Мемлекеттік қызмет – ел басқарудағы ең жауапты әрі сенім жүктелген сала. Қоғам дамып, заман талабына сай мемлекеттік қызмет саласына да жаңа талаптар мен өзгерістер енгізілуде. Осы орайда бүгін ауданға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұрлан Еркебаев және Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Еркебұлан Ғабдығапаров ауданның мемлекеттік қызметшілерімен кездесті.
Жиынға мемлекеттік қызмет ардагерлері, ауданға қарасты жеті ауылдық округ әкімдері мен мамандары, бөлім басшылары, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа өзгерістер, білім жетілдіру мүмкіндіктері, әдеп қағидаттары мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы мәселелер кеңінен сөз болды. Алғашқы болып сөз алған ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиал директоры Еркебұлан Серікұлы 2026–2027 оқу жылына қабылдау науқанына енгізілген жаңа өзгерістер туралы жан-жақты ақпарат берді. Оның айтуынша, биыл Академияға қабылдау талаптары мен білім беру бағдарламаларына бірқатар маңызды жаңашылдықтар енгізілген.

– Құжаттарды қабылдау мерзімі бұрынғы 2 ай 25 күннен 2 айға дейін қысқартылды. Сонымен қатар функционалдық еңбек өтілін анықтайтын арнайы комиссия құрылды. Білім беру бағдарламаларының саны 12-ден 16-ға дейін артты. Магистратураға бөлінетін гранттар саны да 1,5 еседен астам көбейді. Сонымен қатар «Мемлекеттік саясат», «Мемлекеттік басқару», «Халықаралық қатынастар» секілді бағдарламалардың ғылыми-педагогикалық бағытқа көшуіне байланысты оқу мерзімі 1,5 жылдан 2 жылға ұзартылғанын атап өткім келеді. Ал «Адами ресурстарды басқару» бағдарламасы «Адами ресурстарды стратегиялық басқару» бағытына өзгертіліп, оқу мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзарды. Сондай-ақ «Өңірлік даму» бағдарламасы бойынша да оқу мерзімі ұзартылды, - деді ол.

Еркебұлан Серікұлы «Мемлекеттік саясат» бағдарламасына түсушілер үшін ағылшын тілін меңгергенін растайтын сертификат талап етілетінін, ал «Мемлекеттік басқару» бағдарламасына үміткерлердің басшылық қызметтегі еңбек өтіліне қойылатын талап 2 жылдан 3 жылға дейін ұлғайтылғанын жеткізді.Сөз соңында ол мемлекеттік қызметшілерді үздіксіз білім алуға шақырып, Академияға ең көп түлек жіберіп отырған аудандардың алдыңғы қатарында Құрманғазы мен Исатай аудандары бар екенін мақтанышпен атап өтті. Кездесудің келесі бөлімінде сөз алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұрлан Тәңірбердіұлы «Адал азамат» ұғымының мәні мен мемлекеттік қызметшінің қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы тағылымды әңгіме өрбітті. Ол өз сөзін қазақ халқының терең мағыналы даналығымен бастады.

– «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек. Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» дейді қазақ. Ат үстінде өскен халқымыз әрдайым мықтылықты тұлпармен теңеген. Бұл сөздің астарында әр адамның арасында елге сыйлы, жұртқа қадірлі азаматтың болатыны жатыр. Қазақ «Міне, азамат!» деп ел үшін еңбек еткен ерді бекер дәріптемеген. «Адал азамат» ұғымы да осындай қасиеттерден қалыптасады. Жалпы мемлекеттік қызметте сынға төзімділік пен сабырдың маңызды екенін де ерекше атап өткім келеді. Түркі халықтарында «Отаныңа қызмет ету жолында намысың тапталуға дайын бол. Себебі қанша еңбек етсең де, сені кінәлайтындар табылады» деген сөз бар. Расында, кейде әділетсіз сын да айтылуы мүмкін. Бірақ соған бола жігерімізді жасытып, қызметтен бас тартуға болмайды. Керісінше, айтылған пікірден сабақ алып, өзімізді дамытуымыз қажет, – деді ол.
Кездесу барысында Нұрлан Еркебаев мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа өзгерістерге де тоқталды. Атап айтқанда, азаматтарға қызмет көрсетуде проактивтілікті арттыру, өтініштерді формалды түрде қарамау, талантты жастарды мемлекеттік қызметке тарту тетіктерін кеңейту, «Мінсіз бедел» қағидаты арқылы кадрларды ілгерілету, горизонталды мансаптық өсуді енгізу және әлеуметтік қолдау шараларын күшейту жөнінде кеңінен түсіндірді.

Жиынның ерекше әсерлі сәттерінің бірі – қатысушыларға қойылған ситуациялық сұрақ болды. Онда қаржылық қиындыққа тап болған мемлекеттік қызметшіге танысы қызметтік мүмкіндігін пайдаланып мәселе шешуді ұсынғаны баяндалды. Алайда кейіпкер оның заңсыз екенін түсініп, ұсыныстан бас тартады. Осы жағдайда қатысушылардың қандай шешім қабылдайтыны сұралды. Көпшілік заңсыз әрекеттен бас тарту керектігін айтса, бір қатысушының: «Егер жемқорлыққа итермелеген адамды ұстап бергенге сыйақы берілсе, соны пайдаланып жағдайымды түзетер едім» деген әзілі залдағы қатысушыларды күлкіге бөледі. Дегенмен Нұрлан Тәңірбердіұлы бұл мысал арқылы қоғамдағы туыстық пен таныстық қатынастың кей жағдайда жемқорлықпен күреске кедергі келтіретінін ашық жеткізді. Оның айтуынша, қазақы «ұят болады», «обал болады» деген түсінік кейде заң бұзушылықты жасырып қалуға себеп болып жатады. Сөз соңында ол бақылау әлсіреген жерде жемқорлықтың күшейетінін айқындаған Клитгаард формуласын қазақтың «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген нақылымен сабақтастырды.

Кездесу соңында қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ой-пікірлерімен ашық бөлісті. Ашық диалог форматында өткен тағылымды жиын мемлекеттік қызметтің тек лауазым емес, ел алдындағы үлкен жауапкершілік екенін тағы бір мәрте айқындап берді. Жиын барысында айтылған мазмұнды ойлар мен өмірлік мысалдар қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Мұндай кездесулер мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, елге адал қызмет етуге деген жауапкершілікті нығайта түсетіні анық.

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

