Аудандық байқаудан дараланып, облыстық кезеңге жолдама алған аққыстаулық Бөлековтер әулеті облыс төрінде де өз биігінен көрінді. Осылайша Исатай ауданы атынан қатысқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде аталған отбасы жүлделі ІІІ орынға ие болып, елге абыроймен оралды.
Бірнеше буынның басын қосқан бұл әулет үшін байқаудағы жетістік – жай ғана жүлде емес, жылдар бойы қалыптасқан отбасылық құндылықтар мен береке-бірліктің бағалануы. Бөлековтер шаңырағының берік іргетасы – 80 жастағы Бадеш Хамметова. Алты ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ана бүгінде 8 немере, 15 жиен, 5 шөберенің қызығын көріп отырған бақытты әже.


Өмірдің талай сынағын көрген Бадеш апа жолдасы өмірден ерте озғаннан кейін алты баласын жалғыз өзі тәрбиелеп, олардың білім алып, ел қатарлы азамат болып қалыптасуына бар күшін салды. Бүгінде перзенттерінің барлығы жоғары білім алып, әрқайсысы өз саласында еңбек етіп, ел игілігіне қызмет етіп жүр. Ана үшін бұдан асқан бақыт та, марапат та жоқ.

Ұзақ жылдар бойы медицина саласында еңбек еткен Бадеш апа бала тәрбиесінде еңбектің, тазалық пен жауапкершіліктің маңызын ұдайы ұғындырып отырған. Балаларына табиғатты аялауды, туған жерді қадірлеуді үйретті. Отбасында ауладағы әр талды күтіп-баптап, жеміс ағаштарын отырғызу да жақсы дәстүрге айналған. Ана мен бала болып отырғызған талдардың жемісін бірге көру – отбасы үшін үлкен қуаныш.
Бүгінде сол тәрбиенің жалғасын кейінгі ұрпақтан көруге болады. Әулет мүшелері білім мен еңбекке ұмтылып, мұнай-газ, кәсіпкерлік, мәдениет және басқа да салаларда абыройлы қызмет атқарып келеді. Жастардың спорттағы жетістіктері де – отбасындағы тәрбиенің жемісі. Бөлековтер әулетінің облыстық байқаудан жүлдемен оралуы – бір шаңырақтың ғана емес, бүкіл ауданның мерейі.
Сағыныш САЙЛАУБАЙ


