Мемлекеттік қызмет – халықтың сенімін арқалап, елдің игілігі жолында аянбай еңбек етуді талап ететін жауапты сала. Қандай қызмет атқарса да, мемлекеттік қызметкер ел алғысына бөленумен қатар, қоғам сынына да жиі ұшырайды. Өйткені бұл мамандықтың басты өлшемі – халық мүддесіне адал қызмет ету. Мұнда жынысқа бөліну жоқ: ер болсын, әйел болсын, мемлекет пен қоғамның дамуына үлес қосқан әрбір жан елге қызметте өз ізін қалдырады. Біздің ауданда шалғай ауылда жүріп-ақ ұзақ жылдар бойы бір салада табан аудармай еңбек етіп келе жатқан білікті мемлекеттік қызметшілер саусақпен санарлық десек болады. Солардың бірі – Исатай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Рая Маңғыбаева.
Қырық екі жылдық еңбек жолының жиырма төрт жылын мемлекеттік қызметке арнаған Рая Уанқызы бүгінде тәжірибелі де білікті маман ретінде ел сенімін ақтап келеді. Ол 1964 жылдың 26 тамызында ауданның Жанбай ауылында дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған соң Гурьев ауыл шаруашылығы техникумының ветеринария бөлімін бітіріп, веттехник мамандығын игерді. Ветеринария саласы көбіне ер азаматтарға тән мамандық саналса да, туған өлкесінің ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосуды мақсат еткен Рая Уанқызы осы бағытты таңдап, оған өмірінің 26 жылын арнады. Еңбек жолын 1984 жылы бастап, 2010 жылға дейін ветеринария саласында үздіксіз қызмет атқарды. Әр жылдары Новобогат аудандық ветеринариялық стансасының Исатай бөлімшесінде, кейін Махамбет аудандық ветеринариялық стансасының Исатай бөлімшесінде веттехник болып еңбек етті. Сондай-ақ Исатай селолық кеңесінің ветеринар маманы, аудандық ветеринариялық қадағалау бөлімінің маманы, «Атырау облыстық малдәрігерлік зертханасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының кіші малдәрігері секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Ветеринария саласында мол тәжірибе жинақтаған маман 2010 жылдың 17 ақпанында ауысу тәртібімен Исатай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы қызметіне тағайындалды. Содан бері он алты жылдан астам уақыт бойы осы қызметте табанды еңбек етіп келеді.
Бүгінде Рая Уанқызының қызмет ауқымы өте кең. Ол округтің санитарлық тазалығы мен көріктендіру жұмыстарын үйлестіруден бастап, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту, жер қатынастары мәселелерін реттеу, төтенше жағдайлардың алдын алу, әскери есепке алу, салық түсімдерін нақтылау, мемлекеттік рәміздерді насихаттау, гендерлік саясатты жүзеге асыру, сайлаушылар тізімін жаңарту және электронды құжат айналымын жүргізу секілді маңызды міндеттерді атқарады. Аудан деңгейінде бірнеше бөлім мен маманның еншісіндегі жұмыстар ауылдық жерде бір маманның жауапкершілігіне жүктеледі. Осындай сан-салалы міндетті үйлестіріп, нәтижелі атқару үлкен тәжірибе мен кәсіби біліктілікті талап етеді. Рая Маңғыбаева–осы талап үдесінен шығып келе жатқан білікті мемлекеттік қызметшілердің бірі. Әсіресе ауылдық жерде мемлекеттік қызметтің жүгін көтеру оңай емес. Халықпен тығыз байланыста жұмыс істеу, түрлі мәселелердің шешімін табу, құжат айналымын уақытылы жүргізу үлкен тәжірибе мен төзімділікті талап етеді.

Рая Уанқызы мемлекеттік қызмет ел алдындағы үлкен жауапкершілік екенін де айрықша атап айтады.
- Менің мемлекеттік қызметке келуімнің басты себебі – қоғамға және мемлекетіміздің дамуына өз үлесімді қосу ниетім. Мемлекеттік қызмет халықтың әл-ауқатын арттыруға, заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды сала деп есептеймін. Сондықтан өз білімім мен тәжірибемді ел игілігі жолында тиімді пайдалануға ұмтыламын. Қызмет барысында адалдық, жауапкершілік және кәсібилік қағидаттарын басшылыққа аламын. Мемлекеттік қызмет – тек жұмыс орны емес, халық алдындағы үлкен жауапкершілік,- дейді ол.
Кейіпкеріміздің ұзақ жылғы адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі елеусіз қалған жоқ. Әр жылдары аудан әкімінің бірнеше алғыс және құттықтау хаттарымен марапатталды. 2012 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу ұйымдары қызметкерлері кәсіподақтарының орталық комитеті тағайындаған III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісіне ие болды. 2021 және 2025 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің алғыс хаттарымен марапатталды. Қырық екі жылдық еңбек жолының он алты жылын мемлекеттік қызметке арнаған Рая Уанқызы бүгінде жас мамандарға үлгі боларлық тәжірибелі қызметкер. Тұрақсыздық белең алған кезеңде тұрақтылықтың үлгісін көрсетіп, ел игілігі үшін еңбек етіп келе жатқан оның қызмет жолы – адалдық пен жауапкершіліктің жарқын көрінісі.
Адал еңбек пен кәсібіне деген жауапкершілік – нағыз мемлекеттік қызметшінің басты қасиеті. Рая Уанқызының көп жылғы еңбек жолы осының айқын дәлелі. Қай салада қызмет атқарса да, ол өз ісіне берілгендігімен, тәжірибесімен және халыққа жақындығымен ерекшеленіп келеді. Ел игілігі жолындағы еселі еңбегі кейінгі буынға үлгі болып, мемлекеттік қызметтің мәртебесін арттыра түсері сөзсіз. Осындай білікті де тәжірибелі мамандардың еңбегі әрдайым құрмет пен алғысқа лайық.
Еркебұлан ЗИНЕДЕН



