Мүмкіндікке бастар алаң

 

Еңбек етемін деген адамға мүмкіндік әрдайым табылады. Бастысы – сол мүмкіндікті дер кезінде көріп, дұрыс бағыт табу. Соңғы уақытта ауданда жұмыссыздықты азайту бағытында түрлі шаралар қолға алынып, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері жиі ұйымдастырылып келеді. Мұндай кездесулер жұмыс іздеген тұрғындарға жаңа жол ашып, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілерді бір алаңда тоғыстыратын тиімді алаңға айналып отыр.

Осы бағыттағы кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесін аудандық Мансап орталығы және Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндағы мақсат – аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейін төмендету және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға нақты мүмкіндік ұсыну. Жиынға жұмыс іздеп жүрген азаматтар, аз қамтылған отбасылар, борышкерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар және пробация есебінде тұрған тұрғындар қатысты. Олар ұсынылған бос жұмыс орындарымен танысып, жұмыс берушілермен тікелей тілдесу мүмкіндігіне ие болды. Жұмыс берушілер тарапынан түрлі мамандық бойынша бос жұмыс орындары ұсынылып, қатысушыларға тұрақты және уақытша қызмет түрлері туралы кеңінен ақпарат берілді. Жалпы жәрмеңкеге 5 мекеме қатысып, 86 жұмыссыз тұрғын келді. Жәрмеңкеге аудан аумағындағы өндіріс, құрылыс, логистика, қауіпсіздік қызметі, білім беру және мемлекеттік мекемелер қатысып, түрлі бос жұмыс орындарын ұсынды. Келушілер өз мамандықтарына сәйкес бағыт-бағдар алып, жұмыс берушілермен тікелей тілдесіп, түйіндемелерін табыстады.

Аудандық Мансап орталығының директоры Ақтоты Балмулдинаның айтуынша, мұндай іс-шаралар аудан көлеміндегі жұмыссыздықты азайтуға үлкен септігін тигізеді.

-Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – аудан тұрғындары үшін өте маңызды әрі тиімді алаң. Мұндай шаралар жұмыс іздеп жүрген азаматтар мен жұмыс берушілердің тікелей кездесуіне мүмкіндік береді. Жәрмеңке барысында үміткерлер бос жұмыс орындары туралы нақты ақпарат ала алады. Бұл уақытты үнемдеп, жұмысқа орналасу үдерісін жеделдетеді. Сонымен қатар жұмыссыз азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар аясында кеңес беріледі. Біз әрбір келушіге бағыт-бағдар көрсетіп, тұрақты табыс табуына қолдау көрсетуге тырысамыз. Осындай іс-шаралар ауданымыздағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге оң әсерін тигізеді. Алдағы уақытта да халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды белсенді түрде жалғастыра береміз-дейді Ақтоты Шарапиденқызы.

Жәрмеңке барысында жұмыс іздеушілердің түйіндемелері қабылданып, тиісті мекемелерге жолданды. Бірқатар азаматтарға нақты жұмыс ұсынылып, ал өзгелеріне кәсіби бағдар беру және жұмысқа орналасу тетіктері жөнінде кеңес берілді. Мұндай іс-шаралар еңбек нарығындағы белсенділікті арттырып қана қоймай, азаматтардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге де ықпал етеді. Жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы ашық байланыс – нәтижелі жұмыспен қамтудың басты кепілі.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT