Елордамыз Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бір топ әйел азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі өтті. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өткен салтанатты жиында мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін түрлі салада еңбек етіп жүрген бірқатар қыз-келіншек Президент Жарлығымен жоғары марапаттарға ие болды.
Солардың қатарында Атырау өңірінің де абыройын асқақтатқан еңбек адамы бар. Қамысқала ауылдық округінің тұрғыны, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының №2 мұнай және газ өндіру цехында мұнай өндіру операторы болып еңбек етіп жүрген Сабирова Тамара Мағзомқызы да жоғары мемлекеттік марапатқа ие болды.
Мұнайлы өлкенің өндіріс саласында қырық жылға жуық уақыт, дәлірек айтқанда, 38 жыл бойы адал еңбек етіп келе жатқан Тамара Мағзомқызының өмір жолы – еңбекке адалдық пен кәсіби табандылықтың жарқын үлгісі. Ол 2007 жылы Атырау мұнай-газ институтын сырттай тәмамдап, «Мұнай-газ кен орындарын игеру» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Білімін өндірістегі тәжірибемен ұштастырған маман мұнай саласының қыр-сырын терең меңгеріп, жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі арқылы өз ісінің нағыз шеберіне айналды.
Еңбек жолын 1988 жылы «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық учаскесінде қарапайым жұмысшы болып бастаған ол табандылығы мен жауапкершілігінің арқасында өндірістік салада шыңдалып, кәсіби тұрғыда қалыптасты. Ал 2009 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты №2 мұнай және газ өндіру цехында мұнай өндіру бригадасының мұнай және газ өндіру операторы қызметін абыроймен атқарып келеді.
Өндірістегі күнделікті еңбек үлкен жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етеді. Ұңғымалардың үздіксіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, жер үсті жабдықтарына техникалық қызмет көрсету, дебитті өлшеу, технологиялық процестерді бақылау сияқты күрделі міндеттерді ол жоғары кәсібилікпен атқарып келеді. Мұнай, газ және газ конденсатын өндіру процесін технологиялық тұрғыдан қамтамасыз етуде оның көпжылдық тәжірибесі мен біліктілігі әріптестері арасында жоғары бағаланады.
– Мұнай саласы – төзімділік пен үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Әрбір ұңғыма – ел игілігі үшін еңбек етіп тұрған маңызды өндіріс көзі. Сондықтан бұл салада еңбек ету үшін тек білім ғана емес, іске деген адалдық пен табандылық қажет. Өз ісіңді сүйіп атқарсаң, оның нәтижесі де жемісті болады. Президент қолынан алған бұл марапат – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Мұны тек өз еңбегімнің емес, мұнай саласында табанды еңбек етіп жүрген барша қыз-келіншектердің еңбегіне көрсетілген құрмет деп қабылдаймын. Алдағы уақытта да ел игілігі жолында адал еңбек етіп, жас мамандарға білгенімді үйретуге әрдайым дайынмын, – дейді Тамара Мағзомқызы.
Иә, бүгінде қоғамда әйелдердің рөлі тек отбасының ұйытқысы болумен шектелмейді. Олар ел экономикасының түрлі саласында табанды еңбек етіп, кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігінің арқасында үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Мұнай өндірісі секілді күрделі салада да нәзік жандар ер-азаматтармен қатар еңбек етіп, ел дамуына өзіндік үлес қосуда. Тамара Мағзомқызының жоғары мемлекеттік марапатқа ие болуы – гендерлік теңдіктің айқын көрінісі әрі әйелдердің қоғамдағы орны мен еңбегіне берілген лайықты баға. Сондықтан оның өндірістегі табанды еңбегі мен мол тәжірибесі жас мамандарға үлгі болса, мемлекет тарапынан берілген жоғары марапат – адал еңбекке көрсетілген зор құрмет пен сенімнің айқын көрінісі.
Жайна ИСЛАТ

