Білім – шекара талғамайтын құндылық. Ал оны дамыту жолындағы тәжірибе алмасу – нағыз кәсіби өсу алаңы. Осы ұстанымды ту еткен мектеп-гимназияның мұғалімдері Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында өткен «Learning together, Growing together» атты халықаралық конференцияға қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісіп қайтты. Халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткен ауқымды жиында қазақстандық педагогтер мектептегі зерттеу нәтижелерін ұсынып, панельдік пікірталастарға қатысып, 10 шеберлік сабағын өткізді. Сонымен қатар 64 педагог постерлік көрмеге қатысып, 124 мұғалім ауызша баяндама жасаған. Конференция барысы ағылшын тілінде жүргізілген.
Сол аталған білім ордасынан төрт мұғалімінің зерттеу жұмыстары алдын ала іріктеуден өту арқылы ресми шақырту алған. Конференцияда үш мұғалім команда болып құрылып, директордың инновациялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Гүлфариза Қуанғалиқызы, ағылшын тілі пәні мұғалімі Айнұр Хуатқызы және көркем еңбек пәні мұғалімі Таңшолпан Кенжебекқызы «Бақылаудан зерттеуге дейін: Оқыту айналымдары (Instructional Rounds) арқылы сабақты зерттеудің (Lesson Study) жаңа мәдениетін қалыптастыру» тақырыбында баяндамаларын қорғаған.Осы орайда бізбен байланысқан мектеп-гимназия директорының инновациялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Гүлфариза Қуанғалиқызы халықаралық жиыннан алған әсерімен бөлісті.

– Бұл конференция біз үшін тек тәжірибе ұсынатын алаң ғана емес, кәсіби тұрғыда жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік берген маңызды баспалдақ болды. Әсіресе Lesson Study үдерісін Instructional Rounds арқылы тереңдету, мұғалімдердің назарын «кім қалай сабақ берді?» деген бағалаудан «оқыту қалай жүріп жатыр?» деген мазмұндық талдауға бағыттау біз үшін үлкен жаңалық әрі тиімді тәсіл болды. Шетелдік әріптестердің қызығушылық танытып, сұрақтар қоюы біздің жұмысымыздың өзектілігін көрсетті. Конференцияның ашылу салтанатында Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрі Д.Кендірбаева, Түркия елінің амбассадоры Мэкин Окем, Түркия Білім министрінің кеңесшісі К.Дулкадироглы және Манас университетінің ректоры А.Сэйлан сөз сөйлеп, білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын тілге тиек етті. Жиын барысында қатысушылар жапондық ғалым Tetsuo Kuramoto, шотландиялық сарапшы Брюс Лэндер, қырғызстандық профессор Дюлшон Шаматов, қазақстандық білім реформаторы Ануар Жанғозин және «Sapat» халықаралық білім беру ұйымдарының жетекшісі Рахмл Орал сынды халықаралық деңгейдегі мамандардың панельдік сессияларына қатысты. Секциялық отырыстарда әріптестеріміз өз тәжірибелерімен бөлісіп, шетелдік әріптестер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Lesson Study бағытындағы шеберлік сабақтарына қатысып, постерлік көрмелер арқылы жаңа идеялармен танысты. Ең маңыздысы – Қырғызстандағы халықаралық мектептерде ұйымдастырылған зерттеу сабақтарына қатысып, нақты тәжірибе негізінде кәсіби тұжырымдар жасап, тың «инсайттар» алдық. Бұл тәжірибені мектеп ішінде жүйелі түрде жалғастырып, әріптестерімізбен бөлісу – басты мақсатымыз, – дейді ол өз сөзінде.

Ал математика пәні мұғалімі Алтынай Мұхитқызы жекелей сол конференцияда «D-LS моделі: математикадағы айтылым және тыңдалым дағдыларын дамытуға арналған сұрақ қою стратегиялары» тақырыбында өз зерттеуін қорғаған. Оның жұмысы цифрлық Lesson Study аясында оқушылардың математикалық ойлауын, дәлелді сөйлеуін және тыңдалым мәдениетін дамытуға бағытталған. Осылайша жаһандық деңгейде өткен тағылымды басқосу әртүрлі елден келген зерттеуші-мұғалімдермен пікір алмасу ұстаздардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, жаңа серпін бергені сөзсіз. Бұл сапар тек тәжірибе алмасумен шектелмей, мектеп-гимназия мұғалімдерінің зерттеушілік мәдениетін қалыптастырудағы маңызды қадамға айналғандай. Бүгінде білім беру жүйесінде тек сабақ өткізу емес, оны зерттеу, талдау және жетілдіру басты назарға алынуда. Осы бағытта мектеп-гимназия ұстаздары «оқытудан – зерттеуге» көшу жолында нақты нәтижелер көрсетіп келеді.
Сөзімізді қорытындылай келгенде, халықаралық деңгейдегі мұндай алаңдар жаңашыл ұстаздардың басын қосып, идеялар ұштасатын, тәжірибелер тоғысатын орта екені даусыз. Ендеше, жасампаздық пен жаңашылдыққа ұмтылған жаһандық деңгейде бағы мен бабын қатар сынайтын білікті мамандар қатары арта берсін дейік.
Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

