Мектеп-гимназияның алғашқы түлектері жаңа өмірге қадам басты

 

Исатай ауданы білім бөліміне қарасты мектеп-гимназияда биылғы соңғы қоңырау салтанаты ерекше әсермен өтті. Үшінші рет ұйымдастырылған мерекелік шараның бұл жолғы маңызы айрықша болды. Себебі білім ордасы өз тарихындағы алғашқы түлектерін үлкен өмірге шығарып салды.

 

 

2023 жылы пайдалануға берілген мектеп-гимназия алғаш ашылған сәтте 167 оқушыны қабылдаған еді. Қазіргі таңда мұнда 292 шәкірт білім алуда. Заманауи талапқа сай жабдықталған білім ордасында сабақтар түске дейін жүргізілсе, түстен кейін оқушылардың қосымша білім алып, шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамытуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Ал осы мектеп-гимназияның алғашқы түлектері қатарын 12 оқушы құрап отыр.

 

 

Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудандық білім бөлімі басшысы Гүлайна Махмудақызы бұл күннің тарихи мәніне ерекше тоқталып өтті.

— 2023 жылы ауданымызда жаңа мектеп-гимназия ашылып, білімге құштар оқушылар осы шаңырақтың табалдырығын үлкен үмітпен аттаған болатын. Бүгінде сол шәкірттер алғашқы түлек атанып, үлкен өмірге қанат қағып отыр. Бұл — мектеп ұжымы үшін ғана емес, барша аудан жұртшылығы үшін зор қуаныш әрі мақтаныш. Сіздер осы білім ордасының тарихындағы алғашқы қарлығаштар ретінде әрдайым есте қаласыздар. Алдағы өмірлеріңіз жарқын болып, биік белестерден көріне беріңіздер, — деді ол.

 

 

Кеш барысында түлектер ерекше естелік ретінде «Мектеп альбомының» алғашқы бетін толтырып, оны мектеп басшысы Тәбилә Игібайқызына табыстады. Сонымен қатар мерекелік кеште әсем әндер шырқалып, ұстаздарға деген алғыс пен мектепке деген сағынышқа толы жүрекжарды лебіздер айтылды.

Дәстүрге сай 11-сынып оқушылары 3-сынып бүлдіршіндеріне білім жолында сәттілік тілеп, кітап сыйлады. Ал 9-сынып оқушыларына «білім кілті» салтанатты түрде табысталды.

 

 

Кештің ең толқынысты сәті — алғашқы түлектердің соңғы қоңырауды бірге соғуы болды. Мерекелік шара соңында ұстаздар мен оқушылар мектеп-гимназияның гимнін бірге орындап, оқу жылын табысты аяқтағандарына қуаныш білдірді. Әсем әуенмен өрілген сол бір сәтте мектеп ауласын қимастық сезімі мен болашаққа деген сенім кернеді.

 

 

Ұстаздар шәкірттеріне ақ жол тілесе, түлектер алтын ұясына деген шексіз ризашылықтарын жеткізді. Расында, соңғы қоңырау — әр адамның жүрегінде өмір бойы сақталатын, уақыт өткен сайын сағынышпен еске алынатын ерекше күн.

 


Е.ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT