Мемлекеттік қызметшілер – дүбірлі додада

 

Мемлекеттік қызметші – ел мүддесін бәрінен биік қоятын, халыққа қалтқысыз қызмет етуді басты парыз санайтын тұлға. Кәсіби біліктілік пен жоғары жауапкершілікті талап ететін бұл сала өкілдері тек қызметте ғана емес, салауатты өмір салтын ұстануда да көпшілікке үлгі болуда. Мұны ҚР Мемлекеттік рәміздері күні мен Мемлекеттік қызметшілер күніне орай өткен дәстүрлі облыстық спартакиада тағы бір мәрте дәлелдеді. Салауатты өмір салтын насихаттап, мемлекеттік қызметкерлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды мақсат еткен дүбірлі додаға өңірдің әр түкпірінен жиналған 16 команда құрамындағы 300-ден астам мемлекеттік қызметші қатысты.

Спартакиада аясында қатысушылар футбол, баскетбол, волейбол, қазақ күресі, киберспорт, жүзу, шахмат, үстел теннисі және тоғызқұмалақ секілді спорт түрлерінен өзара бақ сынасты. Тартысқа толы жарыста Исатай ауданының мемлекеттік қызметшілері де намысты қолдан бермей, жоғары дайындық пен жеңіске деген жігерлерін көрсете білді. Команданың көшін бастаған аудан әкімі Нұрым Мусин мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлзада Абилова үстел теннисінен сынға түсіп, қарсыластарынан басым болды. Нәтижесінде екеуі де алтыннан алқа тағып, аудан құрамасының командалық есепте бірінші орынға көтерілуіне зор үлес қосты. 

 


Зияткерлік ойындардың төресі саналатын тоғызқұмалақтан да аудан құрамасы тамаша нәтиже көрсетіп, жалпы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Жекелей сында ІІІ тақта бойынша аудан әкімі аппаратының кадр қызметі және персоналды басқару бөлімінің басшысы Ұлпан Мұхтарова чемпион атанса, ІІ тақтада Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ерболат Махашов жеңіс тұғырынан көрінді. Ал І тақтада бақ сынаған аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов қола жүлдені қанжығасына байлады.

 

 

Мемлекеттік   қызметшілердің тек білім мен біліктілікте ғана емес, спортта да мықты екендігін қазақ күресінен қол жеткізген жетістіктері айқын дәлелдеді. Ұлттық спорт түрінен аудан құрамасы жалпы командалық есепте үшінші орынды иеленді. Жекелей жарыстарда 90 келі салмақ дәрежесінде аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Марат Жұмабеков қарсыластарының барлығынан басым түсіп, чемпион атанды. 82 келі салмақта аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Дамир Фархад күміс жүлдеге ие болды. Ал 100 келі салмақта Жанбай ауылдық округінің әкімі Ерлан Махсотов күміс медаль жеңіп алса, +100 келі салмақта аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрбол Жампейсов қола жүлдені еншіледі.

 

 

 

Бұл жетістіктер мемлекеттік қызметшілердің өз саласындағы кәсіби біліктілігімен қатар, спортқа деген сүйіспеншілігі мен салауатты өмір салтын берік ұстанатынын көрсетеді. Сонымен қатар ол жарыс барысында қалыптасқан достық қарым-қатынас пен командалық рух мемлекеттік қызметтің де басты қағидаларының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. 

 

 

Облыстық спартакиадада жеңіс тұғырына көтерілген чемпиондар шілде айында өтетін республикалық спартакиадада Атырау облысының намысын қорғайтын болады. 

Еркебұлан УАЛИТХАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT