Мемлекеттік қызмет – ел мен халық арасын жалғайтын маңызды институт. Оның тиімділігі тұрғындардың мемлекеттік органдарға деген сенімімен, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі арқылы бағаланады. Бүгінде мемлекеттік қызмет жүйесінде ашықтықты арттыру, цифрландыруды дамыту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және кәсіби кадрлар корпусын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда аудандағы мемлекеттік қызмет саласының бүгінгі ахуалы, кадрлық әлеует, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен жастарды қолдау мәселелері төңірегінде аудан әкімі аппаратының басшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Бизнес және басқару магистрі Арманбек Амантайұлы Махмутовпен әңгімелескен едік.
– Әңгімемізді аудан бойынша мемлекеттік қызметшілердің жай-күйінен бастасақ?
– Исатай ауданы әкімдігіне қарасты аудан әкімі аппараты, жеті ауылдық округ әкімі аппараттары және 8 дербес бөлім бар. Жалпы штат саны 85, нақты 81 штат бірлігін құрайды. 2026 жылдың өткен мерзімі бойынша бойынша бос мемлекеттік лауазымға жариялаған конкурс бойынша 13 мемлекеттік қызметші жұмысқа орналасты. Қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілердің 78-і, яғни 96 пайызы жоғары білімді.
– Әрине, бұл жақсы көрсеткіштер. Дегенмен мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру қалай жүзеге асырылуда? Мемлекеттік қызметшілерді қаншалықты тағылымдамалардан өткізіп тұрасыздар?
– Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалы мен жыл басында жоспар бекітіліп, соған сәйкес мемлекеттік қызметшілерді оқуға жіберіп отырамыз.
Биылғы жылдың 6 айында «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне алғаш кірген мемлекеттік қызметшілерге арналған қайта даярлау курсына - 4, біліктілігін арттыру семинарына 7 мемлекеттік қызметші қатыстырылып, өз білімдерін жетілдірді. 2026 жылға арналған тағылымдамадан өту кестесіне сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу мақсатында 4 мемлекеттік қызметші тағылымдамадан өткен болатын. Оның ішінде: Атырау облысы әкімі аппаратынан - 2, облыстық басқармалардан 2 мемлекеттік қызметші тағылымдамадан өтті.
– Бос мемлекеттік лауазымның жариялануы, конкурстық әңгімелесу отырысының өткізілу барысы мен ашықтығына толығырақ тоқталып өтсеңіз?
– 2026 жылғы 1 сәуірден бастап мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңартылған тәртібі енгізілді. Жаңа жүйе іріктеу процесін толыққанды цифрландырып, конкурс рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Конкурсқа қатысу үшін кандидаттар өтініштерін eqyzmet.gov.kz порталы арқылы онлайн түрде береді. Бұл тәсіл уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, мемлекеттік қызметке кіру процесінің ашықтығын арттырады.
Мемлекеттік лауазымдарға кандидаттар конкурсқа қатысар алдында заңнаманы білуге арналған тестілеуден, сондай-ақ жеке қасиеттерін бағалау кезеңінен өтеді. Заңнамалық тест Қазақстан Республикасының Конституциясы, «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» және «ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдары, сондай-ақ Әдеп кодексі бойынша жүргізіледі. 55 сұрақтан тұратын тестілеуде кемінде 30 дұрыс жауап беру және әрбір нормативтік акт бойынша кемінде 5 дұрыс жауап көрсету қажет.
Жеке қасиеттерді бағалау үш бағдарлама бойынша өткізіледі:
– басшылық лауазымдарға арналған (10 құзырет);
– басшылық емес лауазымдарға арналған (7 құзырет);
– жұмыс өтілін талап етпейтін төменгі лауазымдарға арналған (эмоционалдық, әлеуметтік және логикалық қабілеттер).
Тестілеу нәтижелері бір жыл бойы жарамды. Кандидаттар жеке қасиеттерді бағалау тестін айына үш ретке дейін тапсыра алады.
Конкурсқа ең жоғары балл жинаған 5 кандидат жіберіледі. Құжаттар жеке кабинет арқылы ұсынылады.
Басшылық лауазымдарға кандидаттар эссе жазып бейнебайланыс арқылы әңгімелесуден өтеді. Ал басқа лауазымдарға кандидаттар практикалық тапсырмалар орындайды.
Жүйе барлық нәтижелерді автоматты түрде есептейді. Ең жоғары жиынтық балл жинаған кандидат жеңімпаз деп танылады. Балл тең болған жағдайда еңбек өтілі мен білім деңгейі ескеріледі.
Жалпы іріктеу кезеңдерінің ашықтығы, объективтілігі және әділдігін қамтамасыз ету мақсатында (әңгімелесу кезеңін қоспағанда) барлық кезеңдерде прокторинг қолданылады.
Жаңа тәртіпке сәйкес конкурс рәсімдерінің ұзақтығы айтарлықтай қысқарып, орта есеппен 5–7 жұмыс күнін құрайды (бұрын 23–30 күн болған).
Жалпы, жаңартылған жүйе мемлекеттік қызметке қабылдау процесін жеңілдетіп, оның ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ кәсіби кадрларды тартуға мүмкіндік береді.
– Ал аудан бойынша Әдеп жөніндегі уәкіл қызметін қоса атқарып келесіз, осыған қысқаша тоқталып өтсеңіз?
–Әдеп жөніндегі уәкіл қызметін 2024 жылғы 1 шілдеден бастап атқарып келемін. Әдеп жөніндегі уәкілдің негізгі міндеті – мемлекеттік қызметшілер арасында қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға жәрдемдесу, сондай-ақ ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыруға ықпал ету. Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілерге кеңес беріп, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, қызметтік қатынастарда туындайтын мәселелер бойынша бағыт-бағдар береді.
Бұл институттың қоғам үшін маңызы зор, өйткені ол мемлекеттік аппараттың ашықтығын, жауапкершілігін және халыққа қызмет көрсету мәдениетін нығайтуға ықпал етеді. Қызметтік әдептің сақталуы – азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырады. Яғни, Әдеп жөніндегі уәкіл институты мемлекеттік қызмет пен қоғам арасындағы сенімді байланысты күшейтетін маңызды тетік.
–Ауданда қандай мемлекеттік қызметтер көрсетіледі? Әлі күнге дейін қағаз түрінде көрсетілетін қызметтер бар деп қалдыңыз, оларды электронды түрге айналдыруға не кедергі?
–Ауданда білім беру, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қорғау, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және басқа да салалар бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Бұл қызметтер бекітілген мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес мерзімінде орындалады. Қызметтердің басым бөлігі электронды форматта көрсетілсе, барлық келіп түскен өтініштердің орындалуы тұрақты бақылауда болады. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтер негізінен «e-gov», «e-license», «E-atyrau», «Kezekte», «E-собес» сияқты электронды үкімет порталдары арқылы көрсетіледі. Сонымен қатар, бұл процесс әлеуметтік еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйелері мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асады. Аталған жүйелер тұрғындарға қызметті қашықтан алуға және уақытты тиімді үнемдеуге мүмкіндік береді. Негізгі кедергі – ақпараттық жүйелер арасындағы интеграцияның болмауы. Мысалы, «Жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау» және «Жер учаскесін жеке меншікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеуге сату» секілді қызметтер осы себепті әлі күнге дейін қағаз жүзінде жүргізіледі. Бұл мәселе республика көлемінде қарастырылып жатыр, жүйені автоматтандыру және оны орталықтандыру үшін қажетті шаралар мен арнайы процестер қолға алынған.
–Ауданда ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер қандай? Ішкі бақылау кезінде қандай мәселелерге басымдық беріледі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
–Аудан тұрғындары арасында бірқатар қызмет түрлері жиі пайдаланылады. Атап айтсақ, «Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау» және «Еңбекші көшіп келушіге рұқсат беру, ұзарту және кері қайтарып алу» қызметтері; «Мүгедектігі бар азаматтар мен балаларды санаториялық-курорттық емделумен, сондай-ақ техникалық құралдармен (компенсаторлық) қамтамасыз етуге құжаттарды рәсімдеу»; «Жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша әлеуметтік көмек тағайындау» және «Эскизді (эскиздік жобаны) келісуден өткізу» қызметтері. Ішкі бақылау барысында мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларында бекітілген мерзімдердің қатаң сақталуы; Азаматтарға қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту фактілерінің болмауы; қызмет көрсету сапасы мен талаптардың сәйкестігі;Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу.Бұл бағытта аудан көлемінде тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары, семинарлар, кездесулер және ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтердің электронды форматқа көшуі арқылы қызмет көрсетудің ашықтығы артып, тұрғындармен кері байланыс нығайтылуда. Бұл кешенді жұмыстар мемлекеттік органдарға деген азаматтардың сенімін нығайтып, сыбайлас жемқорлыққа бару тәуекелдерін төмендетуге ықпал етеді.
– Мемлекеттік қызметке жастардың келуіне көзқарасыңыз қандай? Жас мамандарды қолдау тетіктері бар ма?
– Жастардың мемлекеттік қызметке келуі – мемлекеттік аппараттың жаңаруы мен дамуының маңызды кепілі деп есептеймін. Жас мамандар жаңа көзқарас, цифрлық дағдылар, бастамашылдық пен заманауи тәсілдерді алып келеді. Сондықтан оларды мемлекеттік қызметке тарту және тұрақтандыру – маңызды бағыттардың бірі.Жас мамандарды қолдау бойынша бірқатар тетіктер бар: бейімдеу және тәлімгерлік институты, біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстары, мансаптық өсу мүмкіндіктері, әлеуметтік қолдау шаралары, оның ішінде ауылдық жерлерде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы. Сонымен қатар, қолайлы жұмыс ортасын қалыптастыру, кәсіби дамуына жағдай жасау және тәжірибелі әріптестердің қолдау көрсетуі де маңызды. Негізгі мақсат – жастарды тек қызметке тарту ғана емес, оларды жүйеде ұстап қалып, кәсіби тұрғыдан дамыту. Мемлекеттік қызметке келгісі келетін жастарға ең алдымен бұл саланы жай жұмыс орны емес, халыққа қызмет етуге бағытталған үлкен жауапкершілік деп қабылдауға кеңес берер едім. Бұл салада адалдық, жауапкершілік, кәсібилік, үздіксіз даму және адамдармен жұмыс істей білу өте маңызды. Сондай-ақ заңнаманы жақсы меңгеріп, цифрлық дағдыларды дамытып, өзгерістерге бейім болу қажет. Алғашқы кезеңде қиындықтар болуы мүмкін, бірақ тәжірибе мен табандылық кәсіби өсуге жол ашады. Егер елге қызмет етемін деген ниет, бастамашылдық және үйренуге дайындық болса, мемлекеттік қызмет – үлкен мүмкіндік беретін сала.
Жайна ӨМІРҚҰЛ


