Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы 2026 жылдың І тоқсанында жүргізілген талдау нәтижесінде бірқатар азаматтардың банктік шоттарындағы қаржылық операциялардан кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері анықталғанын хабарлайды. Аталған операциялар қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес зерделеніп, тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты басқарма азаматтарды кәсіпкерлік қызметті заң талаптарына сай тіркеп, салық міндеттемелерін уақытылы орындауға шақырады.
Аталған операциялар мынадай өлшемшартқа сәйкес келеді: «Бір жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған банктік шотына қатарынан күнтізбелік үш айдың әрқайсысында 100 және одан да көп әртүрлі тұлғалардан ақшалай қаражаттың түсуі. Көрсетілген кезеңдегі түсімдердің жалпы сомасы 12 еселенген ең төменгі жалақы мөлшерінен асады.
Егер Сіз дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген болсаңыз немесе өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолданатын жеке тұлға болсаңыз, онда алынған кірісті 2026 жыл үшін «Кірістер мен мүлік туралы декларацияда» (270.00 СЕН) 2027 жылғы 1 қаңтар мен 15 қыркүйек аралығында көрсетуіңіз қажет.Жеке табыс салығын төлеу мерзімі – 2027 жылғы 25 қыркүйекке дейін.
Егер Сіз дара кәсіпкер болып табылсаңыз, алынған кірісті мынадай салықтық есептіліктерде:
– жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимін қолданатындар үшін – 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 31 наурызға дейін 2026 жыл үшін «Кәсіпкерлік қызмет бойынша жеке табыс салығы декларациясында» (220.00 СЕН) көрсетуіңіз қажет, жеке табыс салығын төлеу мерзімі – 2027 жылғы 10 сәуірге дейін;
– оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатындар үшін – 2026 жылғы 1 шілдеден бастап 15 тамызға дейін 2026 жылдың бірінші жартыжылдығы үшін «Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілерге арналған декларацияда» (СЕН 910.00) көрсетуіңіз қажет, жеке табыс салығын төлеу мерзімі – 2026 жылғы 25 тамызға дейін.
Қосымша түсіндірмелер алу қажет болған жағдайда 1414 байланыс орталығына немесе мемлекеттік кірістер органдарына жүгінуді ұсынамыз.
Нұржан КАБДУЛОВ,
Исатай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының салық төлеушілермен жұмыс және бақылау бөлімінің бөлім басшысы



