Отбасы – адам өміріндегі ең алғашқы тәрбие мектебі, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын ең қымбат мұра. Шаңырақтың берекесі – дастарқанның молдығымен емес, өзара сыйластықпен, үлкеннің батасымен, кішінің ізетімен өлшенеді. Ал бірнеше буынның өнегесі бір арнаға тоғысып, әр ұрпағы маңдай терімен елге қызмет еткен әулеттің тағылымы тіпті бөлек. Қазір елімізде 7-13 қыркүйек аралығында Отбасы күніне арналған апталық өтіп жатыр. Бұл – отбасының қоғамдағы орнын айшықтап, ұрпақ тәрбиесі мен әулет сабақтастығының мәнін тағы бір мәрте еске салатын кезең. Осы орайда Аққыстау ауылындағы көпке үлгі боларлық әулеттердің бірі – Булековтер отбасының өнегелі өмір жолына назар аударуды жөн көрдік. Жуырда аудан намысын облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында абыроймен қорғап, жүлделі III орынға ие болған бұл әулеттің өмір жолына үңілсеңіз, отбасы құндылығының нақты көрінісін аңғаруға болады. Мұнда басты байлық – дүние-мүлік емес, ұрпаққа сіңген тәрбие, үлкенге көрсетілген құрмет, кішіге деген ізет, маңдай термен келген адал еңбек. Бір шаңырақтан тараған әр буынның өз таңдауы, өз тағдыры, өз арманы бар. Алайда олардың өмір жолын жалғап тұрған ортақ арқау – туған үйдің тәрбиесі мен отбасының бірлігі. Осы құндылықтар Булековтер әулетінің бүгінгі болмысын қалыптастырып, кейінгі ұрпаққа жол сілтер өнегеге айналып отыр.
БЕРЕКЕЛІ ШАҢЫРАҚТЫҢ БӘЙТЕРЕГІ
Булековтер әулетінің шежіресіне үңілсек, оның берік іргесі бір-біріне сүйенген қос жүректің, Амангелді Булеков пен жары Бадеш Хамметованың ғұмырымен астасып жатыр. Өмірдің қуанышы мен қиындығын қатар көтерген ерлі-зайыпты алты перзент тәрбиелеп, бар ғұмырын отбасының берекесі мен бала тәрбиесіне арнады. Балаларына өмірдің ақ пен қарасын ажыратуды үйретіп, әрқайсысының өз жолын табуына бағыт-бағдар берді. Ұл-қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп, елге сыйлы, еңбекке адал азамат болуына бар күшін салды. Алайда тағдырдың өз заңы бар. Амангелді ағамыз дүниеден озғаннан кейін шаңырақтың бар салмағы Бадеш ананың иығына түсті. Осындай сын сағатта ана қайсарлығын танытып, қабырғасы қайысса да, қара шаңырақтың отын өшірмеді.
Балаларына демеу, немерелеріне мейірім, әулетінің ақылшысы бола білді. Бір әулеттің басын біріктіріп, үлкеннің батасын, кішінің ізетін сақтаған ұйытқыға айналды. 1945 жылдың 25 қыркүйегінде дүниеге келген Бадеш ана бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, ұрпағының ортасында отырған ардақты әже. Ғибратты ғұмырының мәнін бала тәрбиесі мен ұрпақ қамынан тапқан ана үшін уақыттың ең үлкен жемісі – балаларының абыройы, немере-шөберелерінің қуанышы. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет», «Еңбек етсең – емерсің» деген қарапайым қағидаларды балаларының бойына сіңірген Бадеш ананың тәрбиесі бүгінде бірнеше буынның мінезі мен өмір салтынан көрініс табады. Оның өнегесі бір үйдің қабырғасынан асып, тұтас әулеттің өмірлік ұстанымына айналған. Ана еңбегі де елеусіз қалған жоқ.
Бадеш Хамметова І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» медальдарымен, «Күміс алқа» наградасымен марапатталған. Сонымен қатар аудандық ардагерлер ұйымының Алғыс хатына ие болды. Бұл марапаттар – бір күндік еңбектің емес, ғұмыр бойғы аналық мейірім мен маңдай тердің өтеуі. Бүгінде Аққыстау ауылында балалары мен немере-шөберелерінің ортасында отырған Бадеш ана үшін ең үлкен бақыт – ұрпағының амандығы. Ал ең биік марапат – балаларының абыройы мен немере-шөберелерінің қуанышы, әулетінің ынтымағы. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Бадеш ана – Булековтер әулетінің ақылманы ғана емес, қара шаңырақтың құт-берекесін ұстап отырған аяулы ана. Оның өмір жолы – уақыт озған сайын мәні арта түсетін өнеге, ал өзі – ұрпақтар арасын жалғаған алтын көпір.
«ҚАРА АЛТЫН» ӨНДІРІСІНДЕГІ ӘКЕ МЕН БАЛА

Булековтер әулетінің өнегесі бір шаңырақтағы тәрбиемен шектелмей, кейінгі буынның өмір жолынан да жалғасын табады. Әулеттің үлкені Айдарбек Булековтің өмір жолы – маңдай термен келген абыройдың айғағы. Ол көп жылдан бері мұнай-газ саласында еңбек етіп, бүгінде «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында мұнай және газ өндіру операторы қызметін атқарады. Әке тәрбиесін бойына сіңірген Айдарбек еңбек жолында жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті берік ұстаным етті. Ұзақ жылғы еңбегі еленіп, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Алғыс хатымен, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның 100 жылдық мерейтойлық медалімен, «Қазақстан мұнайына – 125 жыл» мерейтойлық медалімен және басқа да марапаттармен наградталды.
Әулеттің үлкен келіні Жанаргүл Капажанова да өз саласында абырой биігінен көрініп жүр. Білім саласында еңбек етіп, бүгінде «Нұршуақ» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі қызметін атқаратын тәжірибелі басшы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ісіне жаңашылдық енгізіп, облыстық және республикалық деңгейдегі марапаттарға ие болған. Еңбек пен ізденісті өмірлік бағдар еткен ата-ананың тәрбиесі перзенттерінің бойынан да көрініс тапқан. Олардың тұңғышы Расул мұнай-газ саласын меңгеріп, бүгінде кәсіпкерлік бағытта еңбек етуде. «RAS-Service» кәсіпорнын басқарып, кәсібін дамытып келеді. Қыздары Әсел де жоғары білім алып, еңбек жолында әртүрлі бағытта тәжірибе жинақтаған. Әселдің жары Мейірбек Лұқпан да кәсіби жолын өз саласымен сабақтастырып келеді.
Электроэнергетика мамандығын меңгерген ол еңбек жолын «Атырау Жарық» мекемесінде электрмонтер болып бастап, бүгінде әуе желілерін жөндеу бойынша шебер қызметін атқарады. Әулеттің кішкентай өкілі, жиендері Қуандық Шахназар – осы үлкен шаңырақтың жаңа тынысы. Ал әулеттің кенжесі Мөлдір – Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті. Білімге құштар жас бүгінде таңдаған мамандығын терең меңгеруге талпынып, болашағына нық қадам басып келеді.
ҰСТАЗДЫҚТЫ ҰЛЫҚ ЕТКЕН

Булековтердің тағы бір қызы – Анаргүл Булекова. Саналы ғұмырын бала оқытуға арнаған ұстаз бүгінде Аққыстау ауылындағы Абай атындағы орта мектепте физика және информатика пәнінің мұғалімі. Педагог-зерттеуші Анаргүл Амангелдіқызы кәсіби ізденісімен, жаңашыл әдістемесімен танылған. Аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі байқаулар мен ғылыми-әдістемелік жобаларға белсенді қатысып, түрлі марапаттарға ие болған. Жары Тауфих Түсіпқалиев те осы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Бірі – білімнің, бірі – спорттың шамын жағып, шәкірт тәрбиесіне бірге үлес қосып келеді. Олардың балалары да ата-анасының ізін жалғаған. Арайлым жоғары білімді маман болса, Равиль – спорт саласын таңдаған жас маман. Бүгінде Абай атындағы орта мектепте футбол үйірмесінің жаттықтырушысы болып, жасөспірімдерді спортқа баулып жүр.
Ал Равильдің шәкірттері ғана емес, өзі де спорттық жарыстардың жүлдегері. Жұбайы Сымбат – шығармашылық қабілетімен ерекшеленген мобилограф. Бұл шаңырақтағы Данил де білімге бейжай қарамайды. Мұнай-газ кен орындарын игеру және пайдалану мамандығын үздік аяқтаған жас маман өндірістік тәжірибеден өтіп, кәсіби бағытын қалыптастырған жастың бірі.
БІР ҮЙДЕ – САН ҚЫРЛЫ ӨНЕР

Әулеттің кіші ұлы Жанболат пен жары Зүлфия да ата-анасының аманатына адалдық танытып, бес баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. Жанболат жеке кәсіпкерлік саласында механик-жүргізуші болып еңбек етіп қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласады. Су тасқыны кезінде ерікті ретінде халыққа көмек көрсетіп, азаматтық белсенділігін танытқан. Зүлфия да кәсіпкерлікпен айналысып, отбасының берекесін еселеуге еңбек етіп келеді. Бұл шаңырақтағы әр баланың өз қызығушылығы, өз арманы бар. Үйдің үлкені Әсем жоғары оқу орнын тәмамдап, кейін шаңырақ көтерген. жолдасы Айдын екеуі дәмхана ашып, көптің ықыласына бөленген. Әділ мұнай-газ саласын таңдаса, Әли ақпараттық технологиялар бағытында білім алып жүр. Ал Әлішер – спортқа ерекше ықыласты жас футболшы. Ол республикалық жарыстарда жүлде алып, «Үздік ойыншы» атағына ие болған. Болашақта кәсіби футболшы болуды армандайды.
Әлібидің бағыты – білім. Математикаға ерекше қызығушылық танытқан жасөспірім логикалық ойлау қабілетімен көзге түсіп келеді. Ал бұл шаңырақтың кішкентай жиендері Гүлназ бен Назкен, ұлы Айбын – әулеттің балауса буыны. Гүлназдың өнерге деген қызығушылығы ерекше. «Samga Star» фестивалінде Бас жүлде алып, «Жетіген» би тобының белсенді мүшесі атанып жүр. Бір үйдің ішінде білім, спорт, өнер мен еңбек қатар өрілген.
ЕҢБЕГІМЕН ЕЛГЕ ТАНЫЛҒАН КӘСІПКЕР ОТБАСЫ

Булековтер әулетінің тағы бір бұтағы – Жанаргүл Булекованың отбасы. Бүгінде жеке кәсіпкерлікпен айналысып, отбасылық кәсіптің өрісін кеңейтуге үлес қосып жүрген Жанаргүл үшін туған-туыстың татулығы мен шаңырақтың берекесі де басты құндылықтың бірі. Жары Қайрат Әбілбашаров та кәсіпкерлік саласында көп жылдан бері еңбек етіп, өз кәсібін абыроймен жүргізіп келеді. Бұл шаңырақта еңбекке деген құрмет кейінгі буынның бойына да берік орныққан. Жанаргүл мен Қайраттың ұлы Диас өндірістік салада басқару пультінің операторы болып еңбек етсе, жары Аида өндіріс орнында лаборант қызметін атқарады. Екеуі де өз саласының жауапкершілігін арқалап, ата-анадан көрген еңбекқорлық пен тиянақтылықты өмірлік ұстаным етіп келеді. Ал олардың кішкентай ұлы Санжар – әулеттің балауса буыны. Бүгінде бөбекжай-бақшада тәрбиеленіп жатқан балдырған үлкендердің мейірімі мен өнегесін көріп, отбасының жылуы мен әулеттің тәрбиесін бойына сіңіріп өсіп келеді. Үлкендердің әрбір ісі мен сөзі – оның ертеңгі өміріне қаланған алғашқы кірпіш. Жанаргүл мен Қайраттың тағы бір ұлы Мирас та еңбек жолын бастап, өз бағытын қалыптастырып келеді. Ал мектеп оқушысы Аяна білімге деген құштарлығымен ерекшеленеді. Сабаққа ынталы жас ақпараттық технологияларға да қызығушылық танытып, заман талабына сай білім игеруге ұмтылуда. Болашақ мамандығын ерте бастан бағдарлап, өзіне қажетті бағытта ізденіп жүргені де байқалады. олар көп жылдан бері еңбек етіп, өз кәсібін абыроймен жүргізіп келеді. Бір әулеттің әр шаңырағында еңбек ету, білім алу, кәсіп игеру секілді құндылықтардың қатар өрілуі – атадан балаға жалғасқан тәрбиенің жемісі. Үлкендер бастаған жол кейінгі буынның таңдауы мен талпынысынан көрініс тауып, Булековтер әулетінің берік сабақтастығын қалыптастырып отыр.
БІЛІМ МЕН ӨНЕР ТОҒЫСҚАН ШАҢЫРАҚ

Булековтердің тағы бір қызы Сайрангүл де бала тәрбиесі мен білім саласын өмірлік жолы еткен. Қазір аудандық білім бөлімінің №4 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің басшысы қызметін атқарады.Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіп жүрген Сайрангүлдің еңбегі түрлі деңгейдегі марапаттармен бағаланған. Оның кәсіби жолы – мейірім мен жауапкершілікті қатар алып жүрудің үлгісі. Жары Қуандық Кинешов өндіріс саласында еңбек етіп, тәжірибелі маман ретінде танылған.Ал олардың балаларының бірі Тұрар – медицина саласын таңдаған талапты жас. Астана медицина университетінде мемлекеттік грантпен білім алып, ғылыми конференцияларға қатысып, жүлделі нәтижелер көрсетіп жүр. Болашақта білікті дәрігер болып, халық денсаулығына қызмет етуді мақсат етеді. Екінші ұлы Толыбек мұнай-газ саласы бойынша білім алып жүрсе, Рахман мектепте жақсы үлгерімімен ерекшеленеді.Ал бұл шаңырақтың өнердегі жұлдызы – кішкентай Айболат Рахим.Домбыраны жанына серік еткен жас өнерпаз республикалық және халықаралық байқауларда бірнеше мәрте жеңімпаз атанып жүр. 2026 жылы «ЖасStar», «Дарабоз» байқауларында Бас жүлде иеленіп, Алматыда өткен «Атадан мұра» қорының VI суперфиналында да топ жарды. Оның өнердегі ең үлкен жетістіктерінің бірі – Парижде өткен халықаралық өнер байқауында Гран При иеленуі. Қазақтың ұлттық өнерін шетел сахнасында танытқан Айболат Рахим – Булековтер әулетінің ғана емес, ауданның да мақтанышы.
БІЛІМГЕ ҚАНАТ ҚАҚҚАНДАР

Әулеттің тағы бір шаңырағы – үйдің кенже қызы Жансая Булекова мен Ринат Алиевтің отбасы. Жансая бүгінде бөбекжай-бақшада көмекші тәрбиеші болып, бүлдіршіндерге мейірім мен қамқорлық сыйлап жүр. Балаға жылу беріп, әр кішкентай жүрекке ізгілік дәнін себу – оның күнделікті еңбегінің мәні. Жолдасы Ринат – мұнай-газ саласында өзіндік тәжірибесі қалыптасқан білікті маман. Өндіріс саласында еңбек етіп, кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі үшін бірнеше мәрте «Үздік маман» атанған. Еңбек жолын кәсіби ізденіспен ұштастырған Ринаттың музыка мен дыбыс өңдеуге деген қызығушылығы да бар. Негізгі кәсібінен бөлек шығармашылық жобаларға араласып, өнерге деген ықыласын да жүзеге асырып келеді. Бұл шаңырақта білімге, ізденіске деген құштарлық та айқын сезіледі. Үйдің үлкені Дильназ – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін жақсы нәтижемен аяқтады. Ғылыми конференциялар мен халықаралық форумдарға қатысып, студенттік ортада ұйымдастырушылық қабілетімен таныла білген ізденімпаз жас. Ал Малика – биылдан бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, жаратылыстану және география факультетінің грант иегері. Бұл – оның табандылығы мен ізденісінің жемісі. Әулеттің жас өкілі Алдиярдың бойында білім мен өнер өзара үйлесім тапқан. «Зерде» ғылыми-зерттеу жобалары байқауында жүлдеге ие болған ол ғылымға қызығушылығын музыкаға деген ықыласымен қатар алып келеді. Жасынан ізденіске бейім болып өскен Алдиярдың бойындағы бұл қабілеттер оның жан-жақты қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Ал Сымбат пен кішкентай Раяна – шаңырақтың шаттығын еселеп отырған балауса буын. Олардың балалық күлкісі мен балғын қылығы бұл үйдің берекесін арттырып, әулеттің жалғастығын сезіндіре түседі. Жансая мен Ринаттың шаңырағындағы әр баланың өз қызығушылығы мен өз бағыты бар. Бірі ғылым мен білімге ұмтылса, бірі өнерге жақын, енді бірі спорт пен шығармашылыққа бейім. Мұның барлығы бір әулеттен дарыған тәрбиенің әр бала бойында өзінше көрініс табатынын көрсетеді. Үлкендердің өнегесі кейінгі буынның ізденісіне айналып, әулеттің ертеңіне жол ашып келеді.
Түйін:
Булековтер әулетінің өнегелі өмір жолы –бірнеше буынның тағдырын тоғыстырған отбасы құндылықтарының жарқын көрінісі. Ата-анадан басталған тәрбие балаға, баладан немере мен шөбереге жалғасып, адал еңбекке, білімге, бірлік пен өзара сыйластыққа негізделген берік дәстүр қалыптастырған. Әрқайсысы өз жолын тауып, елге қызмет етіп, еңбегімен абырой жинап жүрген ұрпақтың жетістігі – Бадеш ананың ақ батасы мен әулетке сіңірген тәрбиесінің жемісі. Осындайда отбасының ең үлкен байлығы дүние емес, артында қалдырар өнегесі екеніне көз жеткізесің. Бірлігі бекем, ұрпағы өнегелі әулеттің мерейі де қашанда биік.
Сағыныш ҚАЙЫР



