Мерейдің мерейлі ісі

 

Азаттықтың ақ таңымен бірге есейіп, тәуелсіз елдің топырағында түлеген бүгінгі жас ұрпақтың мойнында үлкен жауапкершілік бар. Ол – ата-бабадан аманат болған жердің қадірін біліп, ел сенімін ақтау, туған өлкенің өркендеуіне өзіндік үлес қосу. Сол міндет  жүгін арқалап, еңбекті өмірлік ұстанымына айналдырған жастар аз емес. Әсіресе атакәсіптің тамырын үзбей келе жатқан жас шаруагерлердің еңбегі елеулі. Өйткені шаруа тірлігі сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның астарында маусымның мінезіне мойымау, тынымсыз тіршілікке төтеп беру, әр істің көзін тауып, несібені маңдай термен молайту секілді үлкен жауапкершілік жатыр. Осындай жолды таңдап, әке аманатына адалдықпен іс қылып жүрген азаматтың бірі – Мерей Қапсихов. 

Бүгінде аудан бойынша тіркелген 307 шаруа қожалығының 25-ін 35 жасқа дейінгі жастар басқарады. Бұл – тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан жаңа буынның ауыл шаруашылығына бет бұрып, ел экономикасының дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқанының көрінісі. Сол ұрпақтың өкілі, Тәуелсіздікпен түйдей құрдас Мерей Меңдекенұлы Хамит Ерғалиев ауылында дүниеге келген. Ол әуелде болашағын мұнай саласымен байланыстырып, Атырау политехникалық колледжінде мұнайшы мамандығын меңгерген.  Алайда тағдыр оған жастық шағында-ақ үлкен жауапкершілік жүктеді. Әкесі Меңдекен 2012 жылы өмірден өткенде, Мерей небәрі 21 жаста еді. Оқуын енді аяқтап, үлкен өмірге қадам басқан жас жігітке әке орнына әке болып, отбасына сүйеу болу оңайға соққан жоқ. Оның үстіне, шаруашылықты жүргізу, малдың жайын жасау, қыстың қамын жаз ойлау – қажырлы қайрат пен тынымсыз еңбекті талап ететін іс. Дегенмен анасы мен бауырларының алдындағы жауапкершілік, әкесінен қалған аманат жас жігітке жігер берді. Мерей қиындыққа мойымай, шаруашылықтың тізгінін өз қолына алды. Содан бері ауыл тіршілігінің қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе жинақтап, атакәсіпті әрі қарай дамытуға күш салып келеді. Жас шаруа үшін мал басын көбейту, жемшөп қорын дайындау, техниканы жаңарту мен шаруашылықтың күнделікті шығынын өтеу – бәрі де қаржы мен еңбекті қатар талап ететін іс. Ал жас шаруагер қол қусырып отыруды емес, ізденіп, мүмкіндікті тиімді пайдалануды таңдады. 

Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын ұтымды пайдаланып, жеңілдетілген несие бағдарламаларына қатысып, шаруашылығын біртіндеп нығайта түсті. Соның нәтижесінде «Беларусь» маркалы трактор техникасын сатып алып, оның құнының 30 пайызын мемлекет тарапынан өтелетін қолдау тетігі арқылы қайтарған. Бұған қоса, шаруашылыққа күн энергиясын пайдалануға мүмкіндік беретін күн панельдерін орнатып, тіршілігін жеңілдетудің тиімді жолын қарастырды. Мұның бәрі – жас кәсіпкердің заман талабына сай әрекет етіп, шаруашылықты дамытуға жаңаша көзқараспен қарайтынын көрсетеді. Он төрт жылға жуық тәжірибе жинақтаған Мерейдің «Қапсихов» шаруа қожалығы бүгінде төрт түліктің бабын қатар табуға көңіл бөліп келеді. Әсіресе ірі қараға басымдық беріп, олардың қыстан қиналмай шығуына қажетті жемшөп қорын алдын ала дайындауға мән береді. Өйткені мал шаруашылығында әр маусымның өз міндеті, әр күннің өз есебі бар. Жаз бойы шөп шауып, қысқы азықты қамдау, малдың күйін бақылау, қора-жайды ретке келтіру – шаруаның бір сәт те босаңсуына мұрша бермейтін жұмыс. 

– Менің ойымша, еңбектенген адам міндетті түрде жемісін көреді. Мал шаруашылығы – жалқаулықты көтермейтін кәсіп. Мұнда күн сайын ізденіп, тынымсыз еңбек ету керек. Өз басым мемлекет тарапынан көптеген қолдауларға ие болдым. Бұл мен секілді жас шаруагерлер үшін үлкен мүмкіндік әрі зор демеу. Осындай көмектің арқасында шаруашылықты дамытуға, алға қойған мақсаттарға жақындауға жол ашылады. Тәуелсіз еліміздің дамуына өз еңбегіммен үлес қосып келе жатқаныма қуаныштымын. Барша отандастарымды Республика күнімен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! - дейді Мерей Қапсихов.

Жас шаруагер жетістікке қол жеткізгенімен тоқтап қалуды мақсат етпейді. Алдағы жоспары да айқын. Қазіргі уақытта кәсіпкерлерге арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу үшін қажетті құжаттарын жинақтап жүр. Негізгі мақсаты – мал басын асылдандыру, шаруашылықтың өнімділігін арттырып, кәсібінің ауқымын кеңейту. Бұл бағыттағы жұмыстары жүзеге асса, шаруашылықтың әлеуеті артып, ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына да оң ықпал етпек. Мерейдің тіршілігі тек төрт түлікпен шектелмейді. Оның бау-бақша өсіретін жері де бар. Мұнда жүзге жуық жеміс ағашы өсіріледі. Бұл да – жердің қадірін біліп, бар мүмкіндікті тиімді пайдалануға деген талпыныстың көрінісі. Бір жағынан мал шаруашылығын дамытып, екінші жағынан жеміс ағаштарын күтіп-баптауы жас кәсіпкердің еңбектің әр саласынан береке іздейтінін аңғартады.

Мерей Қапсиховтың еңбек жолы – тәуелсіздікпен бірге өскен ұрпақтың табандылығы мен іскерлігінің көрінісі. Республика күні қарсаңында мұндай еңбек иелерінің өнегесі ерекше мәнге ие. Өйткені туған жердің өркендеуі  ел болашағына бейжай қарамайтын, адал еңбегін Отан игілігіне арнаған азаматтардың қолында.

 

Еркебұлан УАЛИТХАН

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT