Мәдениет – рухани мәйек

ашық дереккөзден

 

Наурызнаманың үшінші күні – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні.

Бұл - халқымыздың мәдени бай мұрасы ұлықталып, оны болашақ ұрпаққа жеткізудің мән-маңызы айқындалатын күн. Тіршілігіміздің әр табы салт-дәстүрмен сабақтасатын халқымыз үшін оның орнықты қолданылып, өмірімізді өрнектей түсуі қай ғасырда да өзекті болған. Сол себепті атаулы күннің тақырыптық мазмұны мәдениетті, өнерді және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған. Бұл күні еліміздің әр аймағында мәдениет және ұлттық салт-дәстүр мәні мереке өзегіне айналып келе жатқанына да куәміз. Осы жолы да мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналатын болып белгіленген атаулы күні қолға алынған іс-шаралардың бәрі осы тақырыпта өрбіп жатты.

Осы күнге орай аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Жалын» мәдениет үйінде халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптеуге бағытталған «Дәстүр time» quiz интеллектуалды ойыны жоғары деңгейде өтті. Бұл ойын – жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, ата-бабадан мирас болып келе жатқан дәстүрлерімізді тануға, құрметтеуге үндейтін маңызды шара.

Қазақ халқы қашанда салт-дәстүрін қадірлеп, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп жеткізген. Осындай тағылымды ойындар арқылы біз ұлттық мәдениетімізді насихаттап, жас буынның санасына рухани құндылықтарды сіңіре аламыз.

Жалпы аудан мекемелері арасынан 7 команда қатысқан осынау куиз ойынында І орынды Аққыстау орта мектебі командасы, ІІ орынды Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп командасы, ІІІ орынды «Мәдениет» командасы жеңіп алды. Қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Ойынға белсенді қатысып, өз білімдері мен біліктерін ортаға салған барлық қатысушыларға да алғыс сезімдерін білдірген ұйымдастырушылар осындай мазмұнды шаралар тек бір мерекемен шектелмей, алдағы уақытта да жалғасын табарына сенімді екендіктерімен бөлісті. «Ұлттық құндылықтарымыз әрдайым ұлықталып, дәстүріміз мәңгі жасай берсін!» десті олар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT