«Мұрагер» ансамблі көрермен ықыласына бөленді

 

Атырау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы мемлекеттік филармониясы – қай кезеңде де өңіріміз үшін қадірлі, өнердің киелі ордасына айналған бірегей мәдени мекеме. Ел тарихымен тамырлас, халық тағдырымен біте қайнасқан бұл іргелі ұжым уақыт ағымымен бірге жаңарып, жаңғырып, биыл құрылғанына алпыс жыл толып отыр. Осы мерейлі белес – өнер ұжымының толымды жетістіктері мен шығармашылық ізденістерінің айқын көрінісі.

 

 

Филармония құрылған күннен бастап-ақ тыңдарман жүрегінен орын тауып, өзінің кәсіби деңгейімен, репертуарының байлығымен ерекшеленіп келеді. Бүгінде ұжым өнерпаздары тек аудан, облыс, республика көлемінде ғана емес, шетел сахналарында да өнер көрсетіп, ұлттық мәдениетімізді кеңінен насихаттап жүр. Олар Орал, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Шымкент, Алматы, Астана, Астрахань қалаларында гастрольдік сапармен болып, өлкеміздің ән-күй өнерін көпшілікке паш етті. Сонымен қатар Түркия, Біріккен Араб Әмірлігі, Мысыр, Үндістан, Катар елдерінде өнер көрсетіп, шынайы қошеметке ие болды. Қазіргі таңда филармония өңірдегі ең таңдаулы шығармашылық ұжымдар мен дарынды жеке орындаушылардың басын қосқан өнер орталығына айналып отыр. Соның жарқын бір көрінісі – филармония жанынан құрылған «Мұрагер» фольклорлық ансамблінің халықпен тұрақты түрде кездесіп, дәстүрлі концерттер ұйымдастыруы.

 

 

Жуырда Атырау облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен «Мұрагер» фольклорлық ансамблі Тұщықұдық ауылының өнерсүйер тұрғындарына кезекті концерттік бағдарламасын ұсынды. Кеш шымылдығын филармония басшысы Бақытбек Сартбаев ашып, жиналған қауымды мерекелі кешпен құттықтап, өнерпаздарға сәттілік тіледі. Концерт барысында халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты «Мұрагер» ансамблі қазақтың бай фольклорлық мұрасынан бастап, халық композиторларының таңдаулы туындыларын орындап, көрермен көңілін көтерді. Атап айтқанда, Қазанғап, Сыпыра жырау, Абай, Есбай, Нұрғиса Тілендиев, Латиф Хамиди, Еділ Құсайынов сынды тұлғалардың шығармалары шеберлікпен сахналанып, ұлттық өнердің тереңдігі мен тағылымын айшықтай түсті.Кеш мазмұнын «Інжу Маржан» би ансамблінің әсем билері, сондай-ақ республикалық байқаулардың лауреаттары Жасұлан Базарбаев пен Алида Хуанованың орындауындағы әндер толықтыра түсті. Әрбір өнер нөмірі көрермен тарапынан зор ықыласқа ие болып, ауыл кешіне ерекше рухани серпін сыйлады.

 

 

Айта кету керек, «Мұрагер» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі – халықаралық конкурстардың жеңімпазы, Мәдениет саласының үздігі Ержан Қитаров. Концертті жүргізген Венера Машқалиева кештің мазмұнын көркем сөзбен өрнектеп, әсерлі атмосфера қалыптастырды.

 

 

Кеш соңында Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Арслан Амиров пен мәдениет үйінің директоры Мақсот Ислат филармония өнерпаздарына ауыл тұрғындары атынан алғыс білдіріп, арнайы алғыс хаттар мен гүл шоқтарын табыстады.

Айта кетерлігі, мұндай мазмұнды концерттік бағдарламалар алдағы уақытта өзге де ауылдық округтерде жалғасын тауып, ауыл тұрғындарының рухани өмірін байыта түспек.

 

 

Аяпберген САЛИХОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT