мен тағдырлар тоғысқан тағылымды көріністерге толы болды. Солардың қатарында Н.Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйі жанындағы Ғатау Рамазанов атындағы «Халықтық» театры көпшілік назарына осы уақытқа дейін аудан тұрғындарының жүрегінен орын алған «Табалдырық» драмасын ұсынды. Қойылымда адам тағдыры, ар-ождан, отбасы құндылықтары мен қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелері терең қозғалып, көрерменді бейжай қалдырмады. Ел арасынан таңдалып алынған қарапайым әртістердің шынайы ойыны мен сахналық шешімдердің үйлесімі залдағы әрбір жанның көңілін толқытты. Театр ұжымына аудан және ауылдық округ әкімдігі мен аудан жұртшылығы ерекше қолдау білдіріп, Махамбет Өтемісұлы атындағы Академиялық қазақ драма театрының көрермен залы лық толды. Бұл – халық театрына деген құрмет пен сенімнің айқын көрінісі еді. Жергілікті халық театрының өнерін арнайы келіп тамашалаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Сақтайұлы театр ұжымының еңбегіне жоғары баға берді.

 

 

— Бүгін біз сахнадан жай ғана қойылым емес, тұтас бір тағдырлар шежіресін көрдік. «Табалдырық» драмасы арқылы адам жанының терең иірімдері, қоғам алдындағы жауапкершілік, адалдық пен әділдік секілді асыл қасиеттер айқын көрініс тапты. Халықтық театрдың кәсіби деңгейге жақын ойыны, әртістердің шынайылығы көңіл қуантады. Бұл – аудан мәдениетінің биік белесі. Осындай рухани байлықты жас ұрпақтың бойына сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз,-деді ол.

Сонымен қатар Н.Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінің директоры Мақсот Ислат тағы бір жағым-ды жаңалықпен бөлісті. Аталған мәдениет үйі «Рухани қазына – 2026» облыстық мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің фестиваліне қатысып, республикалық кезеңіне жолдама алды. Барлық өңірлердегі өнер және мәдениет қызметкерлерінің қатысуымен өтетін бұл байқаудың облыстық кезеңінде аудан тарихында алғаш рет «Үздік мәдениет үйі» номинациясын иеленіп, республикалық кезеңде бақ сынауға мүмкіндік алып отыр. Бұл жетістік – ұжымның табанды еңбегі мен шығармашылық ізденісінің нәтижесі. Аудан мәдениетінің мерейін асырған бұл жеңіс – тек бір мекеменің ғана емес, тұтас өңірдің абыройы.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕН 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Референдум 2026

Референдум 2026