Бүгін Нарын ауылы үшін маңызды күн. Себебі таңғы сағат 7:00-де маңызды саяси оқиға – ауылдық округ әкімін сайлау басталды.
Бұл халықтың өз ауылының болашағына тікелей ықпал ету мүмкіндігіне ие болатын маңызды саяси сәт. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси реформалардың бірі – ауыл әкімдерін тікелей халықтың сайлауы осы мақсатты көздейді.
Нарын ауылдық округіне Жаңа Жанбай және Мыңтөбе елді мекендері қарайды. Округ халқының жалпы саны – 1137 адам. Оның ішінде 698 сайлаушы тіркелген. Ауылдық округ аумағында Фариза Оңғарсынова атындағы орта мектебінде №138 сайлау учаскесі қызмет атқаруда.
Әрқайсысында дауыс беру процесі Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» заңына сәйкес ұйымдастырылған. Сайлау барысын байқаушылар мен кандидаттардың сенімді өкілдерді қадағалап отыр.
Мүгедектігі бар немесе денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтарға да жағдай жасалған.Үйден дауыс беруге өтініш білдіргендерге арнайы жылжымалы сайлау жәшігімен дауыс беру мүмкіндігі ұсынылды.
Ауыл әкіміне үміткер ретінде үш азамат тіркеліп, заңмен белгіленген үгіт-насихат кезеңінде өз бағдарламаларын халыққа ұсынып үлгерді. Енді соңғы шешуші сәт – сайлаушының өз таңдауында. Дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Бұл сайлау – Нарын ауылдық округінің даму бағытын айқындайтын, келешегіне әсер ететін маңызды белес. Жаңа әкімнің іскерлігі мен тұрғындардың сенімі ұштасқанда ғана округтің әлеуметтік-экономикалық және мәдени өрлеуі артады. Сондықтан бүгінгі сайлау – елдік ертеңнің іргетасы ретінде бағаланады.
Сағыныш ҚАЙЫР



