ӨНЕРІ ӨРІСТІ ТҰЩЫҚҰДЫҚ

Аудан орталығында өнер мен мәдениетті ұлықтаған дәстүрлі сазды әуен кеші жалғасын табуда. Аптаның әр бейсенбісінде ауылдық округтер өнерпаздарының басын қосатын тағылымды шара бұл жолы өнері өрістеген, талай талантты түлеткен Тұщықұдық ауылының өнерпаздарының тізгінінде болды. 

Тұщықұдықты өнерпаздар шоғыры қалыптасқан ауыл десек, артық айтқандық емес. Өйткені бұл қасиетті топырақтан елге танылған талай талант түлеп ұшқан. Ауылдың өнерге деген ықыласы мен мәдениетке деген құрметі мерекелік кеш барысында тағы бір мәрте айқын көрінді.
Сахна шымылдығы Бермағанбетовтер жанұялық ансамблінің орындауындағы «Туған жер» әнімен түрілді. Әннің әуенімен ауылдық округ әкімі бастаған өнерпаздар сахнаға көтеріліп, көпшілікпен амандасты.  Кеш барысында аудан әкімі Нұрым Мусин сөз алып, ауыл жұртшылығын мерекелік шарамен құттықтады. Өнерлі ауылдың бұл кеші жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірген аудан әкімі ауыл мәдениетінің өркендеуіне үлес қосып жүрген өнерпаздардың еңбегін атап өтіп, округ әкіміне Алғыс хат табыстады.


Кеш көрерменге ауыл тарихы мен мәдени өмірінен сыр шертетін бейнероликтің көрсетілуімен жалғасты. Туған өлкенің өткені мен бүгінін сабақтастырған бейнематериал ауыл жұртшылығының жүрегіне жылы сезім ұялатты. 


Бізбен әңгімелескен ауыл тұрғыны Нұргүл Кенжалиева сазды кештен алған әсерімен бөлісіп, өз ризашылығын білдірді.
-Бұл кеш біз үшін ерекше әсерлі болды. Ауылымыздың өнерпаздары бір сахнада бас қосып, өз өнерлерін елге ұсынғанына қуаныштымыз. Әсіресе жас өнерпаздардың домбыра тартып, ән салып, ұлттық өнерімізді дәріптегені көңілге жылу сыйлады. Осындай тағылымды шаралар ауыл тұрғындарының бірлігін арттырып, жастардың өнерге деген қызығушылығын оятады. Туған жердің өнерін, салт-дәстүрін дәріптейтін мұндай кештер жиі ұйымдастырылса екен,-дейді ол өз сөзінде.


Осылайша «Өнерім саған, туған ел» атты концерттік бағдарлама өз мәресіне жетіп, көрерменнің ыстық қошеметіне бөленді. Тұщықұдықтың өнерпаздары туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілігін әнмен өрнектеп, күймен жеткізді.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT