Нарөлгенде бағы жанған азамат

 

 

Ауданда ауыл шаруашылығына бейімделген негізгі бағыт – мал шаруашылығы. Соңғы деректерге қарағанда, аудандағы шаруа қожалығының өзі 300-ден асып отыр. Жалпы жеті ауылдық округке тиесілі төрт түлік малдың мүйізді ірі қарасы 34 мыңға таяды, қой мен ешкі 47 мыңға жуықтап отырса, жылқы 28 мыңнан асып жығылды, түйе 11 мың басқа жақын. Шүкір, сан бар, ендігі жерде сапаны да қоса ойлау басты мақсат болып отыр. Кейінгі жылдары жазы жаңбырсыз, қысы қарсыз болып жүрген табиғаты қатал шөлейтті аймақта төрт түлікті осынша басқа жеткізу аз еңбек емес. Сол еңбектің арқасында мыңдаған тонна ет, сүт, басқа да мал өнімдерін алуға қол жетуде. Қазіргі тілмен айтқанда, бұлар нағыз отандық өнімдер. Ал оны өндірушілер - жаздың ыстығында, қыстың аязында сол малдың соңында мігірсіз тірлік қылып жүрген малшы ағайын. Елімізде 2021 жылдан бастап маусым айының екінші жексенбісінде Малшылар күні аталып өтілетін болғанына да осы бір еселі еңбек сеп болғаны анық. Осынау малшылар мейрамы – шаруа адамдарының мерейін көтеруді көздейтін, олардың еңбекке құлшынысын арттырып, мал шаруашылығын дамытуға бағытталған игілікті қадам болды. Біз бүгін сөз еткелі отырған Жексенбай Хамзин де сол малшылар қауымының бір өкілі, әкенің ақ таяғын ұстап қалған азамат.

 

Иә, ол әкенің ақ таяғын ұстап қалды. Әкесі Ғариполла кезінде күллі одаққа танымал болған шаруашылық – Чапаев атындағы кеңшардың №2 қой фермасында атақты шопан болды. Ол уақыттарда кеңшардағы озат малбегілердің, соның ішінде шопандардың жеткен жетістіктері баспасөз беттерінде жиі жарияланып тұратын. Әсіресе, «шопанның қызыл қырманы» аталып кеткен қой төлдету науқаны басталғанда аудандағы әр кеңшар, ондағы әр ферма бойынша қай шопан қанша қозы алғаны, кімнің алда келе жатқаны аудандық газет бетінде апта сайын жарияланып, оза шапқандар ұлығыланып жататын. Мұның өзі сол шопанның өзін ғана мерейлендіріп қоймайтын, оның бүкіл ұжымдастары, әріптестері, тіпті отбасы мақтаныш ететін. Бұл жайт бала Жексенбайдың да басынан өтті. Ол да өзге малшы ағайындарының балалары сияқты әкесінің озат малбегі болғанына мақтанатын. Сөйте жүріп оның бала көңілі сол малбегілікке ауды, жасынан малдың, оны бағып-күтудің қыры мен сырына қаныға түсті. Оқу жылы басталысымен Ғарекеңнің 5 ұл, 3 қызының мектеп жасындағылары кеңшар орталығында, Попашной өзекшесінен қол созымдағы үйлеріне келетін. Сондайда тоқсан аралық демалыстар мен үш ай каникулды асыға күтетін бұлар. Әсіресе Жексенбай қатты қуанатын, демалысында шопан әкесіне қолынан келгенінше көмекші болуға тырысатын. Сөйте жүріп қой бағудың қыры мен сырына шынайы үңіле жүріп, әбден  меңгеріп алды. Бұл кезде ол орта мектепті бітіретін шаққа жетіп қалған.

 

 


Алайда мектепте кластастары арасында әжептәуір «математик» атағы бар ол басқа да құрбы-құрдастары секілді, алдымен жоғары оқу орнына құжат тапсырып, бағын сынамаққа бекінді. Сол мақсатпен Оралға аттанған. Жолы болмады, өзімен бірге барған екі-үш кластасы да алғашқы сындардан-ақ сүрініп, бәрі кері ауылға қайтты. Шаруаның баласы бос селтеңбай жүрісті қайтсін, бірден мал шаруашылығына араласты, көмекші шопан болып шыға келді. Бала кезден көрген-баққаны мал болған бозбала бәріне бірден төселіп жүре берді.
Уақыт солай жылжи берді де, қатарынан қалмай жүріп Отан алдындағы азаматтық борышын да абыройлы өтеп оралды. Әскерден келісімен Саратов қаласына сапарлап, оқуға талап қылған, тағы да сүрінді. Бұл кезде өзінің де оқу-тоқуға тәбеті көп тарта қоймаған жас жігіт бірден үйреншікті ортасы – мал шаруашылығына қайтып оралды. «Маңдайыма жазғаны осы мал шаруашылығы болыпты, бар бағымды осы кәсіптен таптым» дейді ол әзілін де араластыра отыратын әңгімелерінің бірінде.
Айтса-айтқандай, осыдан кейін онша ешқайда алаңдамады, қой шаруашылығымен біте қайнасты. Сол уақытта қоғам малы үшін түз тағысы қасқырмен бетпе-бет келіп, жалаң қол күресіп, ақыры әлгі көкжалды жаһаннамға жөнелткен әке ақырында сол кезде алған жарақатынан айықпады, 1985 жылдың 1 қаңтарында бақиға озды. Жазмыштың жазуы осылай болды да, әкенің ақ таяғын ұлы Жексенбай ұстап қалуына тура келді. Содан берідегі жарты ғасырға жуықтаған уақытта ол осы атакәсіпке адалдығын танытты, малбегіліктен басқаға мойын бұрмады. Жаздың аптабында, қыстың қатқағында, күздің салқын түнінде, көктемнің күмілжің күнінде бір сәт те мал арасынан ұзамады...

 

 

 


Айта берсек, содан берідегі жарты ғасырға жуық уақытта азаматтың басынан небір жайттар өтті. «Үйі жоқтың күйі жоқ», малбегілікке әбден бет бұрған Жексенбай үй болуды ойлады. Бұл кезде Ақтөбеде дәрігерлікке оқып жатқан Сара екеуі жүрек қалауларымен бас қосып, шаңырақ көтерді. 
Сөйтіп ертеңгі күні ақ халат киіп адам жанының арашашысы болам деп армандап жүрген ауыл қызы құмдағы ауылға ақ орамал тартқан келін болып түсті. Жары Жексенбай үшін аппақ арманынан бас тартып, шаруа адамына сенімді көмекші болуға жарады, құмдағы тірліктің бәріне үйреніп кетті. Содан бері де талай су ағып, екеуі Асылан, Асылхан, Асылжан атты үш ұл мен Айдана есімді бір түйір қыздарын өмірге әкеліп, өнегесі өрісті әке мен шеше болды. Үй болған екі ұлы мен қызынан 12 немере-жиен сүйген ата-әже атанды. Шүкір, мол нәсібін терген малбегілік кәсібінің арқасында ел қатарлы тірлік етіп келеді. Жұрт мінген көлікті мінді, жұрт сияқты орталықтан осы қалайы жоқ үй де тұрғызды. Бірақ, бірақ бәз біреулердей кәсібінен қол үзіп, қалаға көшпеді, Нарындағы қашанғы құтты қонысы – Нарөлгенде шаруасын шалқытып отырған жайы бар.      
«Азандағы мал үні – бабамыздың гимні» деп Қадыр ақын жырына қосқандай, өрістегі төрт түлік мінсең - көлік, жесең - ас, ішсең - сүт, кисең киім боларына Жексенбай Ғариполлаұлының көзі әлдеқашан жеткен. Тек ерінбей еңбектене білуің керек, шыдам мен төзім, мақсат пен мұрат, сенім серігің болса ұтқаның.         
-Өзім қазір төрт түлік мал өсіріп отырмын, қой да, жылқы да, сиыр да, түйе де бар. Жалпы атадан балаға мирас болып келе жатқан малшылық өнердің өзіндік қыр-сыры өте көп. Кей малшылар өз кәсібінің маңызы мен мазмұнын терең түсінбейді. Жалпы, атакәсіпті бала жастан үйренбесе, оны кейін толық меңгеріп алу қиын. Мал өсіргеннің бәрі бірдей білікті малшы емес. Өз ісінің қыр-сырын терең білмегендіктен мал тұқымының сапасы күрт нашарлап кеткен жағдайлар да кездеседі,- дейді кәнігі малбегі бізбен болған әңгімесінің бірінде.

«Мал баққанға бітеді» деп атам қазақ бекер айтпаған. Мал баққаннан зиян келмесіне сенімім мол. Қазіргі жастардың көбі ауылдан қалаға қашады да тұрады. Қалада баспаналары болса, бірсәрі. Әркімнің бұрышын жағалап, пәтер жалдап күн кешіп жүргені.
- Қазір ауыл мен қала базарында, дүкенінде де малдың еті қажет пе, ірімшік-құрты керек пе, қалағаныңыздың бәрін іздемей-ақ табасыз. Бәрі - малшы еңбегінің нәтижесі, соның өнімі. Өкінішке орай, басқасын білмеймін, біздің құмда азан-қазан мал жайлап, ошақтың қызуына құрт, шоғына шай қайнатып, сүтін сапырып, шұбатын көпіртіп жүріп жатқан келіндерді кездестіру азайып барады. Өмірін малсыз елес-тете алмаған қазекеңнің бүгінгі ұрпағының көбісі мал бағуды ар санайды. Шынтуайтына келгенде, мал бағу – нәпақа табудың көзі ғой,-деген оның алдағы уақытта ауыл жастары мал бағудан ажырап қалмаса игі деген де қаупін аңдайсың. 
Осының бәрі малшы еңбегін мақтаныш тұтқан, кәсібінен нәсіп терген жанның өкпе-реніші емес, ақыл-кеңесі, атакәсіпке жанашырлығы деп те қабылдадық.

 

 

Бүгінде Нарын құмы өңірінде санаулы үлкендердің бірі болып қалған Жексенбай Ғариполлаұлының атбегілік қыры да алыс-жақын ауылдастарына аян. Ол оның жасынан жылқы түлігіне жақын болуынан, бәйгеге ат жаратып қосып жүрген әке, аталарын көріп өскеннен екенін айтады, аламанда оза шауып жүрген «Көкшолағы» мен «Құла төбел» тайы да соның бір дәлелі.
Иә, 1996 жылы шаруа қожалығын құрып, содан бері шаруасын шалқытып отырған малбегі Жексенбай Хамзин хақында малшылар мейрамы қарсаңындағы бір үзік сыр еді бұл.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT