Үндемеген балаға үнсіз қарамаңыз

 

«Анашым», «әке» деген екі ауыз сөзді естуге асығатын ата-ана үшін баланың тілі шыққан әрбір жаңа сөзі қуаныш. Алайда соңғы жылдары бұл қуаныштың орнына «Неге менің балам сөйлемейді?» деген алаңдаушылық жиілеп отыр. Бір жаста бала алғашқы сөздерін айта бастауы, екі жас шамасында сөздік қорының едәуір қалыптасуы, үш жасқа қарай ойын қарапайым әрі түсінікті жеткізе алуы күтіледі. Бірақ бұл көрсеткіштерді барлық балаға бірдей қойылатын қатаң өлшем деп қабылдауға болмайды. Баланың сөйлеу қарқынына оның жеке даму ерекшелігімен қатар, есту қабілеті, жүйке жүйесінің жетілуі, қоршаған ортасы, ересектермен қарым-қатынасы және басқа да факторлар әсер етеді.

Мәселенің күрделілігі де осында. Бала сөйлемегенде кей ата-ана мұны уақытша құбылыс деп қабылдап, «өзі-ақ сөйлеп кетеді» деген үмітпен маманға жүгінуді кейінге қалдырады. Ал уақыт – баланың дамуындағы ең маңызды ресурстардың бірі. Сөйлеудегі қиындық ерте байқалып, себебі уақытында анықталса, тиісті мамандардың көмегі де нәтижелі болады. Бүгінде логопед, дефектолог, психолог секілді мамандарға сұраныстың артуы да осы мәселенің қоғам назарынан тыс қалмағанын көрсетеді. Білім беру және денсаулық сақтау жүйесінде балалардың сөйлеу және даму ерекшеліктерін ерте анықтап, түзету жұмыстарына көңіл бөлініп келеді. Дегенмен мамандардың жұмысы қанша жерден жүйеленгенімен, алғашқы қадам баланың ата-анасынан басталады.

43 жылдық еңбек өтілі бар, аудандық аурухананың дәрігер-педиатры, неонатолог Сәуле Қайрденова да бала тілінің кеш шығуына бейжай қарауға болмайтынын айтады. 

– Соңғы жылдары баласының сөйлеу қабілетінің кешеуілдеуіне алаңдап, мамандарға жүгінетін ата-аналар көбейді. Екі-үш жасқа келсе де сөз құрай алмайтын, кей дыбыстарды дұрыс айта алмайтын балалар кездеседі. Мұндай жағдайда ата-аналар түзету кабинеттерінің мамандарына немесе дәрігерлерге жүгінеді. Баланың тілінің кеш шығуына бір ғана себеп әсер етеді деп айтуға болмайды. Оның физиологиялық немесе психикалық даму ерекшеліктеріне байланысты түрлі факторлар болуы мүмкін. Сондықтан ең алдымен кешеуілдеудің нақты себебін анықтау маңызды. Себебі белгілі болғаннан кейін педагогикалық және медициналық мамандар бірлесіп, балаға қажетті түзету және оңалту жұмыстарын жүргізеді. Исатай ауданында бұл бағытта жүйелі жұмыс қалыптасқан. Білім бөліміне қарасты, 21 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан №4 психологиялық - педагогикалық түзеу кабинеті бар. Сонымен қатар жеке «Айым» балаларды дамыту орталығы жұмыс істейді. Бұл мекемелердегі мамандармен бірлескен жұмыстың нәтижесі де байқалады. Дегенмен жыл өткен сайын сөйлеу тілінде кемістігі бар балалардың саны азаймай отырғаны алаңдатады. Сөйлеу қабілеті өздігінен қалыптаспайды. Балаға ең жақын әрі онымен күнделікті қарым-қатынаста болатын адамдар – ата-анасы мен отбасы мүшелері. Сондықтан баламен үнемі сөйлесіп, оның сұрақтарына жауап беру, бірге ойнау, жас ерекшелігіне сай ойыншықтар мен кітаптар таңдау маңызды. Баланың ойлау және сөйлеу қабілетін дамытуға бағытталған қарапайым әрекеттердің өзі үлкен рөл атқарады. Ал егер мамандар тарапынан қандай да бір ерекшелік анықталса, дәрігер, дефектолог, логопед және басқа да мамандардың ұсынымдарын уақытында орындау қажет. Баланың ми қызметі мен сөйлеу қабілетінің жасына сай дамуына ата-ананың күнделікті қатысуы мен жүйелі жұмысы тікелей ықпал етеді,- дейді 43 жылдық еңбек өтілі бар балалар дәрігері Сәуле Мұратқызы.

 

 

Бір кездері логопед маманына жүгіну қалыпты медициналық-педагогикалық қажеттіліктен гөрі, жекелеген жағдай ретінде қабылданатын. Бүгінде жағдай өзгерді. Баласының сөйлеу қабілетіндегі өзгерісті байқаған ата-аналар түзету кабинеттері мен түрлі мамандардың көмегіне жиі жүгінеді. «№4 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысы Сайрангүл Бөлекова баланың сөйлеу қабілетінің қалыптасуына күнделікті орта мен отбасының ықпалы ерекше екенін айтады.

– Ең алдымен, әр баланың жағдайы жеке қарастырылуы керек. Сөйлеудің кешеуілдеуіне экран алдында ұзақ отыру, баламен жеткілікті сөйлеспеу сияқты факторлар әсер етуі мүмкін. Өйткені сөйлеу дайын сөзді тыңдау арқылы емес, тірі қарым-қатынас барысында қалыптасады. Сондықтан ата-ана баланың сұранысын өзі түсініп қана қоймай, оны сөзбен айтуға ынталандырып, күнделікті қарапайым әрекеттердің өзінде диалог құруы маңызды. Арнайы күрделі жаттығулардан гөрі, күнделікті өмірде баламен сөйлесудің өзі үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар сөйлеудің кешеуілдеуіне шала туу, жүктілік немесе босану кезіндегі асқынулар, оттегі жетіспеушілігі, неврологиялық және басқа да даму ерекшеліктері себеп болуы мүмкін. Баланың есту қабілетін де міндетті түрде тексеру қажет. Егер бала атымен шақырғанда жауап бермесе, көзбен байланысы аз болса, бірге ойнауға қызықпаса, қарапайым нұсқауларды түсінбесе немесе қайталанатын әрекеттер байқалса, мұны жай ғана «тілі кеш шығып жатыр» деп қабылдауға болмайды. Мұндай белгілердің себебін жан-жақты бағалау қажет. Қазіргі таңда №4 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде 72 бала қабылданып отыр. Бұл мәселенің өзектілігін көрсетеді. Ең маңыздысы – ата-ана «өзі сөйлеп кетеді» деп уақыт өткізіп алмауы керек. Сөйлеу дамуында күмәнді белгі байқалса, оның себебін ертерек анықтап, қажетті мамандарға жүгінген жөн. Бала сөйлемесе, одан кінәлі іздемей, ең алдымен себебін анықтау қажет. Себебі анықталған жерде балаға қажетті көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік бар,-дейді ол.

Қоғамда әлі де «ерке бала ғой», «жасы келгенде өзі сөйлейді», «әкесі де кеш сөйлеген» деген түсінік бар. Үлкендердің осындай сөздеріне сүйеніп, баласының дамуындағы ерекшелікті елемей жүретін ата-аналар да кездеседі. Мұндай жағдайды жас ана Кенжегүл Әленғалиеваның тәжірибесі де көрсетеді. Оның баласы екі жас екі айға келгенде, анасы баласының дамуында кері өзгеріс барын байқаған.

– Екі жыл бұрын мен де ерекше баланың анасы болдым. Балам екі жас екі айға келгенде оның дамуында өзгеріс байқалды. Бұған дейін сөйлеп келе жатқан балам біртіндеп сөз айтуды қойып қана қоймай, айналасындағылардың сөзін түсінуі де қиындай бастады. Бұл жағдай мені қатты алаңдатты. Баламды Атырау мен Ақтөбе қалаларындағы мамандарға көрсеттім. Алайда нақты диагнозды анықтау оңай болмады. Өзім де ізденіп, әлеуметтік желілерден түрлі ақпарат қарап, үй жағдайында баламмен дамыту жұмыстарын жүргізе бастадым. Дамытушы ойыншықтарға қызыққанымен, сөйлеуінде айтарлықтай өзгеріс болмады. Кейін жан-жақты сұрастырып, Ташкент қаласындағы мамандарға жүгіндік. Қажетті тексерулерден өтіп, тиісті зерттеулер жасалды. Мамандардың қорытындысынан кейін балама жүйелі түрде оңалту жұмыстарын жүргізе бастадық. Үш ай сайын Ташкентке барып, он күндік курстан өттік. Бұл жұмыс шамамен бір жарым жылға созылды. Біртіндеп баламның сөйлеуі қалыптасып, өз қатарластарына қосылды. Қазір бес жасқа толғалы отыр. Өз ойын еркін жеткізеді, айтқанымызды толық түсінеді. Осы жағдайдан кейін балаға қатысты кез келген өзгеріске мұқият қарау керек екенін түсіндім. «Өзі сөйлеп кетеді» деп ұзақ күтудің қажеті жоқ. Баланың сөзін тыңдап, дамуындағы өзгерісті бақылап, қажет жағдайда мамандарға уақытында көрсету маңызды. Балаңыздың болашағына немқұрайлы қарамаңыздар,-дейді Кенжегүл Әленғалиева.

Сондықтан баланың үнсіздігін әдетке айналдырмай, оның артында не тұрғанына үңілу маңызды. Уақытында байқалған белгі, дұрыс қойылған бағалау және жүйелі көмек –  баланың қалыпты дамуына жасалған нақты қадам.

Ұрпақтың болашағы туралы үлкен сөз айтпас бұрын, қасымыздағы баланың бүгінгі қажетіне назар аударғанымыз жөн. Өйткені баланың айтқан алғашқы сөзіне қуану жеткіліксіз. Оның айтылмай қалған сөзін де дер кезінде ести білу –  ата-ананың ең үлкен жауапкершілігі.

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT