Нарын құмына – жасыл қорған

 

Өлкеміз Нарын құмының төсінде орналасқандықтан, құм көшкінінің алдын алу және жердің эрозиялық процестерін тежеу бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атырау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп, аудан аумағындағы 5 учаскеге, жалпы көлемі 8 гектар жерге 16 мың түп сексеуіл отырғызылды. 

Жұмыстарды «Қорған KZ» ЖШС жүзеге асыру үстінде. Келісімшарт талаптарына сәйкес мердігер компания егілген сексеуілдерді алдағы 5 жыл бойы күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар барлық ауылдық округтерде тал егуге жарамды, жалпы көлемі 3 гектар жер учаскесі зерделенді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізу үшін «Берен компани» ЖШС-мен келісімшарт жасалды.  Құм көшкінін тоқтату және жағалау аумағының экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстары да жүргізілді. Атырау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп, Ә.Бөкейханов атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорация ғылыми-зерттеу институты мамандары Каспий теңізінің жағалау сызығы аумағының орман өсіруге жарамдылығын зерделеді.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, Аққыстау, Жанбай және Зинеден ауылдық округтеріндегі 5 учаскені қамтитын 20 250 гектар аумақта эрозиялық процестердің алдын алып, теңіз жағалауындағы құм көшкінін тұрақтандыру үшін жасыл екпелер отырғызу қажеттігі анықталды. Мамандар бұл аумақтарда табиғи жағдайға бейім сарсазан, қарабарақ, сексеуіл секілді галофитті өсімдіктерді егуді ұсынды.Зерттеу нәтижелері негізінде тиісті ұсынымдарды жүзеге асыру үшін облыстық басқармаға қаржы қарастыру жөнінде ұсыныс берілді. Нәтижесінде осы бағытта жобалық құжаттама әзірлеуге облыстық бюджеттен арнайы қаржысы бөлінген. Биыл аталған қаржы есебінен жобаны әзірлеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT