Өнерге құштар Ахмедияр

 

«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, шынайы талант иесіне ешқашан жас шектеу болмайды. Соның ішінде балалар шығармашылығына назар аударсақ, біреуі түрлі үйірмелер мен шығармашылық орталықтарға қатысу арқылы өз бағытын айқындаса, енді бірі туа біткен талантының арқасында-ақ айналасын өнерімен тәнті етіп жатады. Бүгінгі күні ойын баласы болса да, бойындағы ерекше қабілетімен көпшілікке жақсы қырынан танылып жүрген балалар аз емес. Мұндай пікірдің де өзіндік негізі бар. Солардың бірі – Аққыстау ауылында өсіп келе жатқан 10 жастағы Дүйсенбай Ахмедияр Әскербекұлы.

Ол өнерге жақын, белсенділігімен көзге түсіп жүрген дарынды оқушылардың бірі. Жас талант иесі біздің назарымызды өзінің актерлік шеберлігімен ерекше аударта білді. Жуырда Н.Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйі жанындағы Ғатау Рамазанов атындағы «Халықтық» театр сахнасында қойылған «Табалдырық» спектаклінде ол өз рөлін шынайы әрі әсерлі сомдап шықты.

 

 

Кейіпкердің жан дүниесін сезіне отырып ойнаған Ахмедиярдың сахнадағы қимылы мен рөлге деген жауапкершілігі көрермен көңілінен шығып көптің ыстық ықыласына бөленді. Сөйтсек, бұл спектакль бүлдіршіннің алғашқы актерлік тәжірибесі емес екен. Ол бұған дейін, өткен жылы «Мейрам» киностудиясы ұйымдастырған кастингке қатысып, іріктеуден сәтті өткен. Нәтижесінде «Біздің Жайық» фильмінде бой көрсетіп, өзінің алғашқы актерлік қадамын жасап үлгерген. Жас болса да камера алдында өзін еркін ұстап, рөлді сезіне білуі оның өнерге деген табиғи бейімділігін аңғартады. Бала кезінен сабырлы мінезімен ерекшеленген ол айналасына мейірім мен тыныштық сыйлап өскен. Туғанынан-ақ тыныш, көп жыламайтын, байсалды мінезі ата-анасының назарын ерте аудартқан.

– Кішкентай кезінен-ақ оның музыкаға деген ықыласы бізге байқалды. Әуен естісе, еріксіз билеп, ән айтып кететін әдеті бар. Фотоға түсуге құмарлығы, жаңа киім мен жаңа заттарға ерекше қызығушылығы да оның бала табиғатына тән ерекшеліктердің бірі. Сонымен қатар ол ұқыпты, өзіне қарай білетін, тазалықты жақсы көретін бала болып қалыптасып өсіп келе жатыр. Ұлымыз Ахмедиярдың ең басты ерекшелігі – сахнадан еш қысылмауы. Микрофон ұстап сөйлеу, көпшілік алдына шығу, түрлі шараларға қатысу оған қиындық туғызбайды. Бұрын кішкентайынан балабақша мен мектепте өтетін іс-шаралардың бірдебірінен қалмай, үнемі белсенділік танытып келеді. Кейде тіпті бір шараға қатыстырылмаса да, өзі сұранып қатысуға ниет білдіретіні оның өнерге деген шынайы құштарлығын көрсетеді деп білеміз. Мектеп қабырғасында да баламыз алғыр әрі белсенді оқушы. Ол түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Оқу үлгерімі де жақсы, негізінен 4 пен 5-ке оқитын үлгілі шәкірт.Өнерге деген қызығушылығы оны үлкен сахна мен кино әлеміне де жетелеп келеді.Биыл яки 2026 жылы оны екінші бір жаңа жобаға қайта шақырып отыр. Сонымен қатар Ахмедияр Тұщықұдық мәдениет үйі жанындағы өнер ұжымымен бірге «Табалдырық» атты спектакльге қатысып, аудан көлемінде ғана емес, облыстық сахнаға дейін шығып, өз өнерін кеңінен таныта білді,-деген Жансая есімді анасы баласының өнерге деген қызығушылығын үнемі қолдап отыратынын да тілге тиек етті. 

 

 

Иә, әр ата-ана үшін баласының өз жолын тауып, сүйікті ісімен айналысуы – зор қуаныш әрі мақтаныш. Әсіресе жасынан өнерге бейім болып, талабымен көпшілік ықыласына бөленуі – отбасы үшін де үлкен мерей.

Сонымен қатар топ ішіндегі балалардың арасынан театрға жалғыз өзі қабылдануының өзі-ақ Ахмедиярдың өнерге бір табан жақын екенін тағы бір мәрте аңғартқандай. Оның бойындағы табиғи қабілет пен сахнаға деген қызығушылығы көптің назарын аударып үлгерген. Бұл туралы театр режиссері Фаруза Рахметова да жылы пікір білдірді.

 

 

– Иә, Ахмедияр бізге алғаш келген сәттен-ақ оның көзінен таланттың ұшқыны байқалды. Ата-анасын бұрыннан танитын едім. Кейін бұл баланың кинода рөл ойнағанын естіп, театрға шақырттық. Оның образға беріліп ойнауы, мәтінді тез жаттауы және айтқанды жылдам қабылдауы бізге қатты ұнады. Сахнаға икемі бар, болашағынан үміт күттіретін бала,-дейді ол бізбен болған әңгімесінде.

Осындай өнерге құштар, талапты балалардың жетістігі – ауыл мәдениетінің де мерейін үстем ететіні анық. Жас болса да өнерге деген сүйіспеншілігімен ерекшеленіп жүрген Ахмедияр сынды өрендердің болашағынан үлкен үміт күтуге болады.                                                        

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT