Ән әуелеп, елдік таңдау жасалды

 

Аққыстау ауылындағы №133 референдум учаскесінде дауыс беру үдерісі ерекше рухани атмосферада өтті. Бұл күні Исатай ауданындағы республикалық референдумға «ЖайықМұнайГаз» мұнай-газ өндіру басқармасы жанынан құрылған «Қазына» ардагер мұнайшы әжелер ансамблінің мүшелері белсенді қатысып, өз таңдауларын жасады.

Дәстүрлі ақ кимешек киіп, ақ жаулық жамылған аналар референдум учаскесіне көтеріңкі көңіл күймен келді. Олар тек дауыс беріп қана қоймай, учаскелік комиссия мүшелері мен тұрғындарға арнап халық әндерін шырқап, елдік маңызды күннің мәнін арттыра түсті. Әжелердің әсем әуені мен ақ тілегі дауыс беруге келген жұртқа ерекше көңіл күй сыйлап, көпшілікке рухани әсер қалдырды.

 

 

Ұлттық дәстүр мен елдік жауапкершілікті ұштастырған аналардың бұл бастамасы ауыл тұрғындары тарапынан жылы қабылданды. Ел ішінде сыйлы, өмірлік тәжірибесі мол ардагер аналардың осындай игі істерге белсенді қатысуы – жас буынға үлгі болары сөзсіз.

Ансамбль жетекшісі Мақпал Отарованың айтуынша, ел тағдырына қатысты маңызды саяси науқандарға қатысу – әрбір азаматтың парызы.

– Біз бүгін референдум учаскесіне тек дауыс беруге ғана емес, елге ақ тілегімізді жеткізіп, халық әндерін шырқап, жұрттың көңілін көтеру үшін де келдік. Елдің бірлігі мен берекесі әрқашан басты құндылық. Осындай маңызды күнде әрбір азамат өз таңдауын жасап, ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді деп ойлаймын,-деді ол.

 

 

Айта кетейік, №133 референдум учаскесінде барлығы 1365 дауыс беруші тіркелген. Учаскеде дауыс беру үдерісі заң талаптарына сай, ашық әрі ұйымдасқан түрде өтуде.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT