Исатай аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөліміндегі қаржылық заңсыздыққа қатысты іс тек анықталған бұзушылықпен шектеліп қалған жоқ. Аудит нәтижесінде 6 млн 970,5 мың теңге көлеміндегі бюджет қаражатының заңсыз аударылғаны дәлелденіп, сот үкімімен келтірілген шығынды мемлекетке қайтару міндеті жүктелген болатын.
Алайда мәселенің ең алаңдатар тұсы – сот шешімінің орындалу барысы. Белгілі болғандай, заңсыз әрекетке барған тұлға сот үкімін толық орындамай отыр. Яғни, мемлекет қаржысы қолды болғанымен қоймай, сот шешімінің салмағы да қағаз жүзінде қалып қою қаупі бар. Аудит қорытындысы мекеме басшылығы тарапынан бюджет қаражатының жұмсалуына тиісті бақылау жасалмағанын көрсетті. Сондай-ақ банктік есепшоттар арқылы жүргізілген операциялардың заңдылығы мен дұрыстығы қамтамасыз етілмеген. Тексеру барысында есепшінің міндетін атқарушының 2024 жылдан бастап 2025 жылғы 31 мамырға дейін еңбекақы мен сыйақы төлеу кезінде бюджет қаражатын мекеме қызметкерлерінің жеке банк есепшоттарына негізсіз аударып отырғаны белгілі болды.
Бұл – жай ғана жеке іске қатысты мәселе емес. Бұл – сот беделіне, құқық үстемдігіне және мемлекет институттарының пәрменділігіне тікелей сын. Егер заңсыз жұмсалған қаржы сот арқылы қайтарылмай, шешім орындалмай қалса, онда заңның күші қайда қалады? Мұндай жағдай қоғамда қауіпті сұрақ туғызады: сот шешімі бар, бірақ орындалмай ма? Сонда мемлекет тарапынан шығарылған үкімнің салмағы неде?
Қаржылық заң бұзушылық анықталып, қылмыстық іс қозғалып, сот үкімі шығарылғанымен, оның нақты орындалмауы – жүйедегі жауапкершіліктің әлсіздігін көрсетеді. Бұл тек бір мекеменің мәселесі емес, бүкіл мемлекеттік тәртіпке төнген сын екені даусыз.
Бюджет қаржысы – халықтың ақшасы. Ал сот шешімі – заңның соңғы сөзі. Егер сол соңғы сөз орындалмаса, онда әділеттілік қағазда ғана қалып қоюы мүмкін. Осы ретте жауапты органдар сот шешімінің орындалуын қатаң бақылауға алып, мемлекетке келтірілген шығынның толық қайтарылуын қамтамасыз етуі тиіс. Әйтпесе, анықталған заң бұзушылықтар мен шығарылған үкімдердің өзі нәтижесіз формалдылыққа айналуы әбден мүмкін.
Өз тілшіміз



