Неймардың ауылдасын зинедендік отбасы қонақ қылды

 

Зинеден ауылы — талай жолаушының ізі қалған, түрлі ұлт өкілдері табан тіреген мекен. Әлемдегі ең үлкен көл — Каспий теңізінің жағалауына жақын орналасқан ауылдың табиғаты ғана емес, тұрғындарының дархан мінезі де көпті сүйсіндіреді. Бұған жуырда болған ерекше оқиға дәлел. Күні кеше сол ауылға алыстан келген шетелдік турист бой көрсетеді. Ол — Бразилия елінің азаматшасы, Ингрид Венцель Тосин есімді саяхатшы қыз еді. 

Жол үстінде жүрген саяхатшы Зинеден ауылындағы қарапайым дүкенге аялдап, ауыл тұрғындарынан қонақүй немесе түнеп шығатын орын сұраған. Алайда шағын ауылда арнайы қонақүй болмағандықтан, Ингрид Каспий жағалауына барып қонуды жоспарлайды.

Бірақ қазақы кеңпейілділік бұл жолы да шет қалмады. Ауыл тұрғындарының бірі — Аманжол Халидуллин есімді азаматтың келіні Дильназ ,шетелдік қонақты өз шаңырағына шақырып, төрінен орын ұсынған.

 

 

Қонақжай отбасының дастарханынан дәм татқан бразилиялық саяхатшы қазақ халқының дарқан көңіліне ерекше риза болғанын жасырмады. Сонымен қатар ол әлемге әйгілі бразилиялық футболшы Неймардың өзімен бір ауылдан екенін мақтанышпен жеткізді. 1998 жылы дүниеге келген Ингрид Венцель Тосин — мамандығы бойынша тіс дәрігері. Ол өз кәсібімен үш жылдай айналысқаннан кейін жаңа мәдениеттермен танысып, әлемді көруге деген қызығушылығы артып, саяхатқа бел буған. Осы мақсатпен Бразилиядан Қытайға аттанып, содан бері велосипедпен түрлі елдерді аралап келеді. Бүгінде оның сапарына 1 жыл 10 күн уақыт болған. Саяхатшы Зинеден ауылына Ресейдің Астрахань қаласынан велосипедпен жеткен. Оның айтуынша, екі күндік жолдан кейін қазақ даласына табан тіреу — ерекше әсер сыйлаған.

— Саяхаттағы басты мақсатым — әртүрлі халықтармен танысып, олардың мәдениетін тану. Қазақ халқының қонақжайлығы мен мейірімі мені қатты таңғалдырды. Бұл мекенде мені туған адамындай қарсы алып, үйінің төрінен орын берген отбасының жақсылығын ешқашан ұмытпаймын. Қазақ даласының кеңдігі мен адамдардың ақжарқын мінезі саяхатымдағы ең ерекше естеліктердің біріне айналды, — дейді Ингрид.

 

 

Қарапайым ауыл отбасының үйінде қонақ болған шетелдік саяхатшы енді сапарын әрі қарай жалғастырмақ. Оның келесі бағыты — Өзбекстан елі.

Алыстан келген жолаушыны жатсынбай, төрінен орын берген ауыл тұрғынының бұл әрекеті — қазақ халқына тән кеңдік пен адамгершіліктің жарқын көрінісі. Кейде бір тостаған шай мен жылы қабақтың өзі бүтін бір елдің болмысын танытып жатады.

 

Еркебұлан УАЛИТХАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT