Өнегенің үнімен – елдік таңдауға

 

Исатай ауданындағы №133 референдум учаскесінде елдік іске белсенділік танытқан жандардың бірі – «Дәстүр үні» әжелер ансамблінің ұжымы болды. Өнер мен өнегені қатар ұстанған әжелер қауымы референдум күні бір кісідей келіп, өз таңдауларын жасап, азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті.

Өнерлі әжелерден құралған «Дәстүр үні» ансамблі аудан ғана емес, облыс көлемінде де танымал ұжымдардың бірі. Олар ардагерлер арасындағы аудандық және облыстық байқаулардың жеңімпазы атанып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген өнерпаздар. Сондай-ақ «Әжелер үні – өнеге жыры» атты облыстық әжелер ансамбльдері арасындағы байқауда лауреат атанып, халықтың ықыласына бөленген.

Ансамбль мүшелері референдум күні дауыс беруді өздерінің азаматтық борышы деп есептейтіндерін айтады. Олардың айтуынша, ел болашағына қатысты маңызды шешімдерде әр азаматтың пікірі маңызды.

 

 

– Біз – кейінгі ұрпаққа үлгі болатын үлкен буынбыз. Сондықтан ел өміріндегі маңызды саяси науқандардан тыс қалмай, өз таңдауымызды жасауды парызымыз деп білеміз. Бүгін ұжым болып келіп, дауыс бердік. Еліміздің ертеңі жарқын болсын, – дейді ансамбль жетекшісі Айымгүл Бәделқызы.

Салт-дәстүр мен ұлттық өнерді насихаттап жүрген әжелердің бұл қадамы жастарға да өнеге. Өнерімен де, өмірлік тәжірибесімен де ел бірлігі мен қоғамдық белсенділіктің маңызын көрсетіп жүрген «Дәстүр үні» ансамблі бүгінгі референдумда да белсенділік танытып, елдік іске өз үлестерін қосты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT