Өнер додасында озған өрендер

 

Атырау өңірінде жас дарындарды қолдау мен ұлттық рухты ұлықтауға бағытталған игі бастамалардың бірі – дәстүрлі «Мағжан оқулары» биыл да өз жалғасын тапты. Сөз өнерінің асқар биігіне айналған Мағжан поэзиясын ұлықтаған бұл байқау жас буынның әдебиетке деген іңкәрлігін арттырып, олардың шығармашылық қарым-қабілетін шыңдайтын маңызды алаңға айналып отыр. Атырау облыстық білім беру басқармасы Таланттарды анықтау және қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен облыстық додада 8-11 сынып оқушылары өз бақтарын сынады. Қатысушылар өлеңді мәнерлеп оқу, жас ақындар сайысы және зерттеу жұмыстары секілді бірнеше бағыт бойынша бақ сынасып, көркем сөз бен терең ойдың үйлесімін көрсетті. Тартысты додада ауданымыздың намысын абыроймен қорғаған жас дарындылар да бар.

Аудан намысын қорғаған үш оқушы да бұл байқауда өздерінің білім-білігі мен шығармашылық әлеуетін лайықты деңгейде көрсете білді. Нәтижесінде олардың екеуі жүлделі орындарға ие болса, біреуі Алғыс хатпен марапатталды. Атап айтқанда, Х.Нәубетов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Гүлден Сахарбай «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» номинациясы бойынша ақындық бағытта өлең шығару сайысынан І орынды иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Ал, Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Айзере Сағидолла «Бәрінен де сен сұлу» кезеңі бойынша ән орындау бағытынан жүлделі ІІІ орынды еншіледі. Сонымен қатар Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Айназ Қизатолла «Жасынан оқу оқып, өнер қуған…» номинациясы аясында Мағжан шығармашылығын зерттеу бағыты бойынша Алғыс хатпен марапатталды. Айта кетейік, жеңімпаз Гүлден Наурызбайқызы  бұл байқауға 7-сыныптан бері үздіксіз қатысып келеді. Ол бұған дейін де «Қадыр Мырза Әлі оқулары», «Мұқағали оқулары», «Махамбет оқулары» секілді республикалық деңгейдегі мүшәйраларда жүлделі орындар алып, шығармашылық қоржынын толтырып үлгерген. Ақындық қабілет оған әжесінен дарыған. Бір қызығы, жеңімпаздың апасы Гүлжарас Сахарбаева да 2016 жылы осы байқауға қатысып, республикалық кезеңге жолдама алған екен.

– Байқауда Мағжан Жұмабаев шығармашылығынан берілген «Түркістан» өлеңін өз қарым-қабілетіммен жалғастыруым керек болды. Бұл номинацияға менімен қатар 10 оқушы қатысты. Нәтижесінде сиясы кеппеген өлеңім жоғары бағаланып, келесі кезеңге жолдама алдым. Алдағы уақытта республикалық додада жоғары нәтиже көрсетемін деген сенімдемін-, дейді жеңімпаз.

«Мағжан оқулары» байқауы 2010 жылдан бас-тап дәстүрлі түрде өткізіліп  келеді. Республикалық деңгейде өтіп жүрген бұл байқаудың басты мақсаты – Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын дәріптеу,  мектеп оқушыларының классикалық әдеби шығармаларды оқуға қызығушылықтарын арттыру, интелектуалдық пайым-парасат пен шығармашылық қабілеттерін шыңдауды көздейді. 

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT