Өнегелі өмір – ұрпаққа мұра

 

Аптаның алғашқы күні Жанбай ауылдық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Исатай ауданының Құрметті азаматы, ақын Адайбек Есекештің зейнет демалысына шығуына арналған тағылымды кеш өтті.

 

 

Негізінен Жанбай ауылдық округі әкімдігі ұйытқы болып, «Өнегелі өмір – ұрпаққа мұра» аталынған шараға Адайбек Сәдірұлының мемлекеттік, қаламгерлік және қоғамдық қызметтегі қажырлы еңбегімен елге үлгі болған азаматтық өмір жолы өзек етілді.

 

 

Жанбай ауылдық балалар саз мектебі ансамблінің орындауында күмбір күйлермен ашылған тағылымдық шара барысында аудан әкімінің орынбасары Рашид Мұқанов, аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов және ауылдық округ әкімі Ерлан Мақсотов, ардагер журналист Жайнарбек Бержанов бастаған қаламдастары, солардың қатарында кеш иесі еңбек еткен аудандық газет редакциясының бүгінгі ұжымы өкілдері, басқа да тілеулестері, сондай-ақ ауылдастары мен ағайындары да құттықтап, кеш иесінің мемлекеттік қызметтегі өнегесі өрісті ісі хақындағы салмақты ой-пікірлерімен, қаламгерлік қыры туралы толғаныстарымен, азаматтық келбеті жөніндегі жүрекжарды лебіздерімен бөлісіп, игі тілектерін арнады, сый-сияпаттарын да ұсынды.

 

 

Еңбек жолын кеңшардағы комсомол жастар шопандар бригадасында бастап, шаруашылықтың құрылыс саласында іс қылған, аудандық «Нарын таңы» газетінде де тілші болып тер төгіп, ауылдық округ әкімі аппаратында ұзақ жылдар бойына маман, бас маман бола жүріп зейнет жасына жеткен кеш иесі жайлы бейнебаян да үн қатты.

 

 

Үлкен-кіші ақындардың арнау жырларымен, ауыл және аудан өнерпаздарының сазды сәлемдерімен өрнектелген шара мәнді әрі мазмұндылығымен есте қалды.

 

 

Өнегені өрісті еткен кеш соңында алқалаған әлеуметтің ыстық ықыласына бөленген ардагер азамат өзіне көрсетілген осынау құрметке үлкен ризашылығын білдірді.

 

 

 

 


Өз тілшіміз

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT