№135 референдум учаскесіне қарасты «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Жаңаталап цехында референдум күні ауысымдық жұмыста жүрген мұнайшылардың дауыс беруіне арнайы жағдай жасалды. Цех аумағында сайлаушыларға арналған арнайы дауыс беру орны жабдықталып, жұмысшылардың азаматтық таңдауын жасауына мүмкіндік берілді.
Референдум күні таңертеңгі сағат 8:30-дан бастап 11:00-ге дейін аталмыш кен орнында тасымалдаушы жәшік арқылы дауыс беру ұйымдастырылды. Нәтижесінде осы жерде тіркелген 80 азаматтың 77-сі өз таңдауларын жасап, референдумға белсенді түрде қатысты. Бұл мұнайшылардың ел болашағына бейжай қарамай, маңызды саяси науқанға жауапкершілікпен қатысқанын көрсетеді.
№135 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы Раиса Такенованың айтуынша, дауыс беруді барынша қамту мақсатында бірнеше бағытқа тасымалдаушы жәшіктер жіберілген. Атап айтқанда, Обалы, Манаш, Мыңтөбе бағыттары бойынша тіркелген сайлаушыларды қамту үшін жолға шыққан комиссия мүшелері шалғай орналасуына байланысты кешкі уақытта ғана учаскеге оралады деп күтілуде.

Осылайша, референдум күні шалғайдағы өндіріс орындары мен алыс қоныстанған тұрғындардың да дауыс беру құқығын жүзеге асыруына толық мүмкіндік жасалып отыр.

