Мүмкіндік бар жерде кедергі жоқ

 

Қоғамның дамуы әр азаматтың өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жасалған жағдаймен де өлшенеді. Әсіресе мүгедектігі бар адамдардың еңбекке араласуы – қоғамдағы тең мүмкіндіктер қағидатының нақты көрінісі. Бұл ретте жұмыспен қамту, кәсіп бастауға мүмкіндік беру және адамның бойындағы қабілетті табыс көзіне айналдыруға жағдай жасау маңызды. Осы бағыттағы жұмыстарды зерделеу мақсатында ауданда мүгедектігі бар азаматтардың қатысуымен жиын өтті. Іс-шара «Исатай аудандық Мансап орталығының филиалы» тарапынан мүгедектігі бар адамдарды, оның ішінде креативті индустрия саласында жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі 2026 жылға арналған жоспар аясында ұйымдастырылды.

Жиында ең алдымен азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі сөз болды. Еңбек нарығына араласуға кедергі келтіретін мәселелер, жұмысқа орналасудың қолжетімді жолдары, сондай-ақ креативті индустрия ұсынатын мүмкіндіктер түсіндірілді. Мұндағы мақсат – мүгедектігі бар азаматтарды тек әлеуметтік көмек алушы ретінде қарастырмай, олардың еңбек етуге, кәсіби тұрғыдан дамуға және өзін-өзі жұмыспен қамтуға қабілетті екенін көрсету.

 

 

Аудандық Мансап орталығының директоры Ақтоты Балмулдинаның сөзінше, мұндай кездесулердің негізгі мәні – азаматтарға бар мүмкіндікті нақты түсіндіріп, олардың еңбек нарығына араласуына жол ашу.

Кездесу барысында кәсіпкерлік бағытқа да басымдық берілді. Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дидар Есмұханов кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шаралары, өз кәсібін бастау мүмкіндіктері мен қолдаудың қолжетімді тетіктері туралы түсінік берді. Бұл – тұрақты жұмыс іздеумен қатар, адамның өз кәсібін қалыптастыруына мүмкіндік беретін бағыттардың бірі.

 

 

Жиынның мазмұнын теориялық түсіндірумен шектемей, нақты еңбек нәтижелерімен ұштастырған тұсы да назар аударуға тұрарлық. Кездесу аясында мүгедектігі бар азаматтардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеден арнайы жұмыс орнына орналасқан Байзакова Гүлімнің еңбегі де орын алды. Сонымен қатар өз шеберлігін қолөнер арқылы танытып жүрген басқа да азаматтардың бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Ұлттық нақыштағы бұйымдар, тігін өнімдері мен түрлі қолөнер жұмыстары шығармашылықтың нақты іске, ал шеберліктің кәсіпке айнала алатынын аңғартты. Креативті индустрияның ерекшелігі де осында. Бұл салада адамның мүмкіндігінен бұрын оның қабілеті, таланты мен еңбегі бағаланады. Қолөнермен айналысу, тігін тігу, ұлттық бұйымдар жасау секілді бағыттар үй жағдайында жұмыс істеуге, өнім өндіруге және оны нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде азаматтың экономикалық дербестігін арттыруға ықпал етеді.

 

 

Жайна МАНСЫР

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT