Нарын ауылдық округінің әкімі сайланды

 

Нарын ауылдық округінің әкімі қызметіне Асқар Төлегенұлы Абуов сайланды. Исатай ауданы әкімінің 2026 жылғы 30 қыркүйектегі өкіміне сәйкес, ол Нарын ауылдық округінің әкімі қызметіне кірісті.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының тиісті нормаларына сәйкес, Исатай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы Нарын ауылдық округі әкімін тіркегенін хабарлады.

 

 

Асқар Төлегенұлы Абуов 1976 жылғы 6 сәуірде Исатай ауданының Зинеден ауылында дүниеге келген. Жоғары білімді. 1998 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін «Тарих» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1998 жылы Қызыл үй орталау мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейін білім саласында ұзақ жыл еңбек етіп, 2001-2011 жылдары Нарын орта мектебінде тарих пәнінен сабақ берді. 2011-2022 жылдары осы мектептің директоры қызметін атқарып, білім беру мекемесінің жұмысына басшылық жасады.

 

 

2022 жылдан бастап Нарын ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып келген Асқар Абуов енді осы елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына жауапты мемлекеттік қызметті жалғастырады.

Аудан әкімі Нұрым Мусин Асқар Төлегенұлы Абуовты жаңа қызметімен құттықтап, ауылдық округтің дамуына үлес қосып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарына табыс тіледі.

 

Өз тілшіміз

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT